«Атадан туған аруақты ер!»
Жумагалиева Алмагул Илиясовна, Атчибаева Жанаргул Ерсайыновна,
Темесова Айнұр Қайыргалиевна
Жалпы білім беретін №40 Зейнолла Қабдолов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері
Атырау облысы, Атырау қаласы
«Атадан туған аруақты ер!»
Шараның мақсаты
- ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырларымен халықты күреске шақырған Махамбеттің ақындық дарынын өлеңдері арқылы оқушыларға танытылады, өлеңмен ой түйіп, халық санасын оятуға күш салған ерекше қасиетін оқушы бойына дарыту көзделеді
- Өмірі мен өлеңдерінің ерекшелігін аша отырып, күйлері, термелері жөнінде түсінік алады
- Өршіл жырлары арқылы ерлікті ту еткен Махамбеттің ерлігін, айбарлы да айбатты жырларын қастерлеуге үйренеді
Шара түрі: әдеби – сазды бағдарлама
Сабақтың көрнекілігі:
Интерактивті тақта, слайдтар, видео, үнтаспаға жазылған күй, батырлардың киімдері, қару-жарақтар, көрініске қажетті үй жабдықтары, қанатты сөздер
Нұрлы «Әлқисса»күйі тартылып тұрады
Гаухар
Махамбет
Махамбет...
Білмеймін жел ме, сел ме?
Жырда онымен бір тұлға теңесер ме?
Әділетсіз дүниенің қабырғасын
Махамбетше сөгер жан кездесер ме?
Аида
Қайырлы күн болсын, құрметті бүгінгі әдеби – сазды бағдарламамыздың қонақтары, Ұстаздар, оқушылар!
Бүгін біз Сіздермен бірге алдаспан сөз иесі, намыстың наркескені Махамбет бабамыздың ақындық дарыны, күрескерлігі, айтулы күйшілігі жайында әңгімелеп, өмірінің соңғы сәттерінен ой қозғамақпыз.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов Махамбеттің ақындық құдіретін жоғары бағалай келіп, былай деп жазды:«… Махамбет бұрынғы, соңғы қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі деп саналуға тиіс. Махамбет жырлары өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман - талабы». Бұл ақынымыздың шығармашылығына берілген әділ баға деп білуіміз керек. Жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың інжу - маржанын ұрпағына мұра еткен Махамбет – ерлік пен намыстың ақыны. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың жалғасы. Махамбет – сан ғасырлар бойғы тәуелсіздікке ұмтылған бабалар рухының нақты көрінісі.
Олай болса, шарамызды бастамас бұрын сөз кезегін жоба жетекшілеріне берелік
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанаргүл Ерсайынқызы ортаға шақырылады
№ 1 слайд «Күреспен өткен ғұмыр»
Интерактивті тақтадан Махамбет Өтемісұлы жөнінде деректі фильм көрсетіліп жатады.
Гаухар
Қазақ халқы талай қиын кезеңді басынан кешірді. Елін, жерін көзінің қарашығындай қорғаған, оның мүддесі үшін қабырғасы қайысып, қасық қаны қалғанша қорған болуды мақсат еткен дара – тұлға батырлары болған. Олар сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Міне, осындай көрнекті өкілдердің бірі - Махамбет Өтемісұлы. Ол - тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кең пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Махамбет Нарын өлкесінде өмір сүріп, «қара қазан, сары бала қамы үшін» ашық қимылға шыққан, халықты соңына ерте білген. Ол ерлікті, өрлікті өзі ғана жасамай, бүкіл поэзиясына ерлікті ту етті, және оны кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп қалдырды.
Сөз кезегін оқушыларымызға берелік
Әмірхан 7 «Ә» сыныбы оқушысы
Махамбет Өтемісұлы 1846 жылы Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы. Отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ жыршысы
Арлан (оқушы Махамбет рөлінде ортаға шығады, өлеңді оқып ортадан өтіп кетеді)
Менің атым – Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса - дерт.
Атасы өткен Айшуақ
Соны көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой
Көрініс:
Сарайда отырған Жәңгір хан. Айналасында Баймағамбет сұлтан, сарайдың билері, уәзірлері, (Дархан, Әділхан, Ануар,Аңсар,Ұлан,Әмірхан)
Жәңгір хан:
-Махамбетті шақыртыңдар (шақырылады,есіктен кірген ақынға қарап)
- Ау, Махамбет! Арамыздан шыққан от ауызды, орақ тілді ақын емессің бе? Жырла, мені мақтап мына жұртқа.
Махамбет:
- Айтсам айтармын, хан Жәңгір, жұртқа жасаған ісінді. Қарапайым халықтың ақысын жеп, табаныңа таптамадың ба мына жұртты?
Сен!
Хан емессің қасқырсың,
Қас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның келіп басқа ұрсын.
-Хан емессің аянсың,
Айыр құйрық шаянсың.
Жәңгір хан:
- Тоқтат! Жетеді енді.(орнынан тұрып кетеді, Махамбетті арқаға қағып)
-бұлай сөйлемесең, сен Махамбет боларсың ба, оны мен көтермесем, Жәңгір хан болармын ба? (бірге сахнадан шығып кетеді)
№2 слайд «Махамбет – дауылпаз ақын!»
Оқушылар кезекпен ортаға шығып, ақын өлеңдерін оқиды
6 – сынып оқушылары
7 - сынып оқушылары
Сабина
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.
Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға
Қас үлектен туған катепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге туып өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа үндеді.
Нұрлы
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы өршіл жырлары болды. Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады.
Махамбет күйлері туралы (ойналып тұрады)
Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.«Исатайдың Ақтабаны - ай» баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс хәлінен зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап - сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі.
Іңкәр
Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, ұстамды!Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына «Жұмыр, Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Жұмыр, Қылышты» Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыққа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбірлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, «Қайран Нарын» Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасына айналдырған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кес-кесте ұрыс тақырыбына арналған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді.
«Әке үкімі» Мұхтар Шаханов
Ортада Ануар, Аңсар, Нұрлы (үй іші, төрде отырған әке,жалпы көрініске дайындалған орын)
Шомбал жігіт кіріп келді ентелеп,
- Әке, — деді ол кірген бойда,
- Әке,—деді еркелеп, —
Жүруші едің маған ылғи өкпелі,
Кеюші едің
Мал болмайсың деп мені.
Сол сөзіңді, сірә, қайтып аласың-ау шамасы.
Аты шулы Баймағанбет сұлтанның
Маған берген сыйлығына қарашы!
Төрде отырған әкесінің алдына,
Маң-маң басып барды да,
Алтын жіппен әдіптелген жағасы
Сұр ішікті тастай салды баласы.
- Иә, сөйле,—деді әкесі, —
Қандай ерлік көрсеттің,
Екі ай бойы, қане, қайда жол шектің?
Баласы айтты:
- Топ бастадық төрт адам.
Махамбеттің жақыны
Ықыласты үгіттеп,
Мақтап, қағып арқаға
Қосып алдық ортаға.
Бұл - түгелдей мына ұлыңның ақылы.
Еркін жетер әңгіме ол бір таңға.
Қапысызда қармақ салып,
Махамбетті алдап соғып,
Басын кесіп, сыйға тарттық сұлтанға.
- Ой,залым-ай,
Жүзіқара залым-ай,
Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай.
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,
Бұдан өткен зор қасірет болар ма, —
Деп әкесі жас үйірді жанарға.
- Қабағыңды жаба қалды неге мұң,
Әке, сенің қай сөзіңе сенемін,
Есіңде ме,
Менің бала күнімде
Махамбетті жек көремін дегенің?
- Рас, ұлым, айтылған сөз оқпен тең,
Бір кезде мен Махамбетті жек көргем.
Әлде, кемшіл шағым ба еді ол ақылға?!
Пенделік қой салған мені тақымға.
Оған себеп -
Сенің анаң жасынан -
Ғашық болған сол Махамбет ақынға.
Азаппенен атса да асау таңдарым,
Қайрағам жоқ қызғаныштың қанжарын.
Іштен тынып жүре бердім төзген боп,
Өзін шексіз құлай сүйген жан барын
Қайран ақын сезген жоқ.
Анаң марқұм ол дегенде от жалындап көзінен,
Тамсанатын
Нақ бір бақыт табардай әр сөзінен,
Ұлы ақынға деген іңкәр сезімін
Көрге бірге ала кетті ол өзімен.
Әттең, біздің сор маңдайлы Жайықта
Ерлер аз ғой бара алатын байыпқа.
Тым кеш ұқтым,
Махамбеттей батырға
Бүкіл қазақ ғашық болса айып па?!
