» » ӘЙЕЛДЕРДІҢ СОҒЫСТАҒЫ АХУАЛЫ: МАЙДАН ШЕБІ ЖӘНЕ ТЫЛ

ӘЙЕЛДЕРДІҢ СОҒЫСТАҒЫ АХУАЛЫ: МАЙДАН ШЕБІ ЖӘНЕ ТЫЛ

ӘЙЕЛДЕРДІҢ СОҒЫСТАҒЫ АХУАЛЫ: МАЙДАН ШЕБІ ЖӘНЕ ТЫЛ

Аннотация

Мақалада кеңес әйелдері мен қыздарының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы орны мен рөлі жайлы қарастырылған. Ұлы Отан соғысы 70 жылдан аса халық есіндегі ең маңызды тарихи оқиға болып қала береді. Аға ұрпағымыз абыроймен өткерген соғыс ахуалының шынайлығы уақытша ерекшелігіне қарамастан, осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпады, себебі бұл оқиға қиын өмірлік жағдайларды жеңе білудің бірден-бір үлгісі болып табылады. Соғыс ешкімді де аямады, оның құрбаны тек ерлер ғана емес, сонымен қатар әйелдер, балалар болды. Бірі ерлермен қатар қолдарына қару алып майдан шебіне кетсе, екіншілері негізгі еңбек күшінен айырылған мемлекеттің экономикасын қайта құруға, майдан шебін керек-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш жұмсады. Енді ғана мектеп бітірген бойжеткен қыздардың батырлығы, 16 сағат бойы зауыт-фабрикаларда тынымсыз еңбек еткен нәзік жандылардың жанкештілігі тарихта өшпес із қалдырды.

Кілт сөздер: әйел рөлі, Ұлы Отан соғысы, майдан шебі, тыл

Кеңес үкіметінің ірі ғалымы және мемлекет қайраткері Н.А. Вознесенкийдің «Военная экономика СССР в период Отечественной войны» кітабының үлкен ғылыми құндылығы бар, онда Ұлы Отан соғысы жылдары халық шаруашылығында еңбек еткен әйелдердің саны жайлы, олардың білікті мамандар арасындағы үлесінің артуы, ауыл шаруашылығына жұмылдырылған әйелдер саны жайлы мәліметтер алғаш рет келтірілген. 60-70 жылдары жазылған кеңес тарихшыларының еңбектерінде бірталай құнды материалдар кездеседі. Бұл жұмыстарда соғыс кезіндегі халық шаруашылығына тартылған әйел еңбегі арқасындағы экономика мен қоғамдағы өзгерістер, әйелдердің салалар бойынша ара қатынасы, олардың өнеркәсіптегі, транспорттағы, ауыл шаруашылығындағы рөлі, кеңес патриот қыздарының еңбек және саяси белсенділігінің жарқын мысалдары орын алған.

 Қазіргі таңда ғалымдар тарихи зерттеулерде соғыс кезіндегі гендерлік тарихқа, оның ішінде әйел затының майдан шебі мен күнделікті тылдағы қызметтеріне, соғыс жылдарындағы экстремалды жағдайларда аман қалу феноменіне аса көңіл бөлуде. Ғылыми еңбектері мен зерттеулерінің біраз бөлігін соғыс кезіндегі әйелдер тақырыбына арнаған отандық тарихшылар ішінде Сақтағанова З.Ғ., Бырбаева Г.Б., ресейлік ғалымдардың зерттеулері бұл қиын-қыстау кезеңдегі әйелдердің маңыздылығын көрсетеді.

