» » Ана тілім-қасиетім, қастерлім

Ана тілім-қасиетім, қастерлім

Жексембекова Урик Назимбековна,

Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жетісу облысы, Талдықорған қаласы

 

Ана тілім-қасиетім, қастерлім

«Ана тілі халық болып жасалғаннан бері

 жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін,

мәңгі құламайтын бәйтерегі.»

Ж. Аймауытов

         Көк аспанда қыраны еркін самғап, көк майсада тұлпары еркін жусап жүрген, Еуразия кіндігінде емін- еркін көсіліп жатқан, мына ұлаңғайыр, кеп алқапты ұлы дала - қазағымның мекені.

        Иә, күні кеше осы құтты мекеніміз үшін, бабаларымыздың найзалары айқасып, қасық қандары қалғанша, жауларының алдында төтеп бермей айқасқан еді. Бұл жерде қанша батырдың тұлпарларының тұяқтары дүбірлеген,  қанша ақын- жырауларымыздың жырлары төгілген. Ұлы мекеннің ұлы тарихы сонау тереңде жатыр. Ақ киізге көтеріп, Керей мен Жәнібекті хан сайлағаннан бастап қазақ тарихы бүгінгі күнге дейін көкейлерде сайрап тұрған жоқпа? Тәуелсіздігіміз,еліміз, елдігіміз, ана тіліміз үшін талай күрестер болды.

     Ұлт екенімізді дәлелдейтін мемлекеттік рәміздеріміз, дініміз, салт- дәстүріміз ең бастысы ана тіліміз бар. Егемен елдің өз мемлекеттік тілі- басты құндылығы. Қазіргі таңда елімізде кез келген орындарда ана тілімізге үлкен құрмет көрсетіледі. Мекемелерде құжаттар ана тілінде жүргізіледі, жиналыстар да барынша қазақ тілінде жүргізілуде. Ұлы даланың ұлы тілінде ата- баба үні, өткен тарихымыз, қиындығымызбен қызығымыз, ұлттың бар болмыс құндылығы жатыр. Қай жерде болмасын ана тіліміздің шашбауын көтеріп, ұлықтап жүру- кез келген Қазақстан Республикасы азаматының парызы. Бұл дүниедегі ең қымбат дүние- Отан, халық және тілің. Үшеуі бір - бірінсіз толық бола алмайды.  Тілсіз ұлтты, ұлтты тілсіз елестете алмаймыз. Тіл ғасырлар шежіресін, бабалар тарихын, мәдениетін, салт- дәстүрін ұрпақтан- ұрпаққа жеткізуші негізгі құрал.

Көкейкеден сайрап шығатын қызыл тіл арқылы ұлт ұлттығын, салты мен тектілігін сақтай алады.  «Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңді құрметте!» демекші, ең бірінші әр ұлт өз ана тілін биік қойып, құрметтуі керек деп ойлаймын. Елдің елдігін танытып, мойындататын да ол -тілі. Біздің ұлы даламыздың ана тілі, қазақтың тілі ол-қазақ тілі. Мемлекетіміз тәуелсіз ел болып, қанатын еркін жайып қанша белестерді отыз жылдан астам уақыт ішінде бағындырып келеді. Еліміз мәдениетпен достық мекені болса да, бір шаңырақ астында қанша ұлтты баулып отырса да, өз ана тілімізге деген құрмет жоғалған емес.

Тіл –адамзат істерінің барлық саласында және күнделікті тұрмысында  бірлесіп жұмыс істеуіне, бірін-бірі түсінуіне мүмкіндік беретін құрал. Бұл-тілдің әлеуметтік, қоғамдық қызметі. Тілдің қоғамдық қызметімен бірге оның ойды жарыққа шығару қызметі де бар. Әрбір адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы айтып жеткізеді,, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді.  Әрбір елдің өз ішінде мемлекеттік маңызы бар іс-қағаздары осы елдегі көбірек тараған яғни ұлт тілінде жүргізіледі. Бұндай тілдерді мемлекетті тіл деп атайды. Ал біздің қазақ тіліміз-мемлекеттік тіл.

Қазақ тілі-қазақ халқының ана тілі. Ол түркі тілдерінің  тобынан шыққан. Қазақ тілі сияқты түркі тілдерінің тобынан тараған қазіргі қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, түркімен, әзірбайжан, ұйғыр, шуаш, тува, саха т.б тілдерінде сөйлейтін халықтар бір-бірімен еркін түсінісе алады. Сол себепті бұл тілдер өзара туыстас тілдер болып есептелінеді. Ал қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт тілдері бір-біріне өте жақын.  Өйткені бұлар жалпы түркі тілдерінің бір тармағы- қыпшақ-ноғай тобынан өрбіген тілдер. Қазақ тілі өзінің  көп ғасырлық дамуы барысында  рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірінде, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді. Осы ұзақ замандар бойы ол қазақ халқының пікір алысу қажетін  өтеп келумен қатар, оның рухани байлығы-ауыз әдебиетін атадан балаға мұра етіп ауызша жеткізді.  Мұны «Ер Төстік», «Аяз би» сияқты қазақ ертегілерінен, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс» тәрізді батырлар жырынан , «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баянн сұлу» секілді ғашықтық жырлар, сонымен бірге халқымыздың  аса мол мақал-мәтелдерінен, жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан көруге болады.