Құдіретті шындығынан танбаған,
Парасатын ізгілікке жалғаған
Ақын деген киелі аққу самғаған.
Ал, ендеше, аққуды атқан пендені
Қай атаңнан көріп едің, оңбаған?
Бұл салада сен бірінші адамсың,
Адам емес, Ең бірінші надансың,
Ел дәстүрін, Ер дәстүрін қорлаған.
Нақ мынадай қасиетсіз оқиға
Бұрын қазақ топырағында болмаған.
Қандай қиын кезеңде де Туған ел
Ақындарын жанын салып қорғаған.
Түсінбедім,
Армандап ең нені, ұлым?
Ертең сені қойып желдің өтіне,
ЬІзалы ұрпақ түкіреді бетіңе.
Сол қорлықтан құтқарайын сені, ұлым!
Жөне ол зар оңайлықпен тыйылмас,
Қанымыз бір,
Жолымыз да шиырлас.
Енді сенің кесіріңнен Маған да
Туған жердің топырағы бұйырмас.
Жә, не қайыр, налы мейлі, налыма,
Сорлы балам, Туыпсың-ау сорыма.
Өзің түстің өзің қазған орыңа.
Кеттік кәне, Ішігіңді ал қолыңа!
Ұясына күн тұр еді батқалы.
Түксиеді меңіреу құм шатқалы.
Олар үлкен қара жолға түсіп ап
Бір төбенің қасына кеп тоқтады.
- Мынау төбе саған соңғы шығар шың
Болатынын ұғарсың.
Сен, әрине, құралайды көзге атқан,
Атқан оғын маздатқан
Менің мерген екенімді ұмытпаған шығарсың?
Деді әкесі құлазып нар көңілі. Дір-дір етіп:
- Ұмытқам жоқ,- деді ұлы.
- Балам, үміт- қызығымның өлшемі Өзің едің,
Қайғым болдың еңселі.
Басына шық, кәне, мына төбенің,
Осы арада қалдырамын мен сені.
Қараладың қасиетті мекенді,
Жараладың тұрмастай ғып әкеңді,
Мына жолмен өткен жұрттың аузынан
Махамбеттің жырын тыңдап жат енді.
Мүмкін, сонда ұғынарсың қатеңді.
Кім аяққа басса заңын даланың –
Ұмытқаны қатал тарих сабағын.
Кешір мені,
Таусылды бар амалым.
Дала заңы - баба заңы, қарағым, -
Деп әкесі қолына алды садағын...
(ортаға Махамбет рөліндегі оқушы Арлан шығады)
«Махамбеттің соңғы сөзі»
Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат,
Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап,
Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ.
Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап,
Бара жатты атамекен Ақжайықты жағалап,
Жүрегімнен аққан қанға боялыпты бар алап.
Жә, бұл түсім тегін емес, мына сойқан заманда
Тіршілікпен қоштасар сәт жетті-ау деймін маған да.
Қоштасар сәт жетті-ау деймін, туған елім, еңселім,
Бостандыққа шақырып ем,
Сенің заңғар ақылың ем,
Едім әрі өлшемін..
Жан ашырың, жақының ем,
Және қайсар ақының ем мен сенің.
Жұлдыздай боп жанар алдан
Ақындықта елден ерек басқа заң.
Батырлығы жоқ адамнан
Үлкен ақын шыққан емес ешқашан.
Туған елім — арман, мұңым,
Енді сені жетелейді жол қалай?
Менің бассыз қалғандығым
Сенің бассыз қалғандығың болмағай!
Иә, шындықтың ащы даңқы,
Шындық үшін жалғыз түстім егеске.
Ақындықтың басты шарты —
Басты алса, да шындықты айту емес пе?
Өлімге сан жақын бардым,
Қорғансыз боп көрінсем де жай көзге.
Шындықты айтқан ақындардың,
Бірақ жолы болып еді қай кезде?
Көрде де енді сен жайлы ойға батамын
Бұл іңкәрлік созылады қаншаға?
Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын,
Оның тартар азабы да соншама.
Мен сенемін, күні ертең
Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем.
Күліп жайсаң күн ғажайып
Ел наласы тарқар деп.
Ақымақтар күрт азайып,
Сұмдар қорқақ тартар деп.
Мен сенемін, күні ертең
Пенделіктен тазарар деп ұлы өлкем.
Жә, қашанғы баққа зорлық мінгеспек?
