» » Шығармашылық жұмыстың бір түрі – фанфик жазу

Шығармашылық жұмыстың бір түрі – фанфик жазу

Креативтілік - (латынша creatio) - жасау, адамның шығармашылық дарын деңгейі, шығармашылық қабілеті.

Креативтілік - тұлғаның стандартты емес шешімдер қабылдаудағы терең қасиеттерін көрсететін қабілеті.

Философия мен психологияда «креативтілік» категориясын зерттеу мен анықтауда төрт негізгі бағыт айқындалды:

  • Креативтілік-шығармашылық процесс;
  • Креативтілік - жаңаны құрумен байланысты әрекет нәтижесі, шығармашылық өнім;
  • Креативтілік - интеллектуалдық немесе шығармашылық қабілет;
  • Креативтілік - тұлғалық категория, мінез-құлық ерекшелігі. Тұлғаның

креативтілігін дамыту шығармашыл оқу-тәрбие процесін басқаруды шамалайды. Шығармашылық атмосфераны құру үшін шығармашылыққа жағымды жағдай туғызу керек. Көптеген ғалымдар әр баланың туа біткен шығармашылық мүмкіндіктері бар, ол креативтілікті дамыту тек шығармашылық әрекетте жүзеге асады деген пікірде. Демек, шығармашылық даралықты қалыптастыру әлеуметтік орта шарттарына тәуелді. Мектеп білім беру әдістерін қолданып, танымдық процесті ұйымдастыру тәсілдері арқылы баланың креативтілігін дамытуды ынталандырады. Тұлғаның креативтілігін дамытудың маңызды шарттарының бірі - қауіпсіз, комфортты психологиялық орта.

Оқушының шығармашылық қабілетін әдебиет сабағында қалай жүзеге асыруға болады? Мұғалім алдымен екі мәселеге көңіл бөлгені дұрыс:

  • Алға қойған мақсаты айқын, түсінікті болуы керек;
  • Нәтиже сараланып, оқушыны ынталандыру, тарту, көтермелеу, қызықтыру, мадақтау, мақтау, марапаттау болу керек.

 «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасында көркем мәтін, көркем шығарма бойынша дамытыла жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың келесі түрлері қарастырылған:

а) автор стиліне жақындап, еліктей отырып шығармашылық жұмыс жүргізу;

ә) көркем мәтін ішіне, авторлық идея, оқиға, кейіпкерлер табиғатына өзгеріс әкелмейтіндей «өз мәтінін» енгізу;

б) кейіпкерлердің мәтінінде жоқ монолог, диалогын жазғызу;

в) мәтіндегі кейіпкерлердің портретін өзі жасау, тура мінездеуді толықтыру;

е) автор шығармасынан басқа тың көркемдік шешім табу.

Мұғалім осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін төмендегі оқу мақсаттарына басымдылық берген дұрыс.  

Анализ және интерпретация


 6-сынып

 7-сынып

8-сынып

9-сынып

10-сынып

А/И4. Шығармашылық  жұмыс

6.А/И4. Көркем шығармадан алған әсерін сипаттап

жазу

7.А/И4. Шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын, кейіпкер бейнесін сипаттап жазу 

8.А/И4. Шығармадағы оқиға желісін өзіндік көзқарас тұрғысынан дамытып жазу

9.А/И4.Шығармадан алған үзінділерді қайта өңдеп

креативті жазу

10.А/И4. Автор стиліне сүйене отырып, шығармашылық жұмыс жазу

 

Орта буын оқушыларымен осы мақсатты жүзеге асыру үшін сипаттап жаз, дамытып жаз, шығармашылық жұмыс жаса деген іс-әрекеттерді қызықтырып қалай жүзеге асыруға болады? Осындай ізденістің нәтижесінің бірі – фанфик жазу.

Фанфик (Фанфикшн, Фанаттың әңгімесі) — шығармашылық жанрдың бір түрі. Оқыған шығарма немесе көрген кино желісі бойынша әсерін өзіндік тұрғыда дамытып жазу. Фанфик оқырманның оқып отырған сәттегі алған әсерін сипаттайды. Шығармашылықтың бұл түрі 70-жылдардың бас кезінде фанаттардың шығаратын әуесқой журналында жазыла бастады. Оның кеңінен таралуы - ғаламтор желісі. Автор бірден өз мәтінін сайтта жариялайды, сөйтіп бірден өз оқырманын табады.

