» » Қаржы сауатын мектептен бастаған абзал – сарапшы Әділет Байбеков

Қаржы сауатын мектептен бастаған абзал – сарапшы Әділет Байбеков

Соңғы жылдары қазақстандықтар қағаз ақшаның «түрін ұмытып қалды» десек болады. Себебі 10 жастағы баладан бастап банк картасын ұстайды. Бұл – банкке тиімді, тиімсіз болса, ұсынбайтын еді. Мұның банк үшін маңызы қандай және халық үшін кесірі бар ма? Балаларға қаржы сауатының маңызы қандай? Қаржы саласына қатысты осы және өзге сұрақтың жауабын банк саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар, қаржыгер Әділет Байбеков айтып берді.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның банк жүйесі соңғы жылдары қарқынды өзгерді. Әсіресе, цифрлық жүйе қаржы нарығына тез еніп, тіпті құжаттарымызды да банк қосымшаларынан алу қолжетімді болды. Ал, «қағаз ақшаның ұмытылып, қаржыны ұялы телефон арқылы басқарудың кері және оң жағы бар» дейді қаржыгер.

Цифрлық ақшаның пайдасы мен зиянын қандай?

Мен банк саласына келген 2006 жылдан бері Қазақстанның банк жүйесі, қаржы нарығы қатты өзгерді, әрине. Міне, қағаз ақшадан цифрлық ақшаға көштік. Қазір елімізде 10 жастағы баланың да банк картасы бар және ол өз қаржысын онлайн қадағалай алады. Ата-анасы да бақылап, баланың ақша аударымдарын, қайда жұмсағанын бәрін көріп, тексеріп отыра алады. Бұл – үлкен прогресс. 

Әрине, мұның кері жағы да бар. Қағаз ақшаны қолыңа ұстап жұмсағанда аз жұмсалады. Себебі ақшаның азайып жатқанын көресің, сезесің, үнемді жұмсайсың. Яғни, психологиялық тұрғыдан солай. Цифрлық ақшаны 2-3 батырма арқылы бір сәтте жұмсап жіберуге болады. Ол ақшаны сезу қиын. Сондықтан көптеген адам цифрлық ақшаны басқару қиын дейді. 

Тағы бір пайдалы жағы бар – балаларға қаржы сауатын меңгеруге көмектеседі. Балаға депозит ашып, өз депозитін толтырып, пайызы түскен кезде соны әрі қарай көбейтуге тырысады. Қай банкте қандай депозит бар және қайсы тиімді деген сұрақтар туындап, ата-ана мен бала пайдалы, табысты депозит іздейді. Бұл – қаржы сауатын арттыруға жақсы құрал.

Сондай-ақ, қазір көпшілік инвестиция саласын меңгеріп жатыр. Бұл да электрон ақша арқылы іске асырылады. Сол себепті таяқтың екі ұшы бар дегендей, банк саласының дамуының екі жағы да бар. Ал мемлекет үшін әрине, тиімді. Себебі ақша айналымын санауға, қадағалауға, несие жүйесін бақылауға және басқа да қаржы саласын реттеуге көмектеседі. 

 

Осы орайда елімізде банк ашылып, жабылу процесі де әдеттен тыс немесе таңсық болмай кетті. Жалпы банктер жабыла ма немесе не үшін бірігіп, басқа қаржы институтын құрады?

Иә, халық мұны банк жабылып қалды деп қабылдайды. Бірақ, әдетте, банк жабылмайды. Бірнеше ұсақ банк бірігіп, бір үлкен банкке айналады. Яғни, жұмысшылары да, ішкі құжаты да сақталады. Тек атауы өзгереді. Әлемдік практика. Толығырақ айтсам, бір немесе бірнеше заңды тұлға таратылады және жаңа несиелік мекеме құрылады. Бұл ретте қосылуға келіскен барлық қатысушылардың құқығы мен міндеттері өткізу актісіне қол қою нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлғаға ауысады. Құжат тілімен айтсақ осылай болады.

Қазір әлеуметтік желіде қаржы сауаты деген курстар көп. «Кіріс-шығысты есептеп, инвестицияны меңгер, байып кетесің» деп атойлап жатыр. Осы орайда балаларға арналған қаржы сауаты деген электив курсты мектепте енгізген жөн бе? Пікіріңізді білсек...

Әрине, қаржы сауатын бала күннен меңгерген жөн. Мысалы, мен өз балаларыма депозит ашып қойдым. Өздері қарап отырады. Қанша пайызға көбейді, 18 жасқа дейін қандай сома жиналады – бәрін қарап, бақылап отырады. Сол ақшасын көбейтуге тырысады. Сондықтан мектепке мұндай курс енгізсе, тіпті жақсы. Артық етпейді. Пайдасы болмаса, зияны болмайды. Әсіресе, қазір несие, бөліп төлеу деген ұсыныстар көп. Жастар, әсіресе, студенттер «көзді жұмып» ала береді. Кейін төлеуге қиналып жүреді. Ал егер бала күннен қаржы сауаты болса, кез келген ұсақ-түйекті несиеге ала бермей, ақшаны ойланып барып жұмсайды. «Разумная трата» дейді ғой. Тура сондай болатын еді. Сол себепті мектепте мұндай пән немесе курс болса, құба-құп.

Қазақстандағы банктер цифрландыру тез меңгерді. Былай айтқанда, өз пайдасына жақсы пайдаланып келеді. Біз бұл салада ілгері кеттік қой?

Иә, елімізде банк саласындағы цифрландыру қарқынды дамып келеді. Үйден шықпай тек қаржы операцияларын емес, тіпті қажет құжаттарыңды жіберіп, мемлекеттік қызметтерді де ала аласың. Бұл енді электрон үкіметпен интеграцияның нәтижесі болып отыр. Мысалы, көлік алсаң да, өз атыңа ауыстыру үшін банк қосымшасы жеткілікті. Сондықтан салыстырмалы түрде біз көптеген елден ілгері кеттік.

Халықты жаппай декларациядаудың маңызы неде?

Декларация қажет, декларация маңызды. Мемлекет үшін бұл қазынаға ақша әкелу. Сондай-ақ, табысын жасырып, көлеңкеде қалатындарды шығару. Табысы көптер табысының көп бөлігін жасырып қалады. Былай айтқанда, табысы көп адам да, табысы төмен адам да бірдей салық төлеуі мүмкін. Бұл – әділетсіздік. Ал қазына ел игілігі үшін жұмсалады. Сол себепті декларация арқылы табысы көптерден, табысын жасырмай, әділ төлеуді талап етуге болады. Сондықтан декларацияның маңызы зор.

Сұхбатыңызға рақмет!


 
24 ақпан 2025 г. 560 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 27 812 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 24 588 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31