» Жоспар құра білу-оқушы ойын жүйелеуге көмектесу

Жоспар құра білу-оқушы ойын жүйелеуге көмектесу

Жоспар құру жазылымға дайындау кезеңіне жатады. Оқушылар берілген тақырып аясында талқылау жұмыстарын жүргізеді.  

Бұл үдерісті олар жұптық, топтық жұмыстар арқылы жүзеге асырады. Сол арқылы олар тақырыпты талқылап өз идеяларымен бөліседі. Оқушылар бұл тұста ментальді карта, кластер және т.б. әдістерді кеңінен пайдаланады. Идеялар  топтастырылып, сұрыпталып жоспар құрылады. Жоспар құруда қажетті мәліметтерді жинақтауға мүмкіндік беріледі.

Мәтін – лингвистикада сөйлемнен жоғары бірлік ретінде қарастырылады. Ал лингвистикалық бірліктердің – сөз, сөйлем – формалық құрылымынан мазмұнына қарай қарастырылатыны белгілі.

Мәтін – тек сөйлеудің туындау үдерісінің жемісі ғана емес, сонымен қатар, қабылдау жемісі болып табылады. Сондықтан да мәтінді екі жақты тану маңызды орын алады: біріншісі – айтушының тұрғысынан, екіншісі – тыңдаушының тұрғысынан қарастыру.

Сондықтан мәтінді түсініп оқу дағдысын қалыптастыруда оқушыларды мәтінге жоспар жасауға жаттықтырудан басталады. Негізінде ғалымдар мәтінге жоспар құруды біліктіліктің күрделі қызметін қажет ететін үдеріс деп санайды. Сондықтан да оқушыға жоспар құрғызуға жеңіл қарамағаны дұрыс. Дұрыс құрылған жоспар – оқушының айқындалған ойын танытады. Ал оқушы өз ойын айқындап, бір желіге түсіре алмаса, материалды меңгерді деп айта алмаймыз.

Мәтінге жоспар құру барысында оқушы екі жақты әрекет жасайды: оның бірі – тұтас мәтінді бөлшектеу жолын танып жатады, екіншісі – мәтіннің мәнісі жағынан жуық келетін бөліктерін топтап, жинақтап жатады. Сонда, жоспар құру анализ бен синтездің қатар жүруін қажет ететін логикалық амалдар екендігін танимыз. Құрылымдық жағынан бөлшектеп жатқанымен, сол бойда мән-мағыналық жағынан топтап жатады.

Мәтінге жоспар құрғызуды оқушылардың танымдық әрекеті деп тану осыдан келіп туындайды. Өйткені тұтас пен бөлшектің ара қатынасы және тұтастықты құрап тұрған ішкі байланыстарды анықтау – оқушының таным қызметінің нәтижесі.

Мәтінге жоспар құруды үйрену арқылы оқушы берілген материалдың ішіндегі ең мәнді, маңызды, яғни ойдың дәнін тану жолын меңгеретінін ұмытпау керек. Алғаш жоспар құруды үйренген кезде оқушы маңызды емес, жанама белгілерді алдыңғы кезекке қоюы мүмкін. Мысалға, ол бір заттың айрықша белгісі болуы да, немесе оқушыға таныс емес, айтылуы күрделі сөз болып та көрінуі мүмкін. Бірақ мәтінді тұтас қайта-қайта оқып, дауыстап оқып, одан мазмұндау барысында оқушының санасында үлкен мазмұн біртіндеп компрессиялана бастайды да, нәтижесінде оқушы жоспарды немесе тезисті “жасай бастайды”. Бұл – біліктілікпен (интеллект) тығыз байланысты ой амалдары деп саналады.

Мәтінге жоспар құрғызуда оқушылар орындайтын, оларды қалыптастырылуы тиіс деп саналатын логикалық амалдар мыналар: тұтас мәтінді мағыналық бөлшектерге бөлу; негізгі ойды іріктеп, анықтау; бөлшектерге тақырыпшалар беру; оларды жоспар түрінде ретке келтіру.

Жоспар құру үшін, сонымен бірге жоспардың түрлерін де тану керек. Олар:

- жоспарды сөзбен құру, мұның өзі жай жоспар, күрделі жоспар, кеңейтілген жоспар болып бөлінеді;

- сурет арқылы жоспар құру;

- танымдық жоспар құру;

Жоспар -  мәтін мазмұнының ықшам, нақ әрі жүйелі берілген тірек-негізі .

Мәтін құру барысында немесе берілген мәтінді талдап қарастыру бағытында жұмыс жасау – ойды жүйелеуге көмек.

Жай жоспар

Күрделі жоспар

Тезистік жоспар

Сұраулы жоспар

Мәтіндегі

маңызды

бөлімдердің атауы

Мәтіндегі маңызды

бөлім атаулары

мағыналық

компоненттерімен

біргеұсынылады.

