» » Латын әліпбиіне көшу - рухани дамудың даңғыл жолы

Латын әліпбиіне көшу - рухани дамудың даңғыл жолы

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қоғам қазақ елінің рухани дамуы мен жаңаруының тұғырнамасы ретінде қабылдады, дәлірек айтсақ, ұлттық санамыз бен рухани өремізді дүр сілкіндіретін, ұлт болып ұйысуға, ел болып белді бекем бууға, ұлттық намысты ту етуге бастайтын тарихи қадам болды. Мақалада көтерілген латын әліпбиіне көшу туралы ой  қазақ елін жаңа өзгерістер белесіне бастады, қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Демек, ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын нақты қадамдардың алдыңғы қатарына қазақ тілі жазуын латын жазуына көшіру мәселесінің қойылып, нақты міндеттердің белгіленуі ұлттық сананы сілкінту, жаңғырту мақсатынан туындап отырғандығы анық.

Тiл тарихын бiлмей, тiлдi дамыту мүмкiн емес. Өзiнiң бүкiл саналы өмiрiн қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тiлi ғылымын дамытқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетiнiң тұңғыш санында былай деп жазады: «...Өзiмiздiң елiмiздi сақтау үшiн бiзге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшiн, ең алдымен, әдебиет тiлiн өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзiнiң тiлi, әдебиетi бар ел ғана жарай алатындығын бiз ұмытпауға тиiспiз. Бұл мәселеде бiздiң халқымыз оңды емес. Осы күнi орыс школы мен татар мектептерiнде оқып шыққандар қазақ тiлiн елеусiз қылып, хат жазса, өзге тiлде жазып, қазақ тiлiнен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тiлге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, бiздiң ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тiлмен де, сол тiлге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгi қоштасқанымыз деп бiлу керек. Егер оны iстегiмiз келмесе, осы бастан тiл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететiн уақытымыз жеттi».

 Тіл – халықтың ділі, жан дүниесі. Тіл – ұлттың дінін, мәдениетін, болмысы мен руханиятын тасымалдаушы құрал. Тіл ұлт күретамырындағы тіршілік көзі – қан іспетті. Оның өн бойында халықтың ділі мен діні, салты мен санасы бұрқырап тасып жатады. Ұлттың ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор да осы тіл. Бұл мәселені жіті түсінген А. Байтұрсынұлы: «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады... Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп айтып кеткен. Біз Ахмет Байтұрсынұлы құрған әлiпбиге мұқият зер салып қарайтын болсақ, онда қазiргi халқымыздың тiрелiп отырған тiл мәселесiнiң шешiмiн оның XX ғасырдың басында-ақ шешiп кеткенiне ғылыми түрде толық көзiмiз жетедi.

Қазақ тілі – біздің рухани құндылығымыз, өркендеу жолымыз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – еліміздің әлемдік өркениетке жетуінің басты кепілі. Ал, жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани дамуымыздың даңғыл жолы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен басталатынына еш күмән жоқ. Өйткені, дүйім жұрт жаңа әліпби арқылы әлемдік өзгерістер көшіне еркін араласа алады, өрлеу мен дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Қазақстанды өркениет көшінің алдына бастайтын жаңа бастамалар қашанда көпшіліктің қолдауына ие екендігі анық.

Ғ.Т.Абдыханова

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар

факультеті «Филология және журналистика» кафедрасының аға

оқытушысы

25 қазан 2017 г. 11 925 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 205 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031