» » Электронды кезек арқылы балабақша мәселесі шешілмеді. Білім министрлігі 2020-да кезек болмайды деп сендіреді

Электронды кезек арқылы балабақша мәселесі шешілмеді. Білім министрлігі 2020-да кезек болмайды деп сендіреді

 Балабақша кезегін “сарғайып” күтетіндердің қатары күн санап әлі артып келеді. "2020 жылға дейін бұл мәселе толықтай шешіледі" дегенге халық сене алмай отыр.

"Еліміздің демографиясының өсуі мен көші-қон процестерінен (әсіресе, ауылдық жерлерден қалаға қарай миграция әсерінен) балабақшаға бала сыймай жатыр" дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі. Олардың дерегі бойынша, тек Елордада 142-і мемлекеттік, 119-ы жекеменшік балабақша бар. Бірақ бос орын тапшы.

Жалпы республика бойынша, балабақшадан орын тиіп қалар ма деп, 483 мың бүлдіршін күтіп жүр. Ал кезек мардымсыз жылжиды.

Бақ шаба ма, "бап" шаба ма?

Астана қаласының тұрғыны Дананың екі баласы бар. Тұңғышы 2013 жылғы. Балабақшаға кезекте тұр, 2016 жылы 12 мыңның төңірегінде болған. Қазір алға жылжыпты. Бірақ, электронды кезек 8757-і орынды көрсетіп тұр.

 Баласы үш жылдан соң мектепке барады. Бұл қарқынмен үлгермейтіні анық. Қынжылып отыр.

"Бір қызығы, құрбымның менің баламнан бір жас кіші баласының кезегі келіп, балабақшаға барып жүр. Осы жүйені түсіне алмай-ақ қойдым. Біріне кезек келсе, біріне мүлдем көлеңкесі де көрінбейді", – дейді Дана.

Кезек баланың туған күніне емес, тіркелуіне байланысты

"Халық арасында жылдың аяғы мен басында туған балалардың кезегі әртүрлі жылжиды деген түсінік бар.

Бірақ, балабақша кезегі тұрғындардың қашан өтініш бергеніне байланысты реттеледі. Яғни, кім бірінші өтініш берді, сол балабақшадан орынды уақытында алады. Басқа жақтан себеп іздеудің керегі жоқ", – дейді Астана қалалық Білім басқармасы бізге жіберген хатта.

Сондай-ақ, балабақша кезегі кері жылжып кеткендей жағдай болса, Халыққа қызмет ету орталығына барып, дәлелдейтін анықтаманы немесе кезектің скриншотын алу керек. Білім басқармасына келіп, мәселенің анық-қанығын білуіңізге болады.

"Балапан" бағдарламасының күші жойылғанына үш жыл болған

Ушығып тұрған кезек мәселесін "Балапан" бағдарламасы шешеді деп ойлағандар қателеседі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ол – әу бастан балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтамасыз ететін жоба еді. Оның үстіне 2020 жылға дейін арналған бағдарлама болғанымен, 2014 жылдың 21 қазанында тоқтатылған.

Жалғасы ретінде 2016-2019 жылдарда жүзеге асатын мемлекеттік бағдарламаға ұласты.

Бос арамтер болмаңыз. Парамен кезекті тездете алмайсыз

2017 жылдың 20 ақпан күні ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев "электронды жүйеге көшу сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қояды" деген еді.

Бұл осы күнге дейін баласын тезірек балабақшаға беру үшін пара ұсынатын ата-аналардың болғандығын көрсетеді. Енді табалдырық тоздырғанмен кезек мәселесі шешілмейді дейді мамандар. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдардағы кезектілік автоматтандыру арқылы басқарылып отыр.

Үйде отырып-ақ, еш делдалсыз балаңызды кезекке тұрғызып, жолдама ала аласыз. Сонда да кезек мәселесі шұбатылып, шиеленісіп барады.

Жекеменшік балабақшалардың бағасы удай

Екінің бірі баласын балабақшаға орналастырғысы-ақ келеді. Бірақ кезек мәселесі алдынан көлбеңдеп шығады. Тіпті дүние есігін аша салысымен баласын балабақшаға кезекке тіркеп қойғанның өзінде үлгере алмай жатқандар көп.

Енді қайтпек? Жекеменшік балабақшаға берейін десе, қалтаны қағады.

Бағасын анықтау үшін бірнешеуіне барып қайттық. Астана қаласы, Абылай хан көшесіндегі "Голубой парус" балабақшасы үш жастағы балаларды айына 40 мың теңгемен қабылдайды. Ал 1,5 жасар баланы алғашқыда 55 мың теңгеге орналастырасыз. Кейін айына 62 мың теңге төлейсіз.