Сенем, ертең оттыға отсыз күлмес деп.
Тек тұлпарлар ғана алатын бас бәйгі
Есектердің мойынында жүрмес деп.
Мен сенемін, күні ертең
Ақыл-ойды пір тұтар деп ұлы өлкем,
Мына дәурен бұрқан-тарқан
Ертең қайта өзгерер.
Ақындарың сұлтандардан
Артық сыйлар кез келер.
Қадір тұтам қиялдауды
Ертең талғам өзгерер.
Шындап құлай сүйе алмауды
Қылмыс санар кез келер.
Туған елім,
Құдіретімсің аңсаған.
Алдан жарқын күн шыққанша,
Кескініңді көрмейінші шаршаған.
Пасық ойлар тұншыққанша,
Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша,
Жер астынан қарап жатам мен саған.
«Қызғыш құс» (өлеңін оқып, әрлі-берлі жүреді)
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаны мен едім.
Мен де айрылдым елімнен;
Көл қорғаны сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған -
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып - айтпай немене,
Құсарлықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні!
Көрініс.
Қаройдағы Махамбет шаңырағы
Махамбет батыр әлденеге алабұртып, алаңдаулы, алабұртқан күйде үй сыртында тұр
Әйелі Әуес:
– Байғұс-ау, саған не болған? Шайың және де суып қалды ғой, – деді Әуес.
Махамбет (өз өзінен) - «Ау, шынында да, маған не көрінді?!» – дейді дегбірсізденіп.
-«Қой, үйге кірейін»
– Нұрсұлтан, атқа мініп қыраңға шығып келші. Ықылас неғып кешікті? – деді.
-Нұрсұлтан тасырлата жөнелді.
Махамбет:- Ықылас неге кешікті екен, а?:«Мақа, сізді қалың ел қорғаштауда. Келер жолы сенімді кісілерді ерте келмекпін» – деген еді.
- Қой, мүмкін емес, (батыр ширығып, жұдырығын түйіп, орнынан тұрып кетеді)
– Нұрсұлтан кешікті-ау! – деді Мақамбет.
Әуес
– Жалғыз өзін неге жібердің?
Махамбет
– Екеумізден туған бала болса, қолға түсе қоймас
Әуес
– Түнде түсімнен шошыдым
Махамбет
– Түс– түлкінің боғы
Әуес: «Балаңның артынан барсайшы» дей жаздап, іркіліп қалды.
Мақамбет ішінен «Өмір шіркін қалайша тез өтіп кеткен!»
Автор: Отбасының игілігінде, ошақ бұтының қызығында Мақамбеттің Әуеске өкпесі жоқ, тағдырға өкпесі бар. Сақалы шығып жат болған тұңғыш ұлы Жәңгір ханмен соғыста оққа ұшты. Ортаншы ұлы Баймағамбет сұлтанмен шайқаста жарадар боп өлді. Иіс алмасы Нұрсұлтан. Түйе бағудан аса алмай жүрген ұланы. Әуестің отыз жеті жасында тапқан баласының кім болары әзір белгісіз; Мақамбет бестегі бөбегінің ұйықтайтынынан ғана дәметеді. Жалғыздықта өскен сәбидің мінезін өзге балалармен салыстырарлық заман Мақамбеттің басында жоқ.
Махамбет( ауыр күрсінеді.) Арыстан ұлдарын жоқтап, ішінен жыламсырады) қайран арыстарым – ай!
Әуес(күйеуінің қара торы дидары мұңға толып, таусылып отырғанын анық-ақ аңғарды. Өзі де күрсініп еді, көзінің жасы бірге шықты.) Жаулығының ұшымен сүртіп жатып:
– Қарақтарым бір аунап түсті-ау!
(Махамбеттің де көзіне жасы тығылып қалды. Өзін де, жұбайын да аяп, сыртқа шығуға ыңғайланғанда),
Әуес сыры қашқан зеренмен сусын ұсынды.
Махамбет
– Тәбетім тартпайды. Өзің іш
(Шәлкем-шалыс ойдан, белгісіз өкініштің уытынан Мақамбеттің басы қайтадан мең-зең бола бастады. Түкті қабағын қарс жауып, басын ұстап, отырып қалды. Нұрсұлтан шаңқай түсте оралды. Кешіккен себебін өзі түсіндіріп өтті.)