Тіліміздің  ертедегі сыр-сипатын молырақ, айқынырақ ашып бере алатын негізгі  екбектер –көне қыпшақ тіліндегі ескерткіштер. Олардың бірі-1069 жылы жазылған Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу білік» дастаны. Бұл әуелі араб жазуымен жазылып, кейін ұйғыр жазуымен көшірілген. Сондай-ақ,  он бірінші ғасырда араб тілінде Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат түрік» атты сөздігі жарық көреді. Яғни қазақ тілі сонау ерте дәуірден, біздің жыл санауымыздан бері қарай халқымыздың дауымен бірге алға басып, жетіліп келеді. Ана тілімізді қастерлеп, қадірлеу-ежелгі салтымыз. Қазақ халқы-ежелден шешендікке құмар, тіл өнерін ерекше құрметтейтін халықтың бірі. «Өнер алды –қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Сөзі мірдің оғындай», «Тіл-қылыштан өткір», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген мақал-мәтелдердің астарында тілдің қаншалықты құнды екені көрсетіліп, тегіннен-тегін шықпаған. Ана тілімі ардагер ақын-жазушыларымыз Абай, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жыр арқауларына айналған. Мәселен С. Торайғыров:

Сүйемін туған тілді-анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнін.

Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты

Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным,-

деп жазады. 

Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, ше­жіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Өткен ғасырда қазақтың бас бостандығы үшін күресіп, құрбандығы болған қайраткеріміз Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деген екен. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің бас­ты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бүгінгі жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады. Мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналды.

Тіл - бойымызға ана сүтімен біртіндеп сіңіп, санамыз, жан - дүнеміз ана тілімізде сайрап, ана тілімізде жыр жазады. Тіл деген әр елдің айнасы, биік бәйтерегі, мәртебелі, қасиетті байлығы. Менің ана тілім- қазақ тілі бүкіл түркі тілдерінің ішіндегі ең құнарлы, ең байда әсерлі тіл. Қазақ қызыл тілі арқылы кез келген дау-дамайдың түйінін шешіп, ұрпақ тәрбиелеген. Бұл құндылық әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Ұлы даланың ұлы тілі қасиетті қара домбыра үнімен байланыс тапқандай сондай сырлы да сұлу. Мен осы ана тілімде бесік жырын тыңдап, ана тілінде алғаш "ана" , "әке" деген сөзді айтып былдырладым. Бойыма бар адамдық қасиетті ана тілінде сіңірдім. Мен өз тіліммен мақтанамын. Сондықтан да әр қазақ жастары өз ана тілдері үшін күрессе деймін. Өз орталарында, үйде, түзде тек ана тілінде сөйлессе нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар болашақ ұрпақ тәрбиелеуде ұлы тіліміздің орны айрықша. Ана тілде білім мен тәрбие беру- ұлт болашағының ертеңі деп білемін. Өйткені әр мықты мемлекеттің алдымен тілі нақты, өз нақыш- бояуын жоғалтпаған үнемі жанданып, даму үстінде болуы керек. Білім ордаларында да бала алдымен өз қазақ тілін жақсы меңгермейінше басқа білімді толық бойына сіңіре алмайды. "Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық білімі болса да рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады." -деп,  Мұхтар Әуезов айтқандай, ең алдымен кез келген дүние өз ана тілін құрметтеп, қастерлеуден бастау алса керек.

Сонымен қатар, ұлт жанашыры, Мағжан Жұмабаев: Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай.» деп айтқандай, біз тілімізге барша әлемге мақтана аламыз.  Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөле ойнауы мүмкін. Мәселен кезіндегі орхно жазулары, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халықтарына тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз.

Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан – дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармайық. Тілді оқулықтан үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады. Қазақ тілі туған тілім екендігіне өте қуаныштымын және мақтан етемін.

Қазақ тілі, қазақ халқының  бойына дарыған қасиеті, яғни бой тұмары. Қазақтың туған тілінің байлығы ол қазақтың батырлығының айғағы.
Тіл тазалығы салт – сананың сақталуын, ұлттық құндылықты дұрыс пайдалана білу. Тіл дегеніміз қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес ,бүрсігүнгі де тағдыры. Ана тіліміздің тазалығын, оны қолдап – қорғау өз қолымызда. Мен осы ана тіліміздің алға ілгерілеуіне байланысты Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» жайында мәдени жобасынан мына сөздерді айта кетсем болады. «Үкімет Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды таптастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударғым келеді: Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманға озық бағдарламаларымен әдістерін енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық, әдістемелік, тәжірибелік оқу – құралдарын, аудио- бейне материалдарды дайындау керек»,- деген еді.

Қазіргі заман талабына сай әрине, үш тілді қатар меңгеру жақсы. Алайда, өз жерімізде ана тіліміздің туын өзіміз көтермесек кім көтереді? Сондықтан тілімізді құрметтеп жүрейік!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш.  Қазақ тілі (ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы: «Әділет» ЖҚМ,

2. «Ана тілі»  баяндама

18 мамыр 2023 г. 956 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 813 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930