» » Мендегі жаңа толқыныс

Мендегі жаңа толқыныс

Әлі есімде қаламызда Елбасының есімімен зияткерлік мектеп ашылатынын естіген мен сол күнді тағатсыздана күткенім. Педагогикалық түрлі сынақтардан мүдірмей өтуім мені өзгеше күйге бөледі, тіпті мазасыз сансыз сұрақтар ойымды қармап алды: «Зияткерлік мектептің  қандай мұғалімі бола аламын?», «Зияткер оқушының қабілетіне, танымына қозғау бере аламын ба?»...

Алғашқы сабағым. Сынып бөлмесіне кірсем, тыныштық қалпында  отырған оқушылар. Көздері нұрға толы, келбеттері сондай сүйкімді, сенен құдды бір «не айтар екен?» - деген жаңалықты асыға күткен шәкірттер жүзі. Алғашқы сабағым болған соң ба, расы керек, қатты толқыдым. Өйткені, бұл оқушылар «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» үлкен сынақтардан іріктелген Зияткер оқушылар екендігін естен шығармадым. Әр оқушының нұрлы көзіне барлай қарап, олардың да менен тың дүние күтер жүрек лүпілдерінің сырлы сезімдерін сезгендей күй кештім.

Жарқын жүзді зияткер тұлғаға терең  білімді игерту жолында қашанда іздендім. Қорқыныштың сейіліп, қуаныштың толқуын біле бастағандаймын. Оған түрткі болған менің кәсіби ізденісім.  Кәсіби ізденіс: түрлі тренинг, семинар,  әріптестермен бірге  жұмыла кіріскен командалық әрекеттер мені шығармашылық шабытқа бөледі. Менің танымыма, педагогикалық түрлі көзқарастарымның көп қырлы жақтарына қозғау салды.

Бүгінде, әр зияткер тұлғаның жан дүниесіне батыл еніп, рухани  жағынан өзімді-өзім жетілдіре түсіп, оқушыға дос –құрбы  ретінде шыңдалу үстіндемін.  Менің пәнім,  қазақ тілі мен әдебиеті пәні -«оймақтай ойды тарының қауызына сыйдырып, оған шексіз әлем дарыту...» құралы. Ендеше, менің басты парызым - «шексіз әлемді» алдымдағы оқушыларға жаңа әдіспен тың серпіліске, шабытқа жетелейтіндей ете беру.

Қашанда дамылсыз ой құшағында жүріп, «Зияткер оқушының ойынан шыға алдым ба, берген білімімді өміріне қажет ете алды ма?» осы сұрақтың жауабын зерделей, қағаз бетіне маржандай  жіпке тізіп жаза берем.Өйткені, әр жазбамның пайдасын көріп келем.

Дегенмен, сынып бөлмесіне енген сайын толқи түсемін. Ол  толқынысым - Зияткер оқушы алдындағы бүгінгі  мұғалімге тәуелсіз елдің жаңа ұрпағына терең білімді игерту жолындағы жауапкершілікті одан әрі нақтылай түсетін толғаныс деп түсінем.

Авторы:

Тажигалиева Зәмзәгүл Тлепбергенқызы
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сарапшы-мұғалімі

17 қазан 2019 г. 1 491 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 11 962 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031