» » Білім жарысы

Білім жарысы

  Әлемде Нобель сыйлығы деген үлкен абыройлы марапат бар.Оны ғылым мен әдебиетте үлкен төңкеріс жасаған жүзден жүйрік,мыңнан тұлпарлар ғана қанжығасына байлай алады.Бұл аталмыш сыйлықтың ғалым Альфред Нобельдің өсиеті бойынша тағайындалғаны баршаға аян.Осыдан 104 жыл бұрын,яғни 1913 жылы Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың Нобель сыйлығы жөнінде жазылған "Білім жарысы" деген мақаласы жарық көрді.Бұл мақаласында Ахаң қазақ байларының білім мен ғылымға емес,той-томалақ пен асқа құмар екенін,бар малын осыларға шығындайтынын сын тезіне алады.Алдағы уақытта қолында қаражаты бар байларды білім мен ғылымға көңіл бөлуге шақырады.Алаш арысының осы бір мақаласын EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі оқырмандармен бөлісуді жөн көрді.
                      
                      Білім жарысы   

Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар – білімділер, зейінділер. Оларға бәйге тігіп, жарыстыратындар – бай адамдар я обществолар. Бәйге тігу, жарыс істеу біздің қазақта да бар. Қазақта бай адамдар я қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, я өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай, адамдығына қарай ас пен тойдың үлкені де, кішісі де болады. Барлығы бәйгеге тіккен малынан гөрі шақырған елдердің санынан, сойылған малынан байқалады. Тойдан көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мың жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істеледі. Не жұртқа келер онан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі – осы.

Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт я дүниядағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы. Білім жарысы дегеніміз – бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді: осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді. Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді; білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен-бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді. Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі.

Еуропада, мысалы, Нобелевский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында я әдебиет ауданында еңбек етіп озған адам, я соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы. Жылда Рождество мейрамының алдында швед жұртының астанасы Стокгольм шаһарында білім жарысынан озғандарға бәйге аталады.

Өткен 1912 жылы Нобель бәйгелерін алған адамдар:

1) инженер Дален – ғылым хикметінен көрсеткен үздік біліміне алды;

2) профессор Каррел – дәрігерліктен көрсеткен үздік біліміне алды;

3) неміс жұртының атақты драма жазғыш жүйрігі Гауптман – әдебиет жүзінде үздік біліміне алды;

4) Сабатья һәм Гренкер – француз ғұламалары, ғылым хикметінен көрсеткен үздік білімдеріне алды.

Осылардың һәм басқалардың жылда озғанда алатын бәйгелері – шведтің Нобель деген бір инженерінің білім бәйгесіне деп шығарған 18 миллион ақшасы. Осындай жұртқа пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың құлағына салып, біздің айтайын деп отырғанымыз мынау: білім жарысын істеу – әр жұрттың қолынан келетін іс. Істейін десе, қазақтың да қолынан келеді. Еуропадай зор істеуге болмаса, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады. Еуропадағы ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ. Олар асқанның үстіне асыру үшін істеп отыр, біздер жұрнағы болу үшін істеу керек. Мың жылқысы бар байлар оның үстіне мал аз дегенде, бір аты жоқ жарлы мал аз демей қарап отыруы дұрыс па? Ғылым, өнер турасында біздің жайымыз да сол жарлының халі сықылды. Ғылымның жаңа жолын табуға іздемек түгіл, тапқан ғылымға қолымызды жеткізерлік бізде еш нәрсе жоқ. Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы. Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді.

Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал; мал жисаң, өліп қалып, босқа шығындау ықтимал; білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды. Пайдасы боларлық істі істемей, бәйгеге ешкім қол созбайды. Солай болған соң, бұған шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ. Еуропа байлары мұндай іске ақшасын басы бүтін қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады.

Біздің қазақ байларында Еуропа байларындай мол байлық жоқ, аз байлықпен халінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Біреудің малы көп болса да, саңылауы жоқ болады. Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз – қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы отбасынан аспайды. Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады. Басқадан кемшілік көрсе, намыстанбайды, кектемейді, бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді. Ауылын шауып, адамдарын сабаса – жауын мұқатып, мақсатына жетіп болғаны. Халықтың көбі сондай болған соң, сол көптің ішіндегі байлар қайда барсын? Сондықтан қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын Еуропа байларындай басы бүтін бере алмайды. Еуропаша істе деп айтуға аузымыз бара алмайды. Осыны есімізге алып, Еуропа үлгісін қазақтың мүшесіне лайықтап, артығын мінеп, қазақ байларының алдына саламыз. Қазақтың байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін.

Оны былай етуге болады: жоғарыда айтылды, білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға болсын деп. Білім түрлі болады. Білімнің әр түрін бірдей жақсы білетін адамдар аз болады. Бір түрін жақсы білетіндердің табылуы қиын емес. Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе; әдебиет ауданында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар, сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе. Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы шығарған ғана кітаптарға берілсе, тігілген бәйгеге қарай бәйге кітапты бір я екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, сонан кейінгі бастырулары жазушы өз еркіне берілсе, осы шартпен білім жарысы істелсе, әуелі бәйге тігуге жомарттық көп керек болмас еді. Неге десең, сынаудан өтіп, жақсы деп бәйге берілген кітап өтпей қалады деп қауіптенуге орын жоқ. Екінші, жазушыға да қолайлы. Шығарған кітабы жақсы болса, еңбегіне тиісті даяр ақшаны алып, онан әрі тағы жақсы кітап шығаруға кірісер еді. Еңбегіне ақысы татымды болған соң, ол өзін сол жұмысқа алаңсыз жегер еді. Әр жерден сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға бастырмай қоймас еді. Бәйге тігушіге де, бәйге алушыға да тынышты, жұрттың білім турасындағы істерін алға сүйреуге қолайлы һәм нағыз керек жолдың бірі – біздің ойымызша, осы. Бұған, басқалар һәм байлар, не айтасыздар?

Ахмет Байтұрсынов

1913 ж.

      
07 тамыз 2017 г. 8 581 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 733 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 344 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930