» » ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

«ЭКСПО–2017» көрмесіне орай БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша Жаһандық хабы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жаңа Жібек жолы университеттері альянсімен бірлесіп «Future Life, Future Leaders» атты халықаралық жастар форумын өткізді. Болашақтың энергиясы тақырыбын арқау еткен ауқымды шараға Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Египет және ТМД елдерінің жүзден астам студенттері қатысты.

Алматыға ат басын бұр­ған шетелдік жоғары оқу орын­дарының басшылары «Жаңа Жібек Жолы университеттері альянсі» атқарушы комитетінің (UASR) кезекті отырысында бас қосты. ҚазҰУ-де алғаш өтіп жиында Жаңа Жібек жолын жаңғыртудағы университеттер жүргізген жұмыстардың нәтижелері, білім беру, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жобалар жөнінде айтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов халықаралық деңгейдегі аталмыш шаралардың маңыздылығына тоқтала келе, «Біз заман талабына сай нақты жобаларды құруға мүдделіміз. ҚР Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзара келісімі нәтижесінде Қытай үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ға суперкомпьютер беріліп отыр. Оның негізінде біз Жаңа Жібек жолы университеттері альянсінің халықаралық IT-технопаркін құру жұмысын бастап кеттік. Бұл университеттер альянсіне кіретін 130-дан астам ЖОО-ға онлайн білім беру, ірі бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер бермек» деді.
Жиынға қатысқан шетелдік әріптестер ҚазҰУ бастамасына үлкен қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Ливерпуль университетінің проректоры Дайана Берч: «Халықаралық IT-технопаркін құру – аса ірі әрі ауқымды жоба. Бұл білім мен ғылым саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеретін болады. Ливерпуль университеті әлемнің түрлі университеттерімен, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі» деп ұлттық университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін атап өтті.
Шара барысында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары форумға қатысқан студент-жас­тар­дың инновациялық зерттеу жұмыстарына баға берді. Гонконг политехникалық университетінің вице-президенті Ангелина Юн: «Студенттер өз жұмыстарын таныстыру барысында қуат көздерін сақтау және тұрақты даму үшін қандай жасыл технологиялар қолдануға болатындығы жайлы айтты. Жастар болашақ көшбасшылар ретінде бұқара халықты қуат көздерін үнемдеуге үйрету маңызды деп санайды. Біз қуат көздерін сақтай білетін әрі жаңартылатын энергияны өндіруді меңгерген көшбасшыларды тәрбиелеп шығаруымыз керек» деп, шараның студент-жастардың өзара тәжірибе алмасу, мәдениетаралық диалог пен тілдік байланысты арттырудағы басымдықтарын тілге тиек етті.
Ашық пікірталас алаңында түрлі аймақтардан келген жастар 5 қала – Астана, Алматы, Пекин, Гонконг пен Сианьда жасыл технология құру идеясын ұсынды. Форумға қатысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің 1-курс студенті Ерлан Шайхығали Алматыда тұрақты қоғамдық көлік жүйесін дамытуға арналған жобаны таныстырды. Бұл жоба қоқыстан алынатын биоэтанол газын шығару және онымен жүретін қоғамдық көліктер енгізуге арналған.
Форум қарсаңында ҚазҰУ-да «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін қолдау мақсатында Жаңа Жібек жолы университеттері альянсімен бірлесіп «Жасыл технологиялар: Қазақстан мен Орталық Азия Ұлы Жібек жолы бойында» атты халықаралық жазғы мектебі ашылған болатын. Шілде айында Гонконг политехникалық университетінен бастау алған жазғы мектеп Қазақстандағы жетекші ЖОО-да өз жұмысын жалғастырды. Жүздеген студенттер мен ­магистранттар қатысқан дәрістер мен пікірталастарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік профессорлары мен шетелдік жетекші мамандар жүргізді. Студенттер жазғы мектеп аясында ҚазҰУ мен Колумбия университеті бірігіп ұсынған «MDP Global Classroom» бағдарламасының ұйымдастырушылары өткізген «БҰҰ үлгісі – Жаңа Жібек жолы» атты конференцияға қатысты.
Сондай-ақ шараға келген шетелдік ЖОО басшылары мен студенттері Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалады.

Дана ХАЛЫҚ

03 тамыз 2017 г. 2 303 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 163 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 596 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031