» » ИГІ ІСТІҢ БАСТАУЫ - ЖАҢАШЫЛДЫҚТА

ИГІ ІСТІҢ БАСТАУЫ - ЖАҢАШЫЛДЫҚТА

 Қазақстан Республикасының білім беру реформаларының негізгі мақсаты - білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуы туралы міндет қойғаны мәлім. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет.

 Тек терең білім, іскерлік дағды, кәсіби біліктілік кез-келген ұстаздың күнделікті іс-әрекетіне енгенде ғана қабілетті тұлға, яғни жан-жақты заман талабына сай, дүниетанымдық қасиеті дамыған, сын тұрғысынан ойлауды көздейтін ойшыл азамат тәрбиелеу болса, оны атқаруда мектептің әдістемелік кеңесі мен бірлестік жетекшілеріне үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Біздің мектеп-гимназиямыздың оқу-тәрбие жоспарының бір саласы осы тақырыпқа бағытталған.

Білім шаңырағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыра түсуде. Ұйымдастырылған құрылым мұғалімдердің білімін, кәсіптік деңгейін, шеберлігін жетілдіру жолдарын жүзеге асырады. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру және шығармашылықпен жұмыс істеу бағытында әдістемелік кеңес жанынан құрылған 3 шығармашылық топтар жұмыс жасайды. Олар: «Талапкер» тобы – жас мамандар мектебі, «Ізденіс» тобы – мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін жетілдіру мектебі және «Озат тәжірибе» тобы – жаңашыл мұғалімдер мектебі.

Озық тәжірибелерді зерттеу, жинақтау және тарату мақсатында «Озат тәжірибе» мектебі «Бұлақ көрсең көзін аш, сусыныңды қандырар» тақырыбында жұмыс атқарады. «Озат тәжірибе» тобы жанынан құрылған жаңа педагогикалық технологияларды тарату бойынша «Парасат», «Жаңашыл», «Шыңдалу», «Нұрлы білім», «Еркін пікір» шығармашылық топтары мектептің жаңашыл ұстаздарының бастамасына қолдау көрсетіп, ғылыми-шығармашылық тұрғыда ізденуге ынталандырып отырады. Осының нәтижесінде мектеп-гимназия мұғалімдерінің оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, оқыту үрдісіне электронды оқыту жүйесін енгізу, қосымша білім беру жүйесін жетілдіру бағытында да қомақты табыстарға қол жеткізуде. 2016-2017 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімі «Сатылай кешенді талдау технологиясының тренері» М.Абдукодированың «Фонетика және морфологиялық бірліктерді сатылай кешенді талдау» тақырыбындағы 3 сыныпқа арналған әдістемелік оқу құралы, жұмыс дәптерлері, «Фонетикалық бірліктер» әдістемелік құралы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Ергебекованың «Методическое пособие по составлению позиционных и интерпретационных задач по развитию грамотности чтения» тақырыбында әдістемелік құралы жарық көрді.

Мектебімізде қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерген, заман талабына сай білім беру үшін арнайы семинарлар мен курстардан өткен шығармашыл ұстаздар еңбек етуде. Деңгейлі курс бағдарламасы бойынша сертификат алған 31 мұғалім кәсіби қауымдастық құрып, жұмыстар жүргізуде. Мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін өзгеден үйреніп, өзінде дамыта отырып, өзгемен озық тәжірибесін бөліскенде ғана өседі, дамиды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», - деп білім беру жүйесіне жаңа міндеттер қойған болатын.

Осыған орай, аяқталған оқу жылында білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 35 мұғалім өтті. Курс барысында мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мазмұнын және мақсаттарын біліп түсінумен қатар, жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана білуді меңгеріп, сабақ процесінде ұтымды пайдалануда. Және де жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері Ж.Орынбек пен Ж.Бурабаева ағылшын тілінен арнайы курстан өтіп, жаңа оқу жылында гимназия компонентіндегі химия және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады.    

«Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман» - деп Міржақып Дулатов айтқандай қазір ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стандартқа сай жаңа білім беру - жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол деп білеміз.

Ұжымда ұзақ жылдардан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардан тәлім алған жас мамандар да өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыдан шыңдалу мақсатында аянбай ізденуде. «Талапкер» әдістемелік-тәжірибелік мектебі еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандарды дайындауға ерекше көңіл бөледі. Осының арқасында 2016 жылы «Ең үздік ауыл мұғалімі» байқауында бастауыш сынып мұғалімі М.Қамбарбекова ІІІ орынды иеленді. Білім мекемесінің оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарда жоғары жетістіктерге жетуіне «Озат тәжірибе» мектебінің құрамына енетін тәжірибелі ұстаздар қомақты үлес қосып келеді.  Оның арасында республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы М.Абдукодирова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған А.Оразов, М.Әлімбеков, Қ.Көшпенбетова, Г.Тәжкенова, Ұ.Ахметова сынды майталман ұстаздар бар.

Тәжірибелі ұстаздардан білім алған бірқатар шәкірттер халықаралық «British bulldog», «Руский медвежонок» байқауларының, «Тілім менің тірлігімнің айғағы» XVII республикалық ауызша командалық олимпиадасының, «Ақбота» интеллектуалдық марафонының, республикалық «Тәуелсіз ел жастары» ақындар мүшәйрасының, «Зерде» ғылыми жобалар байқауының, «Жарқын болашақ» ХІ республикалық қазақ тілі олимпиадасының, облыстық «Ақберен» т.б байқауларының жеңімпаздары атанды.

Мектеп ұстаздары жеке тұлғаның дарындылық қабілеттерін жан-жақты дамыту бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы бағытта құрылған «Дарын» ғылыми қоғамы мүшелері түрлі пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, аудандық, облыс көлемінде жеңімпаз атанды. 2017 жылы 20 оқушы аудандық пән олимпиадасында, 2 оқушы облыстық пән олимпиадасында жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда орыс тілі пәнінен 9-сынып оқушысы Тельман Ұлжан /жетекшісі И.Турикбаева/, қазақстан тарих пәнінен 9-сынып оқушысы Әбзәділ Әйгерім /жетекшісі Г.Сейдалиева/ ІІІ орынды иеленді.

Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жаңартулар оқу-тәрбие жұмысының бағыт-бағдарын заман талабына сай міндеттейді. Педагогикалық ұжымда мониторинг жасаудың ішкі заңдылығы – рейтинг жүйесі қалыптасты. Педагогтардың қызметін жүйелеу үшін «Үздік бірлестік» рейтингісі, сынып жетекшілер және мұғалімдер арасындағы рейтингтің қорытындысы сараланады. Сондай-ақ тұрақты түрде жыл қорытындысы бойынша «Жылдың үздік сыныбы», «Жылдың үздік оқушысы» байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сый-сияпаттармен марапатталып отырады.

Қорыта айтқанда, еліміздің ертеңі бәсекеге қабілетті білім иелерінің қолында. Сондықтан да мектеп педагогтары өскелең ұрпаққа жан-жақты терең білім беру, үш тұғырлы тілді меңгерту, ұлттық құндылықтарымызды бағалауға және салт-дәстүрлерімізді құрметтеуге тәрбиелеу міндеттерін өздерінің абыройлы парызы деп түсініп, парыз биігінен көріну үшін қажымай еңбек етуді мақсат тұтуда. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді», - деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, мұғалім еңбегінің жемісі-шәкірттерінің қол жеткен табыстары болып табылады. Табыс бір жағы ұстаздар үшін мәртебе болса, бір жағы – жүктелген өте үлкен жауапкершілік.

 Руслан САЙЛАУБАЕВ,

№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары

Жамбыл облысы Жуалы ауданы

24 тамыз 2017 г. 14 946 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 837 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 740 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930