» » Қазақстан оқушылары қиын үй тапсырмасын радионың тікелей эфирінде орындай алады

Қазақстан оқушылары қиын үй тапсырмасын радионың тікелей эфирінде орындай алады

 «Қазақстан» телерадиокорпорациясының 2017-2018 жылғы жаңа маусымында «Республикалық радио» ЖШС-нің бас директоры Мәди Манатбек өзі жетекшілік ететін мекеменің атауы бұдан былай «QAZAQ RADIOLARY» деп аталатынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 
  96 жылдық тарихы бар «Республикалық радионың» құрамына «Qazaq radiosy», «Shalqar», «Astana», «Klassik» радиолары біріктірілгені белгілі. «Qazaq radiosy» тыңдармандар үшін жаңа маусымды «Кезең», «Алаң», «Алашнама», «Әлем әдебиеті», «Қауырсын қалам», «Ара», «Жыр керуен», «Айтыс», «Алдаспан», «Сарбаз», «Ақ отау», «Жан жылуы», «Үй тапсырмасы», «Сүйінші» бағдарламаларымен ашатын болады. Алмас Алматов, Көпен Әмірбек, Амангелді Кеңшілікұлы, Амангелді Құрмет, Қалқаман Сарин, Назира Бердалы, Қыдырбек Рысбекұлы, Ақбаян Сапарбай сынды белгілі эфир жүргізушілері радиодан хабар таратып, бағдарламаларды жүргізеді. «Жаңа телевизиялық маусымда телеарналардан қалыспай, өзінің тарихында алғаш рет біздің радио ұжымы корпорацияның құрамдас бөлігі ретінде бастағалы отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің логомыз бен атауымыз өзгертілді. Оның себебі бар. Өйткені, біздің атауымыз «Республикалық радио» ЖШС болатын. Бірақ, хабарласқан жұртшылық «Республикалық радио» деген жаңа радио ма деп көп сауал қоятын. Кейін төрағамызбен, басшылығымызбен ақылдаса келе 96 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосының» брендін негізге алып, осы төрт радионың басын қосқан мекемені «QAZAQ RADIOLARY» деп атауды жөн санадық. Оның құрамына «Qazaq radiosy», «Shalqar», «Astana», «Klassik» радиолары кіреді», - дейді Мәди Манатбек. 28 тамыздан бастап «QAZAQ RADIOLARY» атанатын мекеме басшысының айтуынша, 4 радионы жаңа маусымда негізінен әлеуметтік, қоғамдық және саяси бағытта дамыту жоспарланып отыр. Оның сыры да жоқ емес. «Мысалы, «Ақ отау» деген бағдарламаны ашқан себебіміз, елімізде жыл сайын отау құратын 100 отбасының 36-40 жұбы ажырасып кетіп жатады. Бұл дегеніңіз, қаймағы бұзылмаған қазақ отбасына кесір кірді деген сөз. Отбасын сақтау мақсатында бағдарламаны аштық. Одан кейін «Жан жылуы» атты бағдарлама арқылы қалталы азаматтарға қайырымдылық жасауды үндемекпіз. Мысалы үшін радиобағдарлама арқылы 4 жарым жастағы Анель деген қыздың еміне 14 миллион теңге тауып бердік. Қызылордадағы көпбалалы отбасыға 3 бөлмелі пәтердің берілуіне себепкер болдық. Сол секілді мысалдар көп. Үшіншіден, «Үй тапсырмасы» деген бағдарлама қосылды. Өйткені, жыл сайын мектеп оқушыларына берілетін тапсырмалар өзгереді. Сөмкесі де, тапсырмасы да ауыр. Сондықтан, балаларға оңай болсын дейміз. Балалар тікелей эфирде хабарласып, аптасына бес рет, сағат 15:00-16:00 аралығында сұрақ қойып, пәндер бойынша сұрақтарға жауап ала алады», - дейді ол. Ең қызығы, жоғарыда аталғандардың үшеуі де телевизиялық бағдарлама болған. Бірақ, мекеме басшылығы тәжірибе жасап, оларды радиоға енгізген екен. Сондай-ақ, қоғамдық саяси жағынан Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласына орай «Кезең» деген бағдарлама ашылып отыр. Ол дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері жүреді. «Алаң» атты саяси ток-шоуды қолға алған эфир жүргізушісі Амангелді Құрметұлы елімізде болып жатқан ахуалдарға терең бойламақ. Бұған қоса жаңа маусымнан бастап «Алашнама» бағдарламасы қазақ ұлтының қалыптасу тарихынан сыр шертеді. «Бүкіл радиоларымыздың барлығын интернет желісіне, әлеуметтік желілерге, WhatsApp-қа қостық. Сол нөмірге халық құттықтауларын және тағы басқа хабарламаларын жібере алады», - деп түйді Мәди Манатбек. Еске сала кетсек, 23 тамызда Астана қаласында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының 2017-2018 жылғы жаңа телемаусымының тұсаукесері мен жаңартылған брендінің таныстырылымы өткен болатын. Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, қоғам қайраткерлері, республикалық, аймақтық ақпарат құралдарының басшылары келіп, телерадиокорпорацияға қарасты медиаактивтердің 28 тамызда бастайтын тың жұмысымен танысты.


24 тамыз 2017 г. 51 945 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 208 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031