» » Бар ғұмырын ғылым жолына бағыштаған ғалым

Бар ғұмырын ғылым жолына бағыштаған ғалым

Қазақстан ғылымының өркендеп өсуіне елеулі үлес қосып, ерекше дарындылығымен көпшілік ортасында үлкен беделге ие болған адамдар баршылық. Солардың қатарына өзінің еңбегімен биология ғылымында өшпес із қалдырған Мұрат Құрмашұлы Гильмановты жатқызуға болады.

                Мұрат Құрмашұлы дген кім және ол қай салада еңбек еткен адам еді?

 

      Гильманов Мұрат Құрмашұлы (1942-2014) – Кеңестік және Қазақстандық ғалым, биология ғылымдарының докторы (1991), профессор (1992), Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (2004).

      Атақты ғалым С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) биология факультетін бітіріп, еңбек жолын Көкшетау облысындағы Амангельді атындағы орта мектепте химия және физика пәндерінің мұғалімі қызметінен бастады.

      1965-1968 жылдары аралығында Мәскеу қаласындағы әлемге аты әйгілі А.Н. Бах атындағы биохимия институның аспирантурасында оқыды. Осы институтта 1969 жылы кандидаттық, ал 1990 жылы докторлық диссератциясын қорғады.

      Аспирантураны тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы Ботаника институтында қызмет етті (1968-1983). 1983 жылы Алматыда құрылған Молекулалық биология және биохимия институтында (қазіргі кезде бұд

      Институт Кеңес Одағы кезіндегі Лениндік сыйлықтың лауреаты, академик М.Ә. Айтхожиннің есімімен аталады) «Ферменттердің құрылымы мен реттелуі» зертханасын ұйымдастырып, оны 2014 жылы қайтыс болғанға дейін басқарды.

      Оның жетекшілігімен зертханада өсімдіктердегі азот алмасуының биохимиясы, жасуша биологиясы, гормональды сигналдардың тасымалдануы және ферменттік инженерия салаларында іргелі зерттеулер жүргізілді. Жоғары сатыдағы өсімдіктердегі азот алмасуының негізгі ферменттерінің құрылымы мен қызметін зерттей отырып, оның мектебі бірінші болып аспарагин қышқылының синтезі мен глютамин қышқылының ыдырауын жүзеге асыратын жаңа ферменттік кешенін ашты. Бұл ферменттер кешенін дәнді дақылдардың сыртқы ортаның кері әсерлеріне төзімділігін алдын ала бағалау үшін тест ретінде қолдануға болатындығын дәлелденді.

      Кейінірек, тағам құрамына, әсіресе балалар тағамдарының құрамына дәмдеуіш ретінде қосылатын глютаматтың ағзаның жүйке жүйесіне токсикалық әсер ететінін анықтай отырып, аталмыш ферменттік кешенді оның мөлшерін алдын ала анықтауға және оны клиникалық диагностикада қолдану мақсатында пайдалануға болатындығын дәлелдеді.

      Бұдан басқа М.Қ. Гильмановтың жетекшілігімен өсімдіктерден, олардың өсуі мен дамуына тікелей әсер ететін, биореттегіш бөліп алынып, оның өте аздаған (нанограммалық) мөлшерінің өзі өсімдіктердің физиологиялық және биохимиялық процестерін белсендіретіні анықталды. Бұдан басқа бұл гормонды аса маңызды астық дақылдарының өнімділігі мен олардың қолайсыз жағдайларға төзімділігін арттыру үшін, сонымен қатар өсуге қабілеттілігі жойылған дәндердің өнуі мен өсімдіктерді вегетативтік көбейту үшін қолдануға болатындығы көрсетілді.