КСРО кезінде әскери қызмет тек ерлер үшін ғана емес, сонымен қатар әйел заты үшін де қадірлі борыш болған. Бұл құқық 1939 жылдың 1 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІV сессиясында қабылданған жалпыға бірдей әскери міндет туралы Заңның 13-інші бабында жазылған. Бұл заңға сәйкес медициналық, ветеринарлық және арнайы-техникалық дайындықтары бар әйелдерді әскер мен флот қатарына алу, оған қоса оларды оқу-жаттығу жиындарына тарту құқығы Қорғаныс Халық Комиссариаты және Әскери-Теңіз Флотына берілген. Соғыс кезінде аталмыш дайындығы бар нәзік жандылар әскер қатары мен флотқа көмекші және арнайы қызмет атқару үшін шақырылуы мүмкін болған. Әскер қатарына қосылуға өтініш берген еріктілердің 50 %-ы әйелдер болған. Халқымыздың әйелдер бөлігі Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын ерлермен қоса бірге тартқан. Әйелдер майдан шебінде дәрігер, ұшқыш, снайпер, әуе шабуылына қарсы қорғаныста, байланысшы, барлаушы, шопыр, топограф, репортер, танк жүргізуші, зеңбірекші және жаяу әскер қатарында болған. Әйелдер астыртын жұмыстарға, партизан қозғалысына белсенді қатысқан. 1941 жылдың 30 маусымында құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті әуе шабуылына қарсы қорғаныста, байланыста, ішкі қорғаныста, әскери-автокөлік жолдарында қызмет атқару үшін әйелдерді мобилизациялау туралы бірқатар қаулы қабылдаған. Бірнеше комсомол мобилизациясы, оның ішінде Әскери-Теңіз Флотына, Әскери-Әуе Күштері мен байланыс әскеріне комсомол қыдарды мобилизациялау іске асырылған [1, 119 б.].

Ресми деректерге сәйкес соғысқа шамамен 490 мың әйел шақырылған. Олар ерлермен қатар соғысып, Отан үшін жанын берген, жаумен соңғы демі қалғанша шайқасқан. 1941 жылдың шілдесінде Краснодар аймағынан соғысушы әскер қатарына жіберуге 4 мыңнан аса әйел өтініш білдірген. Иванов облысынан Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері 4 мың әйел өз еркімен майданға кеткен. Комсомол жолдамасымен Чита облысынан 4 мың және Қарағанды облысынан 10 мыңнан аса қыз қызыл әскер шебіне қосылған. Қазақстаннан майданға өз еркімен кетуге туралы түскен өтініштердің 40%-ы әйелдерден болды. Мыңдаған қазақ қыздары мен әйелдері мейірбике мен санитар мамандығын тездетіп үйренуге кірісті. Қазақ әйелдерінің өтінішімен мемлекетте соғыстың алғашқы екі айында шамамен 206 мейірбике курсы ашылып, санитарлық бірлестіктер құрылды. 200 мыңдай қыздар мен әйелдер ГСО үйірмелерінде оқыды [1, 119 б].

Майдан шебінде әр түрлі кезеңдерде 600 мыңнан 1 миллионға дейін нәзік жандылар шайқасқан, олардың ішінде 80 мыңы офицер болған. БЛКЖО Орталық комитеті мен Осоавиахим-нің Орталық кеңесімен бірлесе отырып әйелдерге заманауи қару-жарақты игеруге, әскери тактика мен техниканы үйренуге, оларды тыл мен майдан шебінде жауларға қарсы қолдана білуге мүмкіндік беретін нақты шараларды әзірлеп, ұсынды. Бас кезінде әйелдер мен қыздарды тек санитарлық іс, байланыс және автожол қызметі секілді әскери қызметтерге ғана үйрету жоспарда болған. Осоавиахим 1942 жылы жалпы әскери дисциплиналар бойынша тек РҚК (Ресей Қызыл Крест) ұйымдарының санитарлық даярлықтан өткен 300 мың мейірбике мен санитар қыздарды оқытуды және 200 мың комсомол қыздарды шопыр мен байланысшы мамандықтарына үйретуді жоспарлаған. Алайда кеңес әйелдерінің одан да күрделі әскер мамандықтарын игере алатындығына көздері жеткен олар нәзік жандылар үйренеміз деген өзге де әскери мамандықтардың номенклаурасын кеңейтті. 1941 жылдың 1 қазанында Халықтық Қорғаныс Комиссариаты жанында құрамында қыздар да болған комсомолдық-жастар бөлімшелері құрылды. Олар минометші, зеңбірекші, мерген, байланысшы секілді т.б. мамандықтарды игере бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде комсомолдық-жастар бөлімшелерінде өндірістен үздіксіз түрде 222 мыңнан аса жауынгер-маман әйел даярлықтан өтті [3, 35 б.]. Оның ішінде:

Кесте 1

Минометшілер

6097

Станокты пулеметшілер

4522

Қол пулемтешілері

7796

Атқыш автоматшілер

15290

Атқыш мергендер

102333

Жол-эксплуатациялық бөліктердің жауынгерлері

10061

Жергілікті атқыш бөлімдердің жауынгерлері

25445

байланысшылар

45509

Әскери істі тереңдетіп оқыту сигналды әскери училищелерде, қосалқы бөлімдерде, арнайы курстарда жүрді. Ол жерлерде ұшқыштарды, танкішілерді, байланысшы, барлаушы және саяси қызметкер қыздарды оқытты. Мергендерді даярлау әйелдер орталық мектебі ұрыс алаңына 1061 мерген және 407 мерген ісі жаттықтырушысын дайындаған. Бұл мектептің түлектері 11 280 аса жау солдаттары мен әскерін жойған. Мерген қыздарды дайындап шығаратын бұл мектеп Кеңес Одағында ғана емес, әлемдегі ең алғашқы мергендерді даярлау әйелдер мектебі болған.

«Снайперская война» кітабының авторы Алексей Ардашевке сенсек, Мергендерді даярлау әйелдер орталық мектебінде оқу-жаттығу жұмыстары 1945 жылдың наурыз айына дейін тоқтаусыз болған. Соғыс жылдары ішінде бұл мектептен 7 түлек қатары шыққан. Ең әйгілі мектеп түлектері қазақтың аты мәңгіге өшпес батыр қызы – Әлия Молдағұлова, Роза Шанина, Татьяна Барамзина секілді батыл қыздар болған. Татьяна Барамзина мен Әлия Молдағұлова соғыстың аяқталуына аз уақыт қалғанда көз жұмған. Олар Кеңес Одағының Батырлары атағына ие болған. Татьяна Барамзина көздерінің көруінің нашарлауына байланысты 16 жау сарбазын жойып, телофонистка болып қайта маманданған. Роза Шанина 59 гитлерліктердің көзін жойса, Әлия Молдағұлова 78 фашист солдаттары мен офицерлерін жойған.

Небәрі 17 жаста болған Әлия Молдағұлова 1942 жылдың желтоқсан айында енді ғана құрылған Мергендерді даярлау әйелдер орталық мектебінің алғашқы қабылдауына түскен. Мектеп Мәскеу астындағы Вешняки ауылында орналасқан. Мерген қыздарды тәулігіне 12 сағат дайындаған. Әлия оқу барысында толық қараңғыда жаңып тұрған темекі қалдығына дәл тиюге және бір километр қашықтықта қозғалыстағы нысананы қағып түсіруге үйренген. Алайда оған баллистика сабақтары аса қатты ұнаған: курсант қыздар үш секунд ішінде ауа температурасы, жел бағыты мен күн көзінің әсер етуін ескере отырып, оқтың қозғалыс траекториясын анықтаған. 1943 жылдың 26 шілдесінде Әлия мерген куәлігі мен «От ЦК ВЛКСМ за отличную стрельбу» нақышталған атаулы винтовкаға ие болған. 300 бітіруші ішінен тек бірнешеуі ғана мұндай жетістікпен мақтана алған. Майдан шебіндегі алғашқы екі айда Молдағұлова 32 жау сарбазын атып түсірген. Олардың саны ұлғая берген. Мерген қыз көзге көрінбей-ақ жауды жасырынған жерінен шығару үшін әр түрлі айла қолданған [4].