Мәтін бөлімдерінің

тақырыпшалары

мен азат жолдардың

негізгі мазмұнына

қатысты атаулар қамтылады.

Әр сауал мәтіннің

ақпараттық бөлігін

қамтиды

Негізінде жоспар құру барысында оқушылардың ой қызметі жетіледі. Оқушы мәтіндегі берілген материалдың мазмұнындағы түйінді ой мен қосалқы ойды ажырата ала ма, ол үдеріс қалай өтіледі, ойлау қызметі қаншалықты өсіп-жетілді, жазушы адамның тілдік қызметінің нәтижесі (яғни мәтін) екінші адамға қалай аударылып шешілді деген маңызды сұрақтарға мұғалім оқушының мәтінге жоспар құру қызметінен, соның нәтижесінен жауап іздейді. Бірақ сол жақсы нәтижеге жету үшін мұғалім соған жететін баспалдақтарды қалауы тиіс екендігі есте тұрады.

Мәтінге жоспар құрғызудағы әрекеттің бірі мәтінді топтарға бөлу – жұмыстың алғашқы сатысы ғана. Бұл әлі есте сақтау емес. Өйткені ол оқушының өз бетімен орындайтын дағдыларының қатарына енген жоқ. Сондықтан да логикалық бірізділікпен жүргізілетін мұғалім жұмысының түпкі нәтижесі ғана оқушының мәтінді есте сақтауы, оны бөлуі мен мазмұндық жағынан тығыз түрде жүйелей алуы сияқты маңызды қабілеттерді қалыптастыратын болады.

5 сынып. Қазақ тілі

5. Бос уақыт және хобби. Морфология

Сабақтың тақырыбы: Хобби

Оқу мақсаты: 5.3.1.1  берілген мәтінге сәйкес кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерді қамтитын қарапайым жоспар құру

Тапсырма:  Берілген мәтінге сәйкес кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерді қамтитын қарапайым жоспар құрыңдар

Жетістік критерийі:

  • қарапайым жоспар құру  кезінде берілген мәтінге сәйкес кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдердегі негізгі ойды  қамти  отырып жазады.

Хобби

Хобби дегеніміз – әрбір адамның өзі сүйіп істейтін әрі қолынан келетін ісі. Біреулер сурет салғанды, біреулер ән айтқанды, ал енді біреулер топтама жинағанды ұнатады. Жер бетінде қанша адам болса, барлығының да бос уақытында айналысатын, өмірлік мәні бар сүйікті ісі болады.

Қазақ қаламгерлерінің көпшілігінің өз сүйікті істері болған. Мәселен, балалар ақыны Мұзафар Әлімбаевтың хоббиі – сөзжұмбақ және сканворд құрау және шешу, әлем халықтарының мақал-мәтелдерін жинау және оларды қазақ тіліне аудару; жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың хоббиі – cурет, жақсы кітаптар жинау; Қадыр Мырза Әлінің хоббиі –кітап, қалам, бәкі, төсбелгі жинау болса, жазушы-аудармашы Герольд Бельгер шахмат ойнауды жақсы көрген, классик жазушы Ғабит Мүсірепов неше алуан таяқ жинаған.

Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев оттықтан (зажигалка) топтама жинаса, Н.Ә.Назарбаевтың хоббиі – табиғат аясында болу, спортпен шұғылдану, музыка тыңдау және кітап оқу екен.

Сол секілді өнер адамдарының да хоббилері сан алуан, бірі құс өсірумен айналысса, екіншілері аңшылықпен, үшіншілері жылқы ұстаумен, төртіншілері қолөнер кәсібімен, гүл өсірумен т.б. істермен айналысқанды ұнатады.

Қарапайым жоспар : 

Кіріспе.  Хобби дегеніміз не?

Негізгі бөлім: Хобби түрімен айналысатын қазақ қаламгерлері

Қорытынды. Хоббидың маңыздылығы

Пайдаланылған әдебиеттер

 

 

1. МАН  © «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық  

шеберлік орталығы, 2016  36-б.

2. Қазақ тілі – Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына арналған  оқулық. / Т.Н.Ермекова, Ж.К.Отарбекова, Р.Н.Мұнасаева. – Астана: «Арман-ПВ», 2017. – 210 бет.

 3.  Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер, Алматы: Ғылым, 1966. – 360 б.

4. Балақаев М., Томанов М, Манасбаев Б. Жанпейісов Қазақ тілінің стилистикасы. –Алматы: Мектеп, 1974. – 192 б.

   5. Құрманова Н. Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың логикалық ойлау мәдениетін қалыптастыру әдістері мен тәсілдері. – Алматы, 1998.

 Ж.Т. Кужимова,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ 

Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша

 ПҚБАИ «Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар» 

кафедрасының аға оқытушысы


Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпарат агенттігі
---
27 қаңтар 2020 г. 113 523 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 584 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930