» » Жетісу жастарына гранттар табысталды

Жетісу жастарына гранттар табысталды

Бүгін Алматы облысының жас өкілі Мағжан Ысқақов голландиялық əдіспен жасалған биологиялық жемнің маңызы туралы жобасын əзірлегені үшін 2 млн. 600 мың теңгеге, жас ағашты тамырландыратын құнарлы қондырғы жасау жобасы үшін Берліғожа Жігер 800 мың теңгеге, электр үнемдегіш электр пеші жобасын дайындаған Шыңғыс Нұрғожаев 700 мың теңге грантқа ие болды. Марапатталғандар арасында жетісулық жастардың қымыз өндірісіне, тоспа суды тазартуға қатысты жобалары да бар. Бұл туралы бүгін Алматы облысының əкімі Амандық Баталовтың өңір жастарымен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Baq.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс əкімдігі бес жылдан бері жастар арасында «VIP» ғылыми жобаларының байқауын өткізіп келеді. Байқаудың мақсаты – жастарды инновациялық жобалар дайындауға тарту, жас ғалымдарды ынталандыру, əлеуметтік маңызы зор озық жобаларға қолдау көрсету. Бұл байқау биыл да жалғасын тауып, жеңімпаз атанған бес жас ғалымға гранттар Талғар ауданындағы «Лесная сказка» туристік кешенінде өткен кездесуде табысталды.

Кездесуге жүзге жуық жас қатысты. Шақырылғандар қатарында жас ғалымдар, спорт өкілдері, жас депутаттар, көп балалы жас отбасылар, «Жас отау» байқауының жеңімпаздары, жас кәсіпкерлер және басқа да белсенді жастар бар.


Жастармен еркін пікір алмасқан облыс əкімі А. Баталов өңірдің басым бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сонымен қатар өз сөзінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысына тоқталып, «Жұмыспен қамту¬ жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ», «Серпін - 2050», «Жасыл ел» жобалары жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отырғанын айтты.


- Мемлекет басшысы жастар мəселесіне ерекше назар аударады. Біздің алдымызға қойып отырған үлкен міндеттердің бірі де – осы жастар саясатын нəтижелі жүзеге асыру. Жас өркеннің оқуына, жұмыс істеуіне жағдай жасау, бастамаларын қолдау, бағыт көрсету – біздің парызымыз. Бүгінгі кездесуде өздеріңмен еркін əңгімелесіп, ой бөліссек деген ниеттемін. Араларыңда ел есімін ерекше мақтанышпен айтатын мықты жастар көп. Сендердің тың ойларың, жалын жүректерің, жігерлі істерің мемлекетіміз үшін аса қажет, - деді А. Баталов.


Бұдан əрі əлеуметтік-экономикалық даму мəселелерімен қатар жастардың мамандық таңдау, бала тəрбиесі секілді еркін тақырыптағы сауалдарына жауап берді. Жастар тарапынан ауылдық жерлерде аула клубтарын дамыту, облыс орталығында мюзикл театрын құру сияқты бірқатар ұсыныстар айтылып, ұсыныстар қолдау тапты.

Кездесу соңында А. Баталов жастармен бірге əн салып, естелік суретке түсті. Сөзінің қорытындысында облыс басшысы əрдайым белсенді жастарға қолдау көрсетіп, маргиналды жастарды қоғамдық ортаға тартуға жағдай жасайтындығын айтты. Жəне осындай кездесуді жыл сайын дəстүрлі түрде өткізу ұйғарылып, келесі жүздесу Талдықорған өңіріндегі Қора шатқалында, Бұрханбұлақ сарқырамасы маңында ұйымдастырылады деп жоспарланды. Кездесуден кейін жастар командалары арасында волейболдан жолдастық кездесу өткізілді.


Жалпы Алматы облысында 4 мыңнан астам жас бар, яғни олар халықтың үштен бір бөлігін құрап отыр. Осыдан үш жыл бұрын облыстық жастар саясаты басқармасының бюджеті 70 млн. теңге көлемінде болса, биыл бұл көрсеткіш 550 млн. теңгеге жетті. Осы жылы жастардың əлеуметтік маңызды жобаларының байқауына 31 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ Халықаралық қайта жаңғырту жəне даму банкі мен ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің жастар корпусын дамыту бірлескен жобасын жүзеге асыру шеңберінде облыс жастарының 233 жобасы грант ұтып алды.


25 шілде 2017 г. 56 534 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 11 659 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031