Соғыс кезінде ұшқыштар жасағы аса ерекше абыройға ие болған. 1941 жылдың қазан айында КСРО тарихында алғаш рет толықтай нәзік жандылардан құрылған авиациялық полк құрылған. 17 мен 22 жас аралығындағы 115 қыздан тұрған полк шайқаста өздерін тек үздік жағынан көрсеткен. Олардың ішінде ең әйгілісі 46-ншы гвардиялық түнгі бомбалау авиациялық полкі, немесе жаудың оларға берген аты «Түнгі Мыстандар» («Ночные Ведьмы») болған. Батыр қыздар ұшқан По-2 ұшағы жеңіл әрі төменгі биіктікте ұшқан және жау радары мүлдем дерлік анықтай алмаған. Ал тәсілдері өте қарапайым болған: нысана алдында олар ұшақ моторын өшіріп, дыбыссыз қалықтаған, бомба тастағаннан соң қайта ұшақ моторын іске қосып, базаға оралған. Қалықтаған ұшақтың шуы «сыпырғыштың» сыбдырына ұқсаған. Сондықтан немістер оларды «NachtHexen» («Түнгі Мыстандар»). Қыздардың батырлығы аса зор болғаны сонша, олар тіптен парашют алмаған – олардың орнын қоымша бомбамен толтырған. Сонымен қатар, олардың ұшақтарында бас кезінде көздеуіші болмаған және оны өздері жасаған қыздар тек ұшақты басқармай ғана техник, механик жұмыстарын атқарған. 1942 жылдың мамыр айында әуе полкі аға лейтенант Евдокия Бершанскаяның қолбасшылығына өтіп, алғашқы рет ұрысқа аттанған. Ұшу арасындағы үзіліс бес минуттан сегіз минутқа дейін ғана созылған. Жаз айларында кейде экипаж бір түнде 6-8 рет ұшса, қыс кезінде 10-12 рет ұшқан [5. 145-146 б.].

Полктің 23 ұшқыш қызы Кеңес Одағы Батыры атағына ие болған. «Түнгі Мыстандар» аталып кеткен кәсіпқой ұшқыш қыздардың ішінде жалғыз қазақ қызы Хиуаз Доспанова да болған. Қыздарды ұшу шеберлігіне жылдамдатып үйрететін училищеге Хиуаз штурман бөліміне түскен. Жауынгерлік тапсырманың сәтті болуы көбіне штурман мен оның дәл есептеулеріне тәуелді болған. Ұшу бағдары жерде жасалынған, алайда әуеде кез-келген жағдай орын алуы мүмкін болғандықтан, аймақ картасын – әр төбесін, көлін, жолдары мен станциясын жатқа білген. Сонымен қатар, жұлдыздарға қарап жөн табуды үйренген. Хиуаз Доспанова жаудың көзін жою үшін 300 аса рет көкке көтерілген.

Хиуаз Доспанова өз полкімен бірге Германияға дейін жеткен. Қазақ ұшқыш қызы ерлігі үшін көптеген ордендер мен медальдармен мараптталған. Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағын берген.

Ұлы Отан соғысына қатысқан нәзік жандылардан тұратын ең көп мамандар – медицина саласының қызметкерлері болған. Әскер сабында қызмет ететін барлық дәрігерлер саны 700 мыңдай болса, олардың 42%-ын әйелдер құраған, оның ішінде хирургтардың 43,4%-ы әйелдер болған. Майдан шебінде саны 2 миллионнан аса орта және кіші медицина жұмыскерлері қызмет еткен. Әйелдер (фельдшерлер, мейірбикелер, санинструкторлар) 80%-дан аса болған. Соғыс жылдары соғысушы әскерге медико-санитарлық қызмет көрсетудің үйлесімді жүйесі қалыптасқан. Далалық-әскери медицина доктринасы қабылданған. Жаралыларды эвакуациялаудың барлық кезеңдерінде – ротадан бастап ұрыстан тыс жердегі госпитальге жеткізуді жанкешті медик әйелдер өз мойындарына алған. Медицина саласындағы әйелдер барлық әскери күштерде – әуе және теңіз флоттарында, Қара теңіз флотының, Солтүстік флоттың, Каспий және Днепровск флотилиясының әскері кемелерінде, жүзгіщ әскери-теңіз госпитальтар мен санитарлық пойыздарда қызмет жасаған. Олар жаяу әскермен Берлинге дейін жеткен. Атқыштар ротасының, медсанбаттардың, артиллерия батареяларының санинструктор-қыздары жараланған жауынгерлердің 70%-ына қатарға оралуына көмектескен. Жасаған ерлігі үшін 15 әйелдер-медик Кеңес Одағы батыры атағына ие болған.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап мемлекет басшылары халыққа ащы шындықты айтып, үндеу жолдады. Туындаған қиын жағдайды жеткізе отырып, үкімет барлық күштерді жауға қарсы жұмылдыруға шақырды. Тыл еңбеккерлері және бірінші кезекте әйелдер Қызыл әскер мен флотты қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін аянбай жұмыс жасады. Адами еңбек ресурстарының маңызды көзі болып әрдайым әйел халқы болатын, соғыс кезінде де әйел еңбегі үлкен рөл атқарды. Майдан мен тыл бірлігі Ұлы Отан соғысы жеңісінің шешуші шарты болды. Тылдың мақсаты майданды қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету еді. Ер адамдарды әскерге мобилизациялау жағдайында бұл мақсатқа қол жеткізу әйел затына жүктелді. Экономиканың барлық секторларында білікті ер жұмысын әйелмен алмастыру тыл жұмыскерлерінің патриоттық сезімі мен күштеп жұмылдыру әдістерімен іске асты. Мемлекеттің барлық дерлік ресурстары қорғанысқа жұмсалды. Мемлекеттік және партиялық органдардың көптеген қаулылары мен шешімдері әйел еңбегін қолдануды реттеуге бағытталған болатын. Еңбек ресурстарының алғашқы көздері болып үй шаруасындағы әйелдер болды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Ұлы Отан соғысы қарсаңында үй шаруасындағы әйелдер еңбекке жарамды халықтың 34%-ын құраған. Олардан бөлек жұмыс орындарына зейнеттегі әйелдер орала бастады. Сонымен қатар, жұмысқа бойжеткен қыздарда кіріскен. Осылайша, майданға кеткен ерлердің еңбегін үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер және бойжеткен қыздар алмастырған.

Халықтың жұмысын реттейтін маңызды шешімдер – КСРО-ның Жоғары Кеңес Президиумының «Соғыс уақыты кезінде жұмысқа жарамды қала халқын өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс жасауға жұмылдыру туралы» Қаулысы, Халық Комиссарлар Кеңесінің «Жұмысқа жарамды қала және ауыл халқын колхоздар мен совхоздарға және машина-трактор станцияларына ауыл шаруашылығында жұмыс жасауға жұмылдыру тәртібі туралы» Қаулысы. Еңбекке жұмылдырудан жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

КСРО-ның Жоғары Кеңес Президиумымен 1941 жылдың 26 маусымында қабылданған «Жұмыс уақыты туралы» Қаулыда кәсіпорын директорларына күніне 3 сағатқа дейін қосымша жұмыс уақытын бекітуге мүмкіндік туған. Соғыс жылдарындағы ең қатал қаулылардың бірі болып соғыс уақытында кәсіпорынның барлық жұмыскерлері мен қызметкерлері мобилизацияланғандығы туралы КСРО-ның Жоғары Кеңес Президиумы 41 жылдың 26 желтоқсанында қабылдаған Қаулысы еді. Бұл қаулыға сәйкес, еңбек тәртібін бұзғандар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл шаралар өте қатігез болғанымен, өнеркәсіпте тәртіпке қол жеткізіп, еңбек дисциплинасының күшеюіне әкелді.

Әйел еңбегін пайдалану кадрлар құрамының ара қатынасы мен санын өзгертті. Осылайша, бір жағынан партиялық, мемлекеттік, профсоюздік ұйымдардың, екінші жағынан әйелдердің еңбектегі ерліктері мен жоғары патриоттық сезімдері арқасында соғыстың бастапқы кезеңдерінде жұмыс кадрларының қайта құру мәселелері шешілді [6, 64 б].