 

      Мұрат Құрмашұлының медицина саласындағы еңбектіріне де тоқтап кетуге болады. Зертханада қызмет ететін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің бір топ шәкірттерімен бірге Мұрат Құрмашұлының жетекшілігімен нанотехнология әдісін қолдана отырып, дәрілік препараттардың сыртын тек ерекше ферменттермен ыдыратылатын заттармен қаптау (фосфатидилинозитолмен) арқылы дәріні нақты ауырған жерге жеткізуге болатын заманауи әдісі жасалды. Бұл зерттеулер жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеуге арналған «Изокет», «Жәрдем, «Антиинфаркт» сияқты инновациялық дәрілік препараттарды жасауға мүмкіндік берді.

      М.Қ. Гильманов – ғылыми жетістіктерімен бірге ұйымдастырушылық қабылетімен де көпшілікке белгілі болған ғалым. Оның ұйымдастырушылық ерекше таланты ҚР Ұлттық биотехнология орталығының директоры қызметін атқарған кезде байқалды (1994-1996). Ол іргелі және қолданбалы зерттеулердің көшбасшысы ретінде осы Орталықтың құрылуына және дамуына, денсаулықты сақтау, ауыл шаруашылығы, экология және жоғары білікті мамандарды даярлау салаларындағы ғылым мен технологияны дамытудың басым бағыттарымен байланысты биотехнологиялырды дамытуға баға жетпес үлес қосты.

      Атақты ғалымның басшылығымен жасалған ғылыми жұмыстардың нәтижелері Азия, Еуропа және Америка елдеріндегі көптеген халықаралық форумдарда баяндалған. Реймс қаласындағы (Франция) өткен нанотехнологиялар бойынша симпозиумда оның өзі жасаған медициналық препараттары бойынша баяндамасы күміс медальмен марапатталды. Осындай Халықаралық конференциялардың бірінде М.Қ. Гильмановтың дәрілік препараттар туралы баяндамасынан кейін америкалық бір ғалым оның қасына келіп «Сіздер бізден, шамамен, 10 жыл озып кеткен екенсіздер...» деп жоғары баға берген екен.



     

Мұрат Құрмашұлы ғылыми жұмыстары мен педагогикалық қызметін табысты үйлестіре білді. Ол 30 шақты жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне, магистрантары мен докторанттарына биохимия, гендік инженерия, биотехнология және нанотехнология бойынша арнайы курстардан дәріс оқыды.

      Гильманов М.Қ. 260-тан астам ғылыми еңбектердің авторы және бірлескен авторы, оның ішінде 8 монография және Отандық, АҚШ және Венгрия елдерінің 28 патенттері бар. Сонымен қатар ол қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде жарық көрген орта мектептерге арналған әЖалпы биология» бойынша екі оқулық пен хрестоматияның бірлескен авторы.

       Ғалымның жетекшілігімен 1 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаттары және 80-нен астам бакалавлра мен магистрлер дайындалды.

      Мұрат Құрмашұлының ғылым мен білім саласындағы еңбектері: КСРО ХШЖК-нің күміс медалімен, ҚР-ның көрнекті ғалымдарына арналған екі Мемлекеттік ғылыми стипендиясымен, Мұхтар Әуезов қорының «Кемеңгер» Құрмет белгісімен марапатталған.

      Ардақты ғалымның Қазақстан ғылымының дамуына мен еліміздің жастарына білім беру саласындағы елеулі еңбектері ескеріле отырып 2022 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесері ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Ал 2023 жылы университеттің Биология және биотехнология факультетінде «Академик ГИЛЬМАНОВ МҰРАТ ҚҰРМАШҰЛЫ атындағы оқу зертханасы» ашылды. Зертхананың ашылу салтанатына биология және химия салаларының ғалымдары, медицина саласының қайраткерлері және университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттер қатысты. Зертхананың ашылу лентасы белгілі қоғам қайраткері, ғалым М.М. Әуезов пен академик З.А. Мансуров қиды.



        Мұрат Құрмашұлының өмірі мен еңбек жолын ғылымға аянбай қызмет етудің жарқын үлгісі деп айтуға болады.


Ережепов Ә.Е., Мухамбетжанов С.К., Кіршібаев Е.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы

26 желтоксан 2023 г. 3 851 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 846 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930