Қит етсе ұлтаралық мәселені жалаулатуды қашан қояды?
Осыдан біраз уақыт бұрын кілең тәжік ұлтының өкілдерінен тұратын Мақтаарал ауданы Фердауси ауылындағы мектепте оқушы қыздардың барлығы бірдей хиджаб киетіні әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында әжептәуір талқыға түскені бар. Міне, жуырда «Жас Алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына шәкірттері алабөтендеу киінетін мектептегі былықшылықтар туралы арыз түсті. Арыздағы көрсетілген деректер хиджабқа қатысты емес. Мүлдем басқа.
Осы арызда аталған мектептің директоры Жанар Мамыровамен хабарластық.
– Фердауси атындағы мектепке директор болып былтыр қыркүйекте ашық конкурспен тағайындалдым. Арада 42 күн өткенде аудандық білім бөлімінің басшысы Лесхан Қойлыбаев қисынсыз себеппен қызметімнен алып тастады. Соттасуыма тура келді. Дегенмен әділдік жеңіп, өз орныма қайта оралдым. Бұл өз алдына бөлек әңгіме, – деді мектеп директоры.
– 14 маусымда қызметіме қайта оралған соң, мектептің құжаттарын қабылдай бастадым. Осы кезде 9-сыныпты бітірген 18 оқушының аттестатындағы бағалардың журналдағы бағалармен сәйкес келмейтінін байқадым. Бір оқушылардың бағалары әдейі көтермеленіп, бірін төмендетіп қойып жіберген. Оқу ісінің меңгерушісі С.Мирзаевқа осы жөнінде айтқанымда, ол «ештеңе білмеймін» деп басын ала қашты. Жалпы, Фердауси мектебі – білім сапасы жағынан артта қалған, рейтинг бойынша аудандағы ең төмен орын алатын білім ұяларының бірі. Ауыл тұрғындарымен сөйлескенімде, олар мектепте бұрыннан осындай жағдайлардың болып тұратынын, аттестаттағы бағасы жөнделген түлектердің квотамен Тәжікстандағы жоғары оқу орындарына жолдамамен жіберілетінін айтты. Әрине, оқушының құжаттарына қасақана жалған мәліметтер енгізу қылмыс. Ертең осы қылмыстық іс үшін жауап беретінімді түсінген соң, орын алған жайтты аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Лесхан Қойлыбаевқа айтпақ болдым. Алайда басшы мені түсініксіз себептермен қабылдамай қойды. Осыдан кейін облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне арыздандым. Департамент қызметкерлері тексеру барысында бағаны қолдан түзетудің 9-11 сыныпты бітірген 30-ға жуық түлектің аттестатында орын алғанын анықтады. Осы факті бойынша Мақтаарал ауданындағы №2 Мырзакент полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
Мектептің 2012-2016 жылдар аралығында оқушылардың келу-кету журналын қарау барысында мынандай қызықты жайт анықталды. Айналдырған 3-4 жылдың ішінде Мақтааралдағы Фердауси мектебіне бір ғана Тәжікстанның Соғды облысы Матчинск ауданындағы Кучаков атындағы мектебінен 19 бала ауысып келген. Шын мәнінде бұл балалардың ешқайсысы Тәжікстанда оқымаған. Олардың барлығы осы ауылдың балалары. Бірақ уақтысында түрлі себептермен оқудан қол үзіп қалған. Білімін Фердауси мектебінде жалғастыру үшін олар Тәжікстаннан жоғарыда аталған мектепте оқыды деген анықтамамен қабылдана берген. Мәселен, Гүлпари Юнусова есімді қыз мүгедек болғандықтан, үйде оқытылған. Бұл қыздың Тәжікстанда оқып келгеніне күмәнім бар. Ал Сангимурад Факриев деген оқушы 2012 жылдың желтоқсанында ауысып келген. Бұл кезде оның жасы 20-да болған. 2013 жылы ол осы мектепті бітіріп, аттестат алып кеткен. Бұл оқушыны мектеп мұғалімдері мүлдем танымайды. Бұл анықтамалар қолдан жасалған деген күдік бар. Себебі тергеушілердің сұратуынан кейін 2010-2016 жылдар аралығында Тәжікстандағы Кучаков атындағы мектепте анықтамаларға қол қойған М.Шарипов, М.Назаров деген директорлардың қызмет етпегені белгілі болды. Анықтамаға басылған мөр 2004 жылы жойылып кеткен екен. Жойылып кеткен мөрдің араға 7-8 жыл салып Мақтааралдан қалқып шығуын немен түсіндіруге болады? Бұдан бөлек, Фердауси мектебінде осы уақытқа дейін 10-нан астам ұстаз Тәжікстанның дипломымен жұмыс істеп келгені белгілі болған. Олардың дипломдары тиісті органдардың куәландыруынