Білім министрі даулы оқулықтарға қатысты пікір білдірді
Еліміздегі мазмұны жаңартылған оқулықтардың сапасы сынға ұшыраған болатын. Осы мәселеге қатысты ҚР Парламенті Сенатында орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдауда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Енді орыс тілі оқулығы мен Петрушевскаяның ертегілеріне тоқталайын. Қазіргі таңда БАҚ бұл туралы көп жазуда. Біріншіден, 9 айда сарапшылар, мұғалімдер, қызығушылық танытқан ата-аналардан 5 мың ұсыныс келіп түсті. Олар осы ертегілерге қатысты ешқандай ұсыныс білдірген жоқ. Себебі, бұл (ертегі – автор) 2004 жылдан бері орыс тілі оқулығында жүр. Оқушы аталған оқулық бойынша 1,2 мыңнан астам тапсырмадан бар-жоғы 6 ғана тапсырма алады», - деді ол.
Сонымен қатар министр аталған оқулықты Ресейдің сарапшылары жоғары бағалағанын айтты.
«Біз президенттің тапсырмасына сәйкес оқулықтардың мазмұнын жаңартып жатырмыз. Біз баланы барлық нәрсе туралы, тіпті өзінің ана тілі жайында ойлануға мәжбүрлейміз. Наразылық білдіруді әдетке айналдырып алдық. Өткен жылы да солай болды. Алайда 18 миллион адам бір орында тұрып қалмау үшін қолдан келгенді жасаймыз», - деді Ерлан Сағадиев.
Айта кетейік, даулы оқулықтар мәселесі Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың журналистермен өткен кездесуінде де көтерілген болатын. Елбасы аталған мәселеге арнайы тапсырма беретінін айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 5-сынып оқушыларының ата-аналары мазмұны жаңарған орыс тіліндегі оқулықтардың мазмұны сын көтермейтінін айтып, шу шығарған еді.