ШҚМУ студенттері халықаралық кәсіпкерлік мектебіне қатысты
ШҚМУ студенттері 13-19 тамызда Павлодар облысында өткен Enactus Kazahstan Summer Camp 2017 халықаралық кәсіпкерлік мектебіне қатысты.Бұл туралы EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Enactus жазғы кәсіпкерлік мектебі – бұл Enactus бағдарламасы көшбасшылары мен табысты кәсіпкерлерінің диалог алаңы және олардың тиімді әріптестіктерінің тәжірибелік зертханасы. Ол қарқынды оқыту және тренингтерді қамти отырып, ең қызықты және сәтті бизнес-жобалардың өмірге келетін орнына айналды.
Аталмыш алаңдағы кәсіпкерлік көңіл-күйін тарих, филология және халықаралық қатынастар факультеті, «Журналистика» мамандығының 3-курс студенттері Саинов Ерсанат және Естаева Гульжан сезініп қайтты.
- Бұл жазғы мектеп студенттер өмірінің көп қырына серпіліс бере алады. Enactus белгілі адамдар және өз ісінің мамандарымен кездесуге ғана емес, сонымен қатар олардың тәжірибелерін және білімдерін сіңіруге мүмкіндік береді. Біздің Президентіміздің «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» - деп айтуы тегін емес, біз дамып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға тиіспіз, тек сонда ғана жарқын болашақтың есігі айқара ашылмақ, - деп өз ойымен бөлісті Ерсанат Саинов.
-Жазғы мектеп барысында Қазақстанның белгілі кәсіпкерлері дәріс оқып, «Нейромаркетинг. Жарнама. Брендинг», «Мағыналы маркетинг», «Ғаламторда табыс табу жолдары», «Қаржылық сауаттылық» және «Жобаларды жүзеге асыру тиімділігі» тәрізді тақырыптарға тренингтер жүргізіп, шеберлік-сыныптарын өткізді. Біздің еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарында Enactus топтары жұмыс істейді және өз жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Осы бағдарламаның нәтижесінде мен студент бола тұра, өз кәсібіңді бастауға болатынын түсіндім. Сол себепті енді біз өз тобымызды жасақтауды мақсат еттік, - дейді Гульжан Естаева.
Жазғы мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, құнды сыйлықтар тарту етілді.