Д.Қонаев көшесі бойындағы "Балдәурен" балабақшасының жарнамасына қызығып, іздестіріп көрдік. Сөйтсек, балабақша емес, балаларды дамыту орталығы болып шықты. Шағын орталықтың директоры Жәмилә Бектұрғанқызының айтуынша, 1,5-7 жас аралығындағы баланы 80 мың теңге төлеп қана бұл жерге орналастыра аласыз.

"Монтессори методикасын" балаңызға үйде отырып-ақ үйрете аласыз

80 мың теңгеге нені үйренуге болатынын Жәмилә Бектұрғанқызынан сұрасақ, вокал, шахмат, биден басқасының бәрін игеріп шығуға болады екен.

Аты аталған үйірмелерде қосымша қаражат төлеп қана оқытады. Бассейн жоқ. Балаларды үйіне дейін апаратын жүргізуші жоқ. Баланың бір күндік тәртібін онлайн көре алмайсыз. Есесіне балаңыз 5 рет тамақтанады. Ағылшынша біліп, жекпе-жекке жаттығады. Әуесқой би билеп, ән шырқайды. Мектепке дайындалып, "Монтессори методикасын" үйренеді.

"Ол қандай жүйе?" деген ой сізде де туындады ма?

Әр түрлі қажеттіліктер жинақталған бөлмеге кіріп, жанына қалаулысын таңдап алады. Балаңыз ыдыс жуып, кір жайып, бау байлау әдістерін ұнатқаннан белгіленген уақыт бойы осы әрекетті қайталауы мүмкін.

Иә, оны өзіңіз-ақ үйрете аласыз. Бұл орталықтың басты ерекшелігі – қалталылар шоғырланған көшеде орналасуы. Бағасы 50 шақты баланың ата-анасына ғана қолжетімді болып отыр. Айлығы шайлығына жетпейтіндерге осы тектес бөбекжайлардың ауылы алыс.

Шыдаңыз, сәл-ақ қалды!

Баласын балабақшаға орналастыра алмай жүргендерге 2017 жыл жағымды жаңалықпен басталған еді. Министрліктің мәліметінше, балаларды толық балабақшамен қамту үшін 2020 жылға дейін қадамдық жоспарлар әзірленіпті. Бұл мәселені 100% шешу үшін тек Астанада 32,4 мың орындық 276 балабақша салынуы керек.

Бұл жоба қашан жүзеге асады? Сиырқұйымшақтанып кетпей ме?

"Қазір астаналық балабақшаларға 48 мың бала барады. Оның басым бөлігі мемлекеттік болғанымен, жекеменшік балабақшаларға жолдама алған балалар саны көбейді" делінген Білім басқармасы жіберген хатта. Қалай болса да 2020 жылы туылатын балалардың бағы бес елі болғалы тұр.

Үйде қарайтын тәрбиешілер 20-80 мың теңгенің аралығында айлық сұрайды

Мәселе шешімін тапқанға дейін жекеменшік балабақшалардың дәурені жүріп тұр.

Ал балаңызды үйіңізде қарап отыратын күтуші жалдағыңыз келсе, тәрбиеші іздейтіндер мен осы қызметті ұсынатындар жайлы мәлімет ғаламтор бетінде қаптап тұр. Қайсысын таңдайсыз, өз құзырыңызда.

Баланы тамақтандырып, қызықты ойындармен санасын дамытады. Тіпті қалаға шығарып, сергітіп әкеледі. Кейбірі тамақ жасауды күн тәртібіне қосса, енді бірі балаларды дамыту орталығына апаруды міндеттейді.

Жалақыны сағатпен есептейтін жұмыс берушілер де бар. 1500-2500 теңгені 60 минутпен есептеп береді. Мүлдем көрмеген адамға баласын аманаттаудың жүгі ауыр. Небір сұмдық оқиғаларға қаныққан халықтың санасында арам ойдың қылаң беретіні жасырын емес.

Теміртаудағы оқиға жұртты шошытты

Тінтуірмен түртіп қалсаңыз, Интернетте тәрбиешілердің кіп-кішкентай балаларды сабаған видеолары көп, жан түршіктіреді. Теміртауда болған қылмысты естіген жұрттың жеке тәрбиешілерге сенімі азайды.

Биылғы 26 наурызда екі жасар баласын тәрбиешінің ұрлап кеткендігі жөнінде полицияға арыз келіп түседі. Ұрланған баланың ата-анасы жұмыстан келгенде, тәрбиеші қоштасу хатын жазып кеткен. Әлеуметтік желі арқылы баланың аман-сау екенін хабарлап отыратынына уәде беріпті.

Ертесіне күдікті Астана қаласында ұсталды. 22 жасар тәрбиеші – "Таңшолпан" балалар үйінің түлегі екен. Теміртау қаласының соты Қылмыс кодексінің 125 бабы бойынша, 7 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.

