Білім берудегі ақпараттық құндылық
«TopIQ.kz платформасын кез-келген құрылғыда,
кез-келген уақытта, ыңғайлы қарқынмен пайдалануға болады.»
(Элеонора Баталова)
Қазіргі қоғамның білім беру жүйесінде жастардың тілімен айтқанда трендке айналған әдіснамалық құралдардың бірі - TopIQ.kz платформасы. Бұл платформа қазақстандық оқушыларға қосымша көмекші құрал ретінде жасақталған заманауи кітапхана десек те болады. Бүгінгі техника қарқынды дамыған қоғамда жастарымызды кітап оқуға құлшыныстарын арттыру мақсатында түрлі әдістер ойлап табылуда. Барлық әдістердің басты қағидалары әрбір оқушының қолында жүрген ұялы телефондарын тиімді де пайдалы жаққа пайдалануға бейімдеу болып табылады. Қазақстанда алғаш рет «Алматыкітап баспасы» ұсынып отырған TopIQ.kz платформасы да осы басты қағиданы назарға алып жасақталған болатын.
«Алматыкітап баспасы» оқушыларға ыңғайлы болуы үшін үш баспаның 86 электронды оқулығын бір платформада жинаған. TopIQ.kz платформасы сынамадан 2020-2022 оқу жылында сәтті өтіп, бүгінгі таңда 200 мыңнан астам оқушы электронды оқулықтар арқылы жүйелі түрде білім алуда. Бұл оқу құралдары жинақталған алаңда білім беру аясындағы бірегей интерактивті және мультимедиалық материалдар біріктірілген.
Мен TopIQ.kz платформасының тиімділігін мынадай бірнеше топқа бөлер едім:
Жинақтылық және ыңғайлылық. Электронды оқулықтар жеке оқушымен немесе оқушылар тобымен тек сынып қабырғасында ғана емес, басқа да жерлерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Электронды оқулық қолдануға ыңғайлы: оқушы оны экскурсияда, жолда, спорттық жиындар кезінде қолайлы және оңай пайдалана береді.
Жан-жақтылық. Бір ғана платформаның ішінде барлық тақырыптар қамтылған. Яғни оқушы оқулықтың әртүрлі форматтары мен платформадағы материалдардың алуан түрлілігінің арқасында бір мезетте бірнеше тақырыпты меңгере отырып, жан-жақты дамиды.
Денсаулыққа зиянсыз. Бұл дегеніміз мектепте ақпараттық-коммуникативті технология саясаты мен интернет болған жағдайда оқушыларға барлық оқулықты өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ, яғни бұрынғыдай салмағы баланың салмағымен бірдей болып келетін кітап толы сөмкелерді арқалаудың қажеттілігі туындамайды.
Қолжетімділік. Барлық балаға оқулықтарға тең қолжетімділік береді – тегін, барлық коммуникациялық электронды құрылғы үшін онлайн. Ештеңе жүктеудің, тіркелудің, құпиясөздерді есте сақтаудың қажеті жоқ.
Оқушы мен мұғалімге ортақ алаң. Платформада оқушылардың да, мұғалімдердің де ақпараттық-коммуникативтік дағдыларын дамыту қарастырылған. Маңызды мәселе – платформа олардың бір-бірімен кері байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Осыншама басты қағидаларды басшылыққа ала отырып жасақталған осындай керемет мүмкіндікті неге тиімді пайдаланбасқа?! Аталмыш оқу алаңын барлық қоғамға дұрыс бағытта жеткізе білсек, оның ары қарай дамып, ұсынып отырған мүмкіндіктен он есе артық мүмкіндіктер жасалатынына мен сенемін.
Жоламанова Лунара Асылханқызы
БҚО, Қаратөбе ауданы
Мұхит атындағы жалпы орта
білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі