» » Сыбайластық сыйлық беруден басталады

Сыбайластық сыйлық беруден басталады

  Алматы қаласында ЖОО-на қатысты жемқорлық туралы аз айтылмайды. Студенттер арасында жүргізілген сауалнамалар, түрлі рейтингтермен мысалдар да келтіріліп жатады. Сондықтан осындай жайсыз әңгімелердің алдын алу үшін соңғы кездері оқу орындары арасында барынша ашықтыққалыптастыру көзделуде. Емтихан тапсыру кезінде тіпті оның аты-жөнін білместен білімін бағалау, жемқорлықтың қоғам дерті турасында түрлі дөңгелек үстелдер өткізілуде.
 Студенттер өз бетінше оқу орындарының ұстаздарына сыйлық жасаған жағдайда пара алушы ғана емес, пара берушінің де жазалы болатыны турасында бірнеше рет іс-шаралар ұйымдастырылды. Тіпті оқу орнында жасырын сенім телефондары арқылы жемқорлықтың алдын алу шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ емтихан тапсыру кезінде мүлдем басқа сала ұстазын бақылаушы қылу туралы да бастамалар қолданыла бастады. Мұндағы мақсат ұстаздың студентке көмек көрсетуі секілді жағдайлар орын алмасы үшін жасалынып отыр. Сыбайлас жемқорлық – лауазымды адамның өзінің билік өкілеттілігін және өзіне берілген құқықтарын белгіленген ережелерге қайшы жеке басының пайдасына қолдануы. Бұл термин көбіне бюрократиялық аппаратқа және саяси элитаға қатысты қолданылады. Жемқорлыққа жетелейтін басты нәрсе – билік өкілеттігін пайдалана отырып, экономикалық пайда табу мүмкіндігі, ал, басты қаупі – оны әшкерелеу мен жазалау. Сыбайлас жемқорлық жақсы жағдайға ие болу үшін сыйлық жасау дағдысынан бастау алады. Қымбат сыйлық адамды өзге сұраушылардың арасынан бөлуге, даралауға, сол үшін заңды аяққа басуға алып келеді.
Парақорлық – сыбайлас жемқорлықтың бір түрі, бұл лауазымды тұлғаның жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға қаңдай да бір қызмет көрсетіп, соның өтеуі ретінде пайда табуымен сипатталды. Бұл ретте тек лауазымды тұлғаның пара алуы ғана емес, сонымен қатар, пара берушінің заңсыз түрде сыйлық беруі де заңға қайшы әрекет болып табылады.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай жемқорлық тек парамен ғана шектелмейді. Күресті алдымен сыбайластықтың өзінен бастау керек. Сыбайластықтың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың жолы кесілері анық. Сыбайластықты қоздырушылар – жерлестік, тамыр-таныстық байланыстар. Міне, бұл жемқорлықтың нағыз бастау алар тұсы.
Жер жекеменшікке берілгелі оны бірқатар азаматтардың бизнестің ықпалды түріне айналдырып алған жайы бар. Құны жоғары, пайдалы жерлерді көптеп алып, оны қайтадан қымбатқа сатып, оның соңы соттың араласуына әкеліп соғуда. Мұндай сәтте сот әділеттілік тұрғысынан қарап, жағдайдың аражігін ажырата білгені абзал. Сонда ғана халықтың сотқа деген сенімі нығая түспек.
Сыбайлас жемқорлықтың жылдан-жылға ұлғаюы аталған әлеуметтік кеселмен күресті күшейтуді қажет етеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар да өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Сонда ғана біз аяқтан шалған кеселден арылатын боламыз. Бұл жерде заңның атының ғана емес, затының да өзгергенін айта кетуіміз керек. Алғашқы құжатта сыбайлас жемқорлықпен күреске, оны жоюдың тетіктеріне барынша салмақ берілсе, кейінгі заңда қолдағы мәліметтерге мониторинг жасалып, кеселдің негізгі себебіне үңілуге, сол арқылы оны шешудің жолдарын табуға талпыныс бары байқалады. Жалпы, жаңа заң алдыңғы құжатта кездескен кемшіліктерді қайталамауымен құнды. Мұндағы талаптарға сәйкес қазіргі кезде барлық мемлекеттік құрылымдарда сыбайлас жемқорлықтың зияны жан-жақты түсіндіріліп, адалдықтан аттауға түрткі болатын себептердің алдын алуға жағдай жасалуда.
Біз үнемі жемқорлықты тізгіндеген елдердің барын мысал етіп, соларға ұқсауға тырысамыз. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің бірегей жинағы жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Өйткені, әр елдің өз менталитеті, ұстанымы бөлек. Соған сай жемқорлыққа қарсы қолданатын тәсіл де алуан түрлі. Сондықтан, сыбайластыққа бағытталған жұмыс елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Сондықтан елімізде жемқорлықпен күрес мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін береді деген сенімдеміз. 
Қуаныш Ермекова,
"Алаш айнасы" тілшісі.
31 тамыз 2017 г. 3 143 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 068 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 822 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930