Нұрсұлтан
– Бозадырдан жылқы кісінегендей боп еді. Барсам, жым-жылас. Бірақ жас тезектен секем алып, белгілі саяңдарды сүзіп шықтым.
Махамбет: (күбірлеп)«Балам да бірдеңе біледі екен ғой!»
– Ізін бағдарласаң нетті.
Нұрсұлтан
– Тастақтан ажырата алмадым.
Махамбет:
-Дөңдер асатын жолаушы суыт жүрмейді: – уақыт әлі ерте. Баймағамбеттің тыңшылары болса, жалғыз аттыдан қашпайды. Қайта, «қанды басың бері тарт!» деп бекініс құрады. «Шамасы, зыта жөнелген жаман ұры шығар», –(Үйде байыз таппай, сыртқа шықты)
Махамбет өз – өзімен сөйлесіп: «Мен мұндамын!» деп атой салып
«Сенің қайратың тіліңде. Менсіз сайра, менсіз зарла!»
«Мен екі өле алман!»
Әуес:
– Байғұс-ау, атой салып, саған не көрінді?
Махамбет, ұйқыдан оянғандай жан-жағына қарады, бетін уқалап, артына қарады:
Әуес:
– Үйге кір
Махамбет:
– Ат таңасырғым кеп тұр
Әуес(шошынып)
– Шаңқай түсте ат таңасыра ма екен.
(Махамбет бүркіттей түйіліп, аспанға қарады.)
(Үйіне келгесін екі құс жастықты шынтақтап қисайды. Дағдыдан тыс ерте тұрған ол көзінің шырымын алмақ еді. Бірақ мызғи алмады. Ақырында, екі жамбасына кезек аунап, түндегідей дөңбекшуді шығарды.)
Нұрсұлтан
– Көке, қыраттан бес-алты кісі құлады
Махамбет:
– Қарулы кісілер ме?
Нұрсұлтан
– Қарусыз.
Махамбет
– Е, онда, Ықыластар шығар. Дегенмен, атты жылдам әкеле ғой.
(Нұрсұлтан жүгіре жөнелді.)
(Махамбет қанжарын байлап, тысқа шықты. Боз шекпенін желегей жамылған. Денесінде болмашы діріл барын байқады.)
(Келгендер алыстан Нұрсұлтанмен амандасып, күліп қол алысып,баланың арқасынан қақты)
Махамбет (іштей)
«Е, тәйірі, бауырларым екен ғой!»
(Әуес баласын құшақтап,келе жатырғандарға үрейлене қарап қалады)
Махамбет
– Немене, бала құшақтап, қалшия қалғаның. Көрпе төсе! – деді.
Әуес
– Бесінде моладан қайтқан сүйекшідей мимырт жүрістерін ұнатпай тұрмын, – (баласын қайта құшақтап.)
Махамбет:
"Келе жатқандар – досың; жоқ, досың емес – жауың!"
– Дос болса, құба-құп. Жау болса, саған серт! ( қара қанжарын жамбасқа қысып қойды.)
Келгендер:
Жамырай сәлемдесті. Ықыластың өзі Әуестің құшағындағы баласын иіскеді. Махамбет
«Шіркін, бауырлық-ай!»
(Конақтар үйге кіреді)
Әуес баласына
– Үй айналма. Жаман болады.
(Бұл ырымнан Мақамбет қайта күдіктенді.)
- «Ықылас ит бүгін неғып бауырмал бола қалды?» күбірлеп
(Бәрі тым-тырыс бір біріне қарап отырып қалады)
(Махамбет Ықыластың бетіне қарады
Ықылас:
– Берісі бүкіл Беріш дуалы аузына қарайтын биекеңнің өзін қолқаладым
– Махамбет, сырттап жүріп сен түк білмейсің. Сен үшін біз не көрмедік. Енді ақыл қосысуға келсек, аузыңды бұртитасың.
(Мақамбетті әлі де үнсіз отыр. Әуес самауырдың төңірегіндегі күйбеңмен жүр. Нұрсұлтан әкесіне қарама-қарсы бір тізерлеп отыр.)
Жаңаберген
– Сөйлескің келмесе, кетейік. Жапанда жалғыз үй отырып, қалың ағайынды менсінбейтін шығарсың?
Махамбет:
– Төлепберген неге келмеді?
Жаңаберген (сақалын тарамдап)
– Биге сенбей, қаңғыбас домбырашыға сенсең, күні ертең жалғыз өзін жіберейін. Он екі ата Байұлының тағдырын екеуің шеш!
(Махамбет маңдайын сипап)
– Қатар өскен ит қой. Сағынып едім.
(Сөздің шынылығына, биязы үннің жұғымдылығына Жаңабергеннің көңілі босады. Орамалымен көзін)сүртіп
-Ол елу жылда ел жаңарды, Заман тарылды «Біздің қатарымыз – қарашаның ағашындай селдір» «Исатай сабаздың орнын басам деген кісіміз жынды сауықшыны іздейді» «Сенің қатең – ауыл ағаларын, ру басыларын менсінбеу» «Жасы ұлғайған адамның елшіл боларынан бейхабарсың»
– Махамбет қарағым. Төрімнен көрім жуық қалғанда, сенің сүйегіңе түскелі келгем жоқ. Бәтуа байласуға келдім
(Махамбет қасынан баласын тұрғызып жіберді)
– Нендей бәтуа
Жаңаберген сабырлы қалпын бұзбай
– Ел ағалары ұшып-қонбай, жата-жастана кеңесер болар. Шекпеніңді сыпыр, белдігіңді шеш. Қанжарыңмен үрейімізді алма.
Махамбет
– Жақа, жанға сенгізбей қойған заман шұнақ қой. Менің бар жазығым – осы отырған қаракөздерді ел қылмақта еді. Әлі де менің жүрегім қаракөздер үшін сыздайды, (Мақамбет орнынан қарғып тұрды. Шекпенін сыпырып тастап, сарыжолақ қынды қара қанжарын қызыл керегенің басына ілді)
Қонақтар түгел жадырасып, «бәрекелдеге!» десті
Көп ұзамай ет те келіп қалды.
Ет жеп отырып. Ықылас
– Қайран Мақамның қара шағырағы-ай! Құт қой, құт қой!
Жаңаберген шамданды.
-«Қашқын күйіндегісі осы. Ертең қалың Байұлының ішіне кірсе, жұрт бұны пір тұтады ғой!»
(Жаңаберген Исатайға бағыштап кұран оқыды кідіріп қалады.)
(Махамбет қақырынып қалды)
(Жаңаберген жақтырмай алая қарайды)
– Махамбет қарағым, сонымен, не істемек ләзім?
Махамбет
– Дұғадан, батадан Баймағамбет сұлтанның аузы- басы қисаймайды. Тасаттық азаттық әкелмейді. Қару жию керек. Еркек кіндікті атқа қондыру керек. Сіз-ақ бастаңыз. Мен – қоштайын.
(Жаңаберген Ықыластың бетіне қарады. Ықылас саусағын сыртылдатып:)
– Еркек кіндікті Жайықтан өткізе алсақ...
Махамбет қайта саңқылдады
– Серкесі болсаң, өтеді. Ал, егер, сасық текедей бақылдап, көткеншектесең, құрдымға кім түседі?
(Көз ілеспес қимылмен
– Е, иттің баласыыы ( Мақамбеттің үстіне қона түсті)
( Малдас құрып отырған Мақамбет жығылмады. Бір тізелеп түрегеле беріп, басымен Ықыласты бұқаша сүзіп жіберді.)
Ықылас: «ах!» ( аузын басып қалды).
(Осы уақытта Мақамбетке төрт адам жабылып үлгерген. Екеуі екі қолын қайыра бастады.)
Махамбет құрыққа ілінген құландай:
– Бала-шағадан аулақ! ( жанұшыра бұлқынып, төрт адамды сүйрете-мүйрете тысқа шыға бергенде, табалдырыққа сүрініп, етпетінен құлады.)
(Махамбет жауған жұдырықты елемей, бар күшін жиып, етпеттей күжірейіп, жендеттерді сауырдан төге берді. Олар қайта жармасып, шықшыттап, батырдың тынысын тарылтуға күш салды. Мақамбеттің теңдессіз үлкен жүрегі тынымсыз дүрсіл қағумен болды. Жаралы арыстанның ыңыранғанындай, тұншыққан домалақ дүрсілден Ықыластың үрейі ұшты. Ол қазықтың қасында жатқан тоқпақпен Мақамбеттің басына ұрды.)
Махамбет ақтық рет «Әуес!» ( сылқ түсіп, сұлап қалды.)
(Жендеттің бірі Мақамбеттің қатын-баласын сыртқа шығармай, қара қанжармен жасқап тұрған. Әкесінің ақтық арызын естігенде, Нұрсұлтан оқжыландай атылып, жараланып қалды).
-«Қайран халқым!»
(Жантәсілім қыларда, қанталаған қой көзін кең ашты.)
Жаңабергендер шідерлі аттарына келе жатты. Түстері өрт сөндіргендей әлем-тапырық.
Тісі опырылып қалған ЬІқылас маңқадай мыңқылдап:
– Жақа, боталы түйені сіз жетектеңіз!
Жаңаберген
– Бүлінгеннен бүлдіргі алман! Менің ісім бітті!..
– Е, немене, қолыңдағы бастың бодауы аздық қыла ма. Жетімектеріне қалдырсаң нетті.
Ықылас
-Сұлтанның әмірі осылай, биеке!
(Әуес күйеуін құшақтап, қыздай сыңсыды. Нұрсұлтан етпеттеп еңіреді. Жас бала шырылдап, үй айнала берді. Үй маңынан бота боздады. Өрістен енесі аңырады. Түйе қызыл изенді қыдыра шалуын доғарды. Қараойдың үстінде көңқарға мен қызғыш ұшып жүрді.дыбысталады)
Нұрай
Махамбеттің рухы сөйлегенде
Батырдың сүйегі бұрын жерленіп,
басын кейін апарып асығыс көме салған.
Сөйтіп, басы кеудесінен жарты метр жоғары
қойылған. Біз қайдан білейік, аңыз солай дейді.
Өзім қажып жүргенде, атым арып,
Ажалыма тұрдым ба жақын барып.
Аңғалдығым түбіме жетті ақыры,
Сорладым-ау, қайтейін, қапы қалып.
Жұмыр Басы қапыда кесілгенде,
Не істесін көз жұмған есіл пенде?
Бүйтіп ажал құшпас ем,
Ел алдында
Менің қилы тағдырым шешілгенде…
Жұрттың жыр боп жатталып көңілінде,
Енді аңызға айналар өлімім де.
Мені жоқтап бір кие жүреді ылғи
Нарын құмның құнарлы өңірінде.
Мен өлмеймін,
Ендеше мен өлмеймін,
Рухым жайлы жазылып өлең кейін, –
Замандардан заманға көшіп және
Биіктерден биікке мен өрлеймін.
Сақ-сақ күліп өмірге мен келгенде,
Ойлағам жоқ өлем деп сергелдеңде.
Жұмыр Басым жоғары жатқан жоқ па,
Өзге түгіл өзімнің кеудемнен де.
Сілтенбесін ажалдың кімге орағы,
Қай адам да өмірдің бір қонағы.
Қапылыста кесілген Жұмыр Басым,
Кесілмеген бастардан тұр жоғары!
Айғаным
Жақын тұтты адамдықты, шындықты,
Бойын үрей билемеді, ол-мықты.
Ел-жұртына бола білді жанашыр,
Таптатпады жауға ар мен намысты.
Елі үшін жанын қиды аянбай,
Халқы үшін өзін тыныш қоя алмай.
Исатаймен бастап жүрді қалың қол,
Болашағын ел-жұртының алаңдай.
Елін сүйген, елі сүйген нар тұлға,
Жанын салып жыр жазатын нұр тұлға.
Алтын күннің жарқыраған сәулесі,
Қорған болған ағайынға, жұртына.
Өтемістің ұрпағы ер Махамбет,
Қайсарлығын өр жанның мол үлгі ет.
Ақиқатты ұран қып, ел қорғайтын,
Жастарымның болғаны бір ғанибет.
Қыран бүркіт самғар қазақ көгінде,
Орны берік қазағымның төрінде.
Батыр, ақын, дарынды ер Махамбет
Ұмытылмас мәңгі туған елінде.
Нұрлы «Күй»
Махамбет «Күй»
Аида
Ақыры жетті күн бүгін,
Ақырып теңдік сұраған.
Түнектің түріп түндігін,
Ат міндің сұлу құладан.
Парызың бүгін өтелген,
Әр ізің жатыр жаңғырып.
Азаттық туын көтерген,
Ақынның жыры мәңгілік!- дей келе, бүгінгі әдеби – сазды бағдарламамызды аяқтай келе, қорытынды сөз кезегін Алмагүл Ілиясқызы мен Айнұр Қайырғалиқызына жолдаймыз
Мұғалім сөзі
Шараға қатысқан оқушыларды марапаттау