Педагог пен ата-ананың қолдауы болса балалар жетістікке жетеді - вундеркинд баланың әкесі
Биыл 12 жастағы вундеркинд Абзал Мырзаш 11-сыныпты бітіріп, ҰБТ-дан 117 балл алды. Физика мен математика пәндерінен жоғары балл алған Абзал Мырзаш Қазақстан-Британ техникалық университетінің ең жас студенті атанып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Абзалдың әкесі Дәуренбек Мырзашұлы үнемі ұлының дарындылығына сеніп, әрдайым білім алуға деген құлшынысына қолдау білдіріп отырған. Әкесінің айтуынша, педагог пен ата-ананың қолдауы болса балалар көп жетістікке жетеді. Ата-анасы мен педагогтер баланың дарынды екенін оның кішкентай кезінен-ақ байқаған. Ол екі жасында көліктердің барлық маркаларын білген. Ал оған әліпбиді көрсеткен кезде бала бірден барлық әріпті есіне сақтаған. Үш жасқа келгенше миллионға дейін, тіпті триллионға дейін санай алған. Ал үшке толғанда барлық санды біліп, 2-3 таңбалы сандарды оқи алған. Төрт жасында көбейту кестесін жатқа біліп, 2-3 таңбалы сандарды бөліп, көбейте де алған. Сол кездің өзінде вундеркинд бала Галактика ғаламшарларына, табиғат жағдайлары, жануарлар және өсімдіктер әлеміне қызығушылық танытқан. Мамандардың айтуынша, 5 жасында баланы 4-сыныпқа жібере беруге болар еді. Бірақ оны 5 жасында 1-сыныпқа берген екен. Ата-анасы қазақ тілінде ғана сөйлейтін болғандықтан олар баланы орыс тілінде білім беретін мектепке жіберген. Мектепте өте жақсы оқыған, алайда ата-анасы 3-сыныпта оны қазақ сыныбына ауыстырған. Ол қазақ сыныбында да өте жақсы оқыды. Абзал бір апта ішінде 4-сыныптың бағдарламасын меңгеріп алған. Содан оны 5-сыныпқа өткізіп жіберген. Вундеркинд бала мұнда да бір жылдың оқу бағдарламасын жетік меңгеріп алып, 6-сыныпқа, сол жақтан бірден 7-сыныпқа ауыстырылған. Осылайша, ол мектепті бітіріп отыр. Сондай-ақ, Абзал Мырзаш - 7-8 пәннен халықаралық, республикалық Олимпиадалардың жүлдегері.