» » Конституция – бірлік пен келісімнің берік тірегі

Конституция – бірлік пен келісімнің берік тірегі

Әлемдегі кез-келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң бізде ел тәуелсіздігімен бір кезеңде қабылданды.

Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бүкіл әлемге танытты. Қазақстан Республикасының Конституциясы егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан заңнамалық акт еді.

Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Конституция елімізді дербес мемлекет ретінде қалыптастырып, онда тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етті. Ата Заңның алғысөзінде жазылған: «Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген жалғыз ауыз сөйлем мағынасының тамыры тереңде екені айтпаса да түсінікті. Себебі, Қазақстан халқының тарихи тағдыры ел аумағында жүздеген жыл бойы бірге тұрып келе жатқан ұлттардың ынтымақтастығы нәтижесінде қалыптасты. Олар әр кезеңде әртүрлі жолдармен біздің атамекенімізге қоныс аударды. Және бірнеше ұрпақ ауысуының барысында Қазақстанда болған саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлеріне айналды. Бірлесе отырып елдің тәуелсіздігін қорғады, майданда қатар жүріп ерлік көрсетт, елдің ертеңі үшін бірге еңбектенді. Соның арқасында қазақ жерін мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар егемен мемлекетті бір кісідей мойындады. Өткен кезеңдерде тағдыр тоғыстырған тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан ары дамытуға әзір екендіктерін білдірді.

Конституция еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат берді. Адамның құқығы мен бостандығын іске асыратын Ата Заң оның материалдық әл-ауқатын жақсартудың, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді бекітудің, құқықтық тәртіп пен заңдылықты орнықтырудың міндетті шарты болып  саналады. Бір сөзбен түйіндер болсақ, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің де жол көрсетушісі, бағдаршамы. Сол себепті, оның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына қатысы бар екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы өзінің егемендік құқығын іске

асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру даңғыл жолын таңдап алдық. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Ата Заңымызды құрметтеу – баршаның, яғни қазақстандық әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Өйткені, біздің бүгініміздің негізін қалаған Конституция болашағымыздың берік болуына бастайтын шамшырақ іспетті.

Қазақстанның конституциялық құрылысының тарихында бес рет Конституция жазылып, қабылданды (1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдар). Олардың әрқайсысы қазақстандық мемлекеттіліктің ұлттық автономиядан толық дербестікке және егемендікке дейінгі дамуының белгілі бір кезеңдерін көрсетті. 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қазіргі Конституциясы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін заңды түрде айшықтады.

Бүгінде онда бекітілген нормалар, қағидаттар мен мемлекеттік институттар тәжірибеден өтіп, табысты жұмыс істеп кетті деп айта аламыз. Тәуелсіз мемлекет құру жұмысы аяқталды, тиімді экономикалық базасы жасалды, сөз бостандығы, бәсекелестік және саяси көзқарастар еркіндігі қамтамасыз етілді. Осындай іргелі жұмыстардың нәтижесі және ең басты жетістігі – бейбітшілік пен келісім. Қазақстандық қоғам бүгінде өзінің дербес жолымен жан-жақты дамуда. Конституциямыз Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатының артуына үлкен ықпалын тигізді. Қазір елімізде мемлекеттік және жекеменшік теңдігі, кәсіпкерлік еркіндігі заң жүзінде көрініс тапқан. Бұл өз кезегінде экономиканың өркендеуіне айтарлықтай ықпалын тигізуде. Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда Конституцияның алатын орны айрықша. Еліміз  Ата Заңды басшылыққа ала отырып, мемлекеттік органдарға азаматтардың экономикалық құқықтарын қорғауды, оның ішінде отандық өндірісшілерді ынталандырудың кешенді шараларын жүзеге асыруда. Азаматтарды әлеуметтік қорғау, кадрларды қайта даярлау бағдарламалары орындалуда.  Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылуда. Азаматтардың білім алудағы конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында техникалық және еңбек қызметін көрсететін кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын арттырылады. Халықты  тұрғын үймен қамтамасыз етуде де айшықты қадамдар бар.  Тоқетерін айтқанда, халықтың әл-ауқатын жақсартудың конституциялық шараслары жүйелі жүзеге асырылуда.

Конституцияда атап көрсетілгендей, адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең жоғары құндылық болып табылады. Мемлекет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан маңызды ештеңе жоқ, сондықтан да мемлекет адамдардың лайықты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті. Ата Заң бекіткендей, әлеуметтік мемлекет қоғамның әрбір мүшесінің жұмыссыздық, мүгедектік, қарттық және жалғызіліктілік жағдайында денсаулығын қорғау, азаматтың және отбасының игілігін қолдау үшін әлеуметтік саясатты жүргізуге тиісті. Осы орайда аталған мәселелерді мемлекеттік органдар қабылдайтын заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерді конституциялық тұрғыдан түсіндіру, конституциялық ережелер мазмұнын ашу жолымен конституциялық идеяларды өмірге енгізе отырып шешу ойластырылған.

Айта кету керек, адамның өмірге, бостандыққа және меншікке құқығы Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияны сыйлау, өздері сайлаған Мемлекет басшысын құрметтеу және Отанды қорғау міндетімен ажырағысыз болып табылады. Мұның бәрі – азаматтардың конституциялық міндеті. Сондықтан да Конституцияның ІІ тарауы «Адам және азамат» деп аталған. Дүниежүзілік тәжірибеде көрсетілгендей, адамның жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы – қоғам дамуының айқын көрінісі. Сондықтан азаматтарымыздың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы қажет.


 

 


Асем Кулдасова,

14 мектеп-гимназиясының тарих, құқық пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші

Алматы облысы,Талдықорған қаласы


.

09 наурыз 2021 г. 2 542 0

Похожие новости:

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 998 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 797 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930