Шығармашылықтың бұл түрін  «Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы  үлгілік оқу бағдарламасы бойынша А/И4 бөлімшесіндегі «Шығармашылық жұмыс» оқу мақсаттарын іске асыруға бағытталған сабақтар барсында қолдануға болады.

Фанфик  шығармашылық жұмыс түрін пайдаланып осы мақсаттарға қол жеткізу үшін төмендегідей жазылым тапсырмаларын ұйымдастыруға болады:

  • Шығармадан тыс қалған көрініс. Оқушыларға осы шығармада тағы қандай оқиға болуы мүмкін деген сұрақты қоя отырып, жаздырту.
  • Жалғастырып жазу. Шығарма кейіпкерлерінің  тағдыры әрі қарай қалай болуы мүмкін?
  • Фокусты ауыстыру. Шығармадағы қосалқы кейіпкер туралы жазу. Бұл кейіпкердің шығармадағы орны қандай? Ол бұл шығармада болмағанда оқиға желсі қалай болар еді?
  • Моральдық қайта бағдарлау. Жағымды кейіпкерді жағымсыз кейіпкер ретінде таныту немесе керісінше.
  • Жанрлық трансформация. Шығарманың бір сюжетін газеттік мақала, пьеса  түрінде ұсыну; комедиялық сюжетті трагедиялық сюжетке айналдыру немесе керісінше.
  • Кроссовер. Шығарма кейіпкерлерінің диалогын жазу.
  • 7-сыныпта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының мазмұнын меңгергеннен кейін түсіну, білу деңгейінен анализ жасау, интерпретациялау деңгейіне өту үшін қызығушылығын ояту мақсатында фанфик термині туралы ғылыми мағлұмат беріледі. Оқушыларға:
  • Фанфик жазуға негіз болатын түпнұсқа таңдаңыз (көркем шығарма, фильм, видео ойындар, аниме);
  • Оқиғаңы қызықты құрастырыңыз (оқиғаның басталуы, байланысуы, шешіміне назар аударыңыз);
  • Алғашқы абзац маңызды. Оқырманды қызықтыру үшін оқиғаны шым-шытырық әрекеттен, жұмбақ істерден бастаңыз;
  • Фанфик сюжетіне қандай да бір элемент қосуға болады. Мысалы: кейіпкер, эпизод;
  • Детальға назар аударыңыз;
  • Оқиғаны бірнеше бағытта дамытыңыз;
  • Оқиға соңын жоспарлаңыз;
  • Жазған оқиғаңызды оқырман көзімен тұтас оқып шығыңыз. Бұл - маңызды.
  • Жұмысыңызға айтылған жақсы сынды қабылдаңыз. Оқырмандар комментарийлерінен қорытынды шығарыңыз, - деген детальдардың маңыздылығы да айтылады. 

Талдау кезінде ерекше құлшыныс тудырып, жаңа леппен сабақ басталғанда топтарға бөліну арқылы тапсырмалар жүзеге асырылады:       

1-тапсырма. Жырдағы оқиғадан басқа тағы қандай оқиға болуы мүмкін еді? Қосымша эпизод енгізіп жаз. 

Ау, Сарыбай достым! Кешегі әңгіме күні бойы ойымнан кетпей қойды. Ішкі сырымды сенен қайтіп жасырайын. Екеуміздің әйеліміздің де аяғы ауыр. Сол шіркіндер бірі ұл, бірі қыз тапса не істейміз? – деді.

Аузын ашса көмекейі көрінетін Сарыбай:

Ау, досым-ау, құдай сондай күнге жеткізсін десеңші. Төс қағысқан құда боламыз. Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық деген. Айтқаның келсін, ниетің құдайдың құлағына шалынсын, - деді жанары жасқа толып.

2-тапсырма. Әрі қарай қандай оқиға болуы мүмкін?  Қозы өлімінен кейін Баянның тағдыры қалай болуы мүмкін? Оқиғаны жалғастырып жаз.

Қодар Қозыны жекпе-жекте жеңгендей бөсіп барды. Қозы өлімін көргенде Баян қара түнекте қалғандай болды. Қарабай қызын құшақтап, өтірік жылаған болып, әкелік міндетін ақтады. Баян біресе есінен танып, біресе есі кіріп, үш күн, үш түн дамыл таппады.

3-тапсырма. Бұл кейіпкердің шығармадағы орны қандай? Ол бұл шығармада болмағанда оқиға желісі қалай болар еді? Жалғастырып жаз.   

Тайлақтың кенже інісі Айбас сері елінің намысы үшін жолға шықты. Қарабайдың тоқсан мыңның ізімен жүре берді. Ер Айбас Көктаймен өрге шауып, Аягөзге келіп жетеді.

4-тапсырма

Үзіндіні оқы. Қарабай мен Қодар бейнесін іс-әрекеті арқылы жағымды кейіпкерге айналдыр.  

Келіпсің сөйлескелі өңшең кедей,

Қайтсаңшы, жаның олжа, бірің өлмей.

Қой десем де, қоймайсың сен он екің,

Тым болмаса қайтсаңшы таяқ жемей.

Көрмессің Қарабайдай пейілі тарды,

Жылқыдан Бақа айғырды мініп алды.

Сегіз өрме, бұзау тіс қамшысымен,

Бәрінің тарсылдатып басын жарды.

5-тапсырма. Үзіндіні оқы.  Трагедиялық сюжетті комедиялық сюжетке айналдырып жаз немесе жырдың бір сюжетін пьеса түрінде ұсын.

Қозы өлген соң, тірліктің қажеті не? Аққудың сыңарындай сұлу Баян елмен қоштасып, жермен бақұлдасып, аямай өзіне-өзі қанжар салды. Әркімнің де адал болсын құдай қосқан ақ ниет сүйген жары!

6-тапсырма. Оқиға дамитындай етіп диалогты ары қарай дамытып жаз. Диалогты қызықты құрастыр. 

  • Терең құдыққа қалай түсемін? – деді Қодар гүжілдеп.
  • Менің бұрымымнан ұстап, бір ұшын білегіңе байлап түс. Сүйіктісі шашын ұстатқанда Қодар батыр су алып беруге жарамай ма?

Қодар қыз бұрымынан ұстап, құдыққа түсіп, Баянға екі рет кебіспен су әпереді.

  • Шөлің қанса, тарт мені, Баян. Құдық іші суық екен, тоңып кеттім.

Жұмыс соңында шығармашылық жазбаларынан алған әсерлерін талдайды. Әр оқушы төмендегі аңдатпаны толтыру арқылы іс-әрекетіне рефлексия жасайды. Мұғалімдер көбінесе көңіл күйге рефлексия жасатуды әдетке айналдырғанмен, теориялық біліммен байланыстыра отырып:

  • Жанрын анықтату;
  • Кейіпкерлерін көрсету;
  • Жұмысының мәртебесін анықтату;
  • Өзіндік жеке ескертпелер жазу арқылы да рефлексия жасатуға болады.

Тақырыбы

Қай шығарманың негізінде жазылғаны


Басты кейіпкерлер


Рейтинг


Жанр


Көлемі


Мәртебесі/статус

Кімге оқуға болатыны


Қысқаша мазмұны


Арнау


Басқа жерде жариялануы


Автор ескертпелері


Бета


Шығармашылық жанрдың тиімділігі қандай?

Оқушылардың қиялы мен эмпатиясын оятады. Фанфик оқушылардың шығармадағы кейіпкерлерді шынайы адам ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Оқушылардың назарларын шоғырландырып оқуға мүмкіндік береді.

Жақсы фанфик жазу үшін тек қана қиял жеткіліксіз. Ол үшін шығарманы мұқият оқып шығу қажет: оқушылар сюжетті, кейбір оқиғалардың мән-жайларын, детальдарды, кейіпкерлердің сөйлеу мәнерлерін қайта-қайта жадында еске түсіріп отырады. Автордың өзіндік қолтанбасына назар аудартуға үйретеді.

Фанфик  шығармашылық жұмыс түрін пайдаланып отырып оқушы өз жазған мәтінінде тек қана оқыған шығарма туралы ғана сөз етпейді, ол өзінің қиялы, көзқарасы туралы сөз етеді. Еңбектерінің бірінде  француз әдебиеттанушысы, философ Ролан Барт «Оқу - жазудың жолсерігі болуы тиіс» деген екен.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

http://kazatu.kz/assets/i/science/sf9_mod_233.pdf

https://ziatker.kz/docx/kreativti_oqysy_daiynday_yaqyt_talaby_23242.html

  • «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы –NIS-Programme, 2018 жыл


Автор:

Жанаева Гүлбала

Нұр-Сұлтан қаласы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


18 қазан 2019 г. 31 598 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 152 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 592 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031