 Әйел соғыс уақытында экономиканың ажырамас бөлігі болған – жұмыскерлердің 2/3-сі, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің 3/4-і әйелдер еді. Нақтырақ айтқанда, Ұлы Отан Соғысының алғашқы жылдары кезінде 19 миллион әйел адам ауыл шаруашылығында жұмылдырылған. Бұл дегеніміз мемлекет пен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етумен байланысты барлық дерлік ауыртпашылық әйелдердің мойнына артылған. Соғыстың алғашқы сағаттарынан бастап, соңына дейін ер және әйел мамандығы деген еңбекті бөлу тоқтап, қайсар еңбекқор апалар, әпкелер, бойжеткен қыздар жер жыртып, бидай еккен, шөп тиеген, дәнекерлеуші және орман кесуші болып еңбек еткен. «8 наурыз Халықаралық коммунистік әйелдер күні туралы» 1942 жылдың 7 наурызында Бүкілресейлік Коммунистік Партияның Орталық Комитеті қабылдаған қаулысында әйелдер колхоз өндірісінің негізіне, шешуші күшіне айналды делінген. Ауыл әйелдерінің жаңа қоғамдық жағдайы майданға кеткен ерлердің орнын жеңіл әрі жылдам алмастыруда маңызды алғышарт болды. Сонымен қатар, Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі алғашқы бесжылдық кезінде колхоз әйелдерін белсенді қоғамдық және өндірістік қызметке тарту мен олардың мәдени және саяси сауаттылығын жоғарлату бойынша шаралардың жүргізілуі өз септігін тигізді. Кеңес Одағының барлық дерлік мемлекеттерінде соғыс уақытында әйел еңбегінің ауыл шаруашылығындағы үлесі арта түскен. Бұл жайлы Ұлы Отан соғысы жылдары кезіндегі тоғыз мемлекет бойынша еңбекке жарамды әйел мен ерлер сандарынын ара қатынасы көрсетеді.

Кесте 2

Мемлекеттер

01.01.1943 (мың адам)

01.01.1944 (мың адам)

ерлер

әйелдер

ерлер

әйелдер

РКФСР

2 364,4

8 318,8

2 331,1

10 382,9

Әзірбайжан КСР

153,9

306,5

146,6

294,4

Грузин КСР

229,0

345,9

223,4

349,6

Армян КСР

89,4

170,9

87,6

166,5

Түрікмен КСР

88,8

116,5

55,2

110,9

Өзбек КСР

557,4

726,3

360,6

671,3

Тәжік КСР

194,3

191,5

133,1

180,3

Қырғыз КСР

97,3

180,5

66,3

164,2

Қазақ КСР

246,6

665,3

216,3

623,6

барлығы

4 021,1

11 030,7

3 620,2

12 943,9

Осылайша, 1944 жылы әйелдер еңбекке жарамды халықтың 80%-ын құрады. Колхоз ауылының көптеген әйелдері соғысқа кеткен механизатор ерлердің орнына келді. 1943 жылы МТС механизаторлары ішінде 55%-ы әйелдер болса, комбайнершілер – 62%, тракторшылар – 81% нәзік жандылар болған. Уақыт өте келе олардың саны арта түскен. 1944 жылы Әзірбайжан әйелдері тракторшылардың 61,7%-ын құраса, 52,2% комбайнершілердің көмекшілері, 35,1% жөндеу жұмыскерлері және 25,4% шопыр әйелдер болған. Олар мақта өңдеу мен жинау бойынша жұмыстардың 80%-ына дейін орындаған [7, 273 б.].

Өнеркәсіп саласында 5 миллион нәзік жандылар жұмыс жасаған, оның ішінде директор, цех басшылары, шебер секілді басқарушылық қызметтердік легі әйелдерге сеніп тапсырылған. Барлық күш әскерді ұрысқа қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етуге жұмылдырылған. Әйелдер зауытқа жүздеп келіп, станок қасында 16 сағаттан жұмыс жасаған, соған қарамастан олар бала бағып та үлгерген. Әйелдердің тынымсыз еңбектері арқасында әскер азық-түлікпен, шикізатпен, танк, ұшаққа қажетті бөлшектермен қамтамасыз етілген.

