» » Күннің бастауы - таңғы жиын

Күннің бастауы - таңғы жиын

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие жұмысының ең негізгі мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік, еңбексүйгіштік  сезімін, ел болашағы, ұлт болашағы үшін жауапкершілік, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу.

«Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген Әл-Фараби сөзінің шындығына келіспеуге болмас. Оқушы бойына біліммен қатар тәрбие негізін сіңіру біздің басты мәселеміз.

Зияткерлік мектептеріндегі тәрбие жұмысының айрықша ерекшелігі: мектепте білім мен тәрбие үрдісі қатар жүреді. Мектебімізде жүзеге асырылып жатырған тәрбие жұмысының негізгі міндеті оқушылардың рухани-адамгершілік тұрғыдан кемелденуіне, шығармашылығын, әлеуетін дамытуға бағытталған.

Мектепте тек қана дәстүрлі іс-шараларды өткізу жеткілікті емес. Қазіргі таңда тәрбие жұмысының бағыты өзгергені анық. Тәрбие жұмысының жоспарын құрған кезде заманауи қажеттіліктерді ескеріп, оқушының бойында адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, қоғамға қызмет ету және көшбасшылықты дамытуға баса назар аударылады.

Осындай ерекшеліктеріміздің бірі мектеп оқушыларының мектептегі әрбір күні таңғы жиыннан бастау алады. Барлық сынып оқушылары педагог-кураторларымен бірге 15 минуттық таңғы жиындар өткізеді, жаңалықтар және белгілі тақырыптарды талқылайды, осы орайда  ұйымшылдық  және  топта жұмыс жасау қалыптасады.

Таңғы жиын - оқушылардың  құндылықтар негізінде күн сайын  ұйымдастырылған және жоспарланған  іс-әрекеті.  Жиында өзекті мәселелер айтылады, куратор өткізілетін іс-шараларды жариялайды, ақпараттарды жеткізеді.

Куратор – сынып оқушыларына  үлгі болатын белсенді көшбасшы, сөзін өткізе алатын шешен, үнемі ізденісте жүретін, топтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жауапты жанашыры,  әрі өзін-өзі жаңаша қырынан көрсете білетін жан.

Біздің оқушыларымыздың күнделікті жүктемелері көп болғандықтан, 1 ай немесе 1апталық жоспармен жұмыс жасау өте қиын. Сондықтан біз жұмысымызды таңғы жиыннан бастаймыз. Әр күннің өзіндік жоспарымен танысқаннан бөлек, әр күнге бекітілген тақырыпқа сай дайындалған жаңа ақпараттар алып отырамыз. Ол тақырыптар ай сайын сыныппен бірге талқыланып, өзгертіліп отырады.  Сол тақырыптарға арнайы дайындалатын кезекші оқушыларымыз сыныптың кезекшілік координаторымен кесте құрылады. Тақырыптар оқушылардың жас ерекшелігіне қарай құрылады.

Жоғары сыныптар мамандық таңдау жұмыстары мен жоғары оқу орындарын таңдауда ақпаратты көбірек алса, төменгі буын мектеп өмірінде белсенділік таныту мақсатында күнделікті жоспармен танысып, бағыттар алып отырады.  Мысалы, дүйсенбі күні жағымды жаңалықтармен бастасақ, сейсенбі күні «Жүз күйдің тарихы» тақырыбында бір күйдің шығу тарихымен танысып, әуенін тыңдап, сұрақ-жауап арқылы тақырыпты бекітеміз. Сәрсенбі күні заманауи «лайфхак» (пайдалы кеңестер) тақырыбында қызықты мәліметтер алып, күнделікті тұрмысқа, оқуда пайдалануға болатын кеңестер айтылса, бейсенбі күні сергіп алу  мақсатында «тренингтер» өткізіледі. Ал жұма күні «фильмдер мен кітаптар» тақырыбындағы қызықты ақпараттармен алмасамыз. Сонымен қатар әр күніміздің ерекшелігі сол, таңғы жиындар дүйсенбі, сейсенбі күндері қазақ тілінде, сәрсенбі, бейсенбі күндері ағылшын тілінде, ал жұма күні орыс тілінде жүргізіледі. Осындай жұмыстар арқылы балалардың бойындағы тілдік қабілеттерін шыңдаумен қатар, ортада еркін сөйлеп, іздену жұмыстарын жүргізуге үйренеді.

2019-2020оқу жылында тәрбие жұмысында ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлы дала ақындары», «Менің өмірімдегі қолданатын мақал-мәтелдер», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Ата-ананың мектептегі бір күні»  тақырыптарында жаңа жобалар енгізілді. Осы жобалар аясында ақындардың өлеңдері оқылып, мақал-мәтелдер айтысын өткізіп, таңғы жиынымызға ата-аналарды шақырумен қатар, еліміздегі қариялар мен зияткер оқушылардың арасындағы достық қарым-қатынасты орнату мақсатында жұмыстарымызды жоспарлап, ақылдасуға арнайы бір күнді таңдаймыз.

Кураторлар қызметінің мақсаты – оқушының тұлғалық өсуі және даму үдерісін басқару, оның мектептегі әлеуметтік белсенділігін ұйымдастыру, жеке, дара дамуына, қауіпсіздігі және денсаулығына қолдау көрсету, ата-аналармен ынтымақтастықты қамтамасыз ету.

Дұрыс қанаттанған түзу ұшар демекші, балаға тәрбие жолында қызмет етіп жүрген педагог-кураторлардың еңбегі, арқалаған үміті ақталу жолындағы жұмыстары таңғы жиындардан басталады.


Авторы:

Педагог-ұйымдастырушы-куратор Жумагалиева Гулим Махсотовна

Педагог-ұйымдастырушы-куратор Нургалиева Салтанат Муратовна

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 

Орал қаласындағы «физика-математикалық бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы


17 қазан 2019 г. 2 524 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 230 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 614 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031