» » ҰБТ-дан құлаған түлектер қалай тегін оқып, шәкіртақы ала алады?

ҰБТ-дан құлаған түлектер қалай тегін оқып, шәкіртақы ала алады?

 11 шілде күні ОКҚ брифингі барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биыл Ұлттық бiрыңғай тестiлеуден өтпей қалған түлектерге тегiн кәсіптік бiлiм берілетінін айтқан еді. Осыған орай, Baq.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары басқармасының сарапшысы Аяулым Берекеновамен сұқбаттасып, тегін білім беру жүйесі жайлы сұрастырған еді.




- Тегін кәсіптік білім алуға түлектер қалай іріктеледі? Бұған олардың шекті межеден өту-өтпеуі, жинаған балы, мемлекеттік грантқа ілігу-ілікпеуі әсер ете ме?

- Әсер етпейді. Өйткені, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының шарттарына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім оқу орындарына түсе алмаған, білім алуға мұқтаж 24 жасқа дейінгі 9-11-сынып бітірген түлектерге беріледі.

- Түлектер аталған бағдарлама бойынша тегін кәсіптік білім алу үшін не істеуі керек? Белгілі бір мекемеге барып, өтініш жазу қажет пе? Жалпы, олардан нені талап етесіздер?

- Жоқ, олардан ештеңе талап етілмейді, тек оқуға ниет білдірсе болғаны. Техникалық және кәсіптік білім алғысы келетін жастар халықты жұмыспен қамту орталықтарына (ХЖО), әкімдерге (ауыл тұрғындары), білім беру және жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы органдарға Бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жүгіне алады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта әрбір өңірде білім алуға мұқтаж жастарды айқындау мақсатында мобильдік топтар жұмыс істеуде. Мобильдік топтардың құрамына әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының, жергілікті полиция қызметінің, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер кіреді. Мобильдік топтар жыл сайын 20 тамызға дейін оқуға үміткерлердің тізімін қалыптастырып, деректерді тексеру үшін ХЖО орталығына жібереді. ХЖО деректерді тексеріп, тексеру қорытындысын білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға жібереді. Жергілікті атқарушы органдар үміткерлерді хабардар етіп, оқуға жолдамалар береді.

- Биыл ҰБТ-дан өте алмаған түлектер саны шамамен қанша және шәкіртақысы мен бір мезгіл ыстық тамағы қамтылған тегін кәсіптік білім алуға қанша орын қарастырылған? Оқу мерзімі қандай болады?

- Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаған түлектердің саны 14 мыңнан асады. Биыл тегін техникалық-кәсіптік оқуға 21 мыңнан астам азамат жіберіледі деп жоспарланып отыр. Оқудың ұзақтығы білім беру бағдарламаларында көрсетілген мерзімдерге сәйкес таңдалған мамандыққа байланысты болады.

- Бағдарлама аясында ересектер қысқа мерзімді курстармен қамтылмақ. Оларға курстан өту үшін не істеу керек?

- Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысқысы келетін азаматтар оқудан өту үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына, жергілікті әкімдікке, әкімге (ауыл тұрғындары) Бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жүгінсе болғаны.

- Түлектер мен ересектер қандай мамандықтар бойынша тегін білім ала алады? Басымдық берілетін мамандықтарды атап өтсеңіз.

- Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыз, біліктілігі жоқ, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту. Ал ол үшін олар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осы себепті оқу еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша жүргізіледі. Мәселен, аспаз, токарь, тігінші, кондитер, бухгалтер, тракторист-машинист, дәнекерлеуші, жүргізуші сияқты кәсіптер оқытылады.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ


14 шілде 2017 г. 31 928 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 203 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031