Айыпты тәрбиеші мерзімінің азайтылуын сұрапты. Балаға қатты бауыр басқанынан өзімен бірге алып кеткенін, ұрлап кету ойына мүлдем кіріп шықпағанын айтып ақталған. Сот оның бұл сөзіне мүлдем сенбеді. Себебі, балалар үйінің түлегі сол үйде екі күн ғана тәрбиеші болып қызмет атқарған.

Осындай жан түршігерлік оқиғалардан кейін бауыр етің балаңды танымайтын адамға тапсыруға қорқасың.

Мемлекеттік балабақшаға әркімнің-ақ бар таласы

Барша жұрт баласын мемлекеттік және мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік балабақшаға беруге талпынады. Неге?

Жекеменшік мектепке дейінгі ұйыммен "Аққу" мемлекеттік балабақшасын салыстырып көрдік. Мұнда 2,5 мен 6 жас аралығындағы 360 бала тәрбиеленіп отыр. Әдіскер Майра Смағұлованың айтуынша, тәрбиелеушілердің айлығы өте аз. Бар болғаны 30 мың теңге. Бірақ қыруар шаруаны атқарады.

Балабақшаның денсаулық сақтау технологиясы көңілге қонымды. Бассейнге түсер алдында шунгит тасымен жүріп өтеді. Тұмауратып қалған балалар тұздан жасалған шахтада мультфильм көреді.

2-4 жас аралығындағы балаға 13 800 теңге төлейсіз. 4-6 жасқа толып, үлкен топқа өтсе, 16 400 теңге. Күніне 4 рет тамақтандырады.

Қала бойынша тамақтандыру стандарты бірдей. Мысалы, дүйсенбіде қандай тағам берілсе, өзге балабақшада да балалар дәл сондай ас ішеді. Бассейн тегін. Үйірмеге қатыстырмақ болсаңыз, қосымша қаражатыңызды жұмсайсыз. Бағасы қолжетімді болғандықтан әрбір ата-ана баласын осы тектес балабақшаға орналастыруға талпынады. Бірақ бәрі кезекке тіреледі.

Үш жылда балабақша кезегі жойылады

Білім министрлігінің бізге берген жауабында "демографиялық жағдайды ескердік", барлық бүлдіршін "балабақшамен қамтылады" дейді. Сенелік.

Астана қаласының Білім басқармасының дерегі былай сөйлейді:

"Астана қаласы бойынша қазіргі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы 35 мыңға жуық бала кезекте тұр. Күн сайын шамамен 100-150 бала кезекке қойылады.

Астанада биыл 1200 орынды қамтитын 3 балабақша ашылмақ. Бұл құрылыс нысандары 2 мемлекеттік және Ұлттық компаниялар тарапынан салынады. Сонымен қатар 1680 орындық 6 жаңа балабақшаның құрылысы басталды.

2020 жылға дейін 276 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр".

Балаларды топтағанда ең бірінші кезекке ілінетіндер:

Заңды өкілдері мүгедек болып табылатындардың балалары;

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар;

Көп балалы отбасылардан шыққан балалар;

Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балалары;

Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызметте жүріп қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары бірінші кезекте орын алуға құқылы.

Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу үшін:

1. www.e.astana.kz ішкі жүйесінің бастапқы бетіне кіріңіз.

2. Келесі кезекте тізімнен кілттің сақталу орнын таңдап, өтініш берушінің ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) кілті арқылы жеке кабинетке кіру қажет.

3. Әрі қарай "Мектепке дейінгі ұйымдарға мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейінгі) кезекке қою" қызметін таңдайсыз.

4. "Мемлекеттік балабақшаны таңдау" батырмасы Сіздің кезегіңіз келсе, мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар болған жағдайда, баланың жасы 2-ге толғанда пайда болады.

5. "Жекеменшік балабақшаны таңдау" батырмасы мектепке дейінгі ұйымдарда бос орын болған жағдайда және бала 3 жасқа толған кезде ғана көрінеді.

6. Балабақшалардағы бос орындарға жолдамалар кезекке сәйкес беріледі. Кезегіңіз келген кезде көрсетілген электрондық пошта мекенжайы мен телефон нөміріне кезегіңіздің келгендігі туралы хабарлама келеді.

7. Тағы бір назар аударатын мәселе, жолдама берілу күнінен бастап, баланы 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға апару қажет.

8. Толық ақпарат www.e.astana.kz ішкі жүйесінің "Нұсқаулықтар" бөлімінде берілген

Кезекке www.egov.kz сайты арқылы да, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып та тұруға болады.
Дереккөз:informburo.kz.
24 қазан 2017 г. 2 723 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 237 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 616 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031