Өндіріс саласына келген әйел адамдар санының артуымен байланысты оларды жаңа мамандықтарға үйрету мен біліктіліктерін арттырудың маңызы өсе түсті. Партия мен үкімет кадрларды даярлау мәселелеріне күнделікті түрде көңіл бөлді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ білікті жұмыс кадрларын даярлау бойынша шаралар бағдарламасы іске аса бастады. Көптеген еңбеккер әйелдер жұмыс орнында тұрып-ақ жаңа мамандықтарды игерді. Олардың басым бөлігі жұмыс біліктілігін қысқа мерзімді курстарда, стаханов мектептерінде, қолөнер училищелерінде, ФЗО, ФЗУ мектептерінде үйренді. Әйелдерден тұратын жұмыс кадрларын дайындау негізгі үш тыл аудандарында – Уралда, Сібірде және Алыс Шығыста, сонымен қатар бірнеше кеңестік республикаларда жүзеге асты. 1941 жылдың 7 шілдесінде КП Орталық Комитеті және Қазақстанның ХКК 37 467 әйелді даярлау бойынша қысқа мерзімді курс ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Кеңес әйелдері жаңа мамандықтарды игеруге бар ынтасымен кірісіп, барлық қиындықтарды күш-жігермен жеңе білді. 1941 жылдың қыркүйек айында Балқашта 716 әйел жаңа маман иесі болып шықты, оның ішінде: 370-і мыс қорыту зауытындағы жұмысқа дайын болса, 128-і Қоңырат кенішінде еңбек етуге дайын еді, 20 әйел электр дәнекерлеу мамандығын игерсе, 71-і – слесарь, 24 әйел электровоз машинистінің көмекшісі мамандығын үйренген, ал 41-і турбина машинистінің орнына дайын болған.

Әйелдерден тұратын білікті мамандарды даярлау бойынша шаралардың кең ауқымдығы барлық кеңестік мемлекеттерді қамтыды. Бұл шаралардың сандық көрсеткіштерін келесі кестеден байқауға болады:

Кесте 3

Халықтық коммисариат

Үйренуші әйелдердің жалпы саны

Олардың ішінде:

Қайта оқытылған

Біліктілікті жоғарлату

Ауыр машина жасау

5 820

5 339

583

Орта машина жаса

30 551

19 117

11 434

Қара металлургия

41 532

24 560

16 972

Кеңес әйелдерінің қанды соғыстағы батырлығы жайлы көптеген кітаптар, очерктер, документалды шығармалар, журнал және газет мақалалары шықты. Батыр-әйелдер мен тыл еңбеккерлеріне ақындар мен жазушылар өз шығармаларын арнады. Соғыс кезінде-ақ кеңес әйелдерінің елін, жерін қорғауда қосқан үлестері жайлы алғашқы тарих беттері жазыла бастады. Бұл шығармалар соғыс барысында жазылып, публицистикалық, очерктік сипатта болған. Терең шешімдерсіз болса да, оларда кеңес әйелінің Отан қорғаудауғы ұлы рөлі: фабрикалар мен зауыттардағы, колхоз және совхоз далаларындағы ерең еңбектері мен майдан шебіндегі, партизан отрядтарындағы ерліктері көрсетілген.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  • Мурманцева В.С. Советские женщины в Великой Отечественной войне. М., Мысль, 1974. 119 б.
  • История Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг. Сборник документов и материалов, т І, 35 б.
  • Мурманцева В.С. Советские женщины в Великой Отечественной войне. М., Мысль, 1974. 119 б.
  • https://ru.sputniknews.kz/society/20171025/3588670/fakty-kotorye-vy-mogli-ne-znat-ob-alie-moldagulovoj.html
  • Великая Отечественная война Советского Союза 1941-1945: Краткая история. – М., 1965. 145-146 б.
  • Решения партии и правительства по хозяйственным вопросам: В 5 т. – М. 1968. Т. 3. 64 б.
  • Киргизия в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг. Сборник документов и материалов. Фрунзе, 1965, 273 б. 

Автор:
Салтанат Рысбаева,
Қарағанды қаласы "Әлихан Бөкейхан атындағы ЖББМ" КММ-нің
тарих пәні мұғалімі
08 шілде 2021 г. 37 978 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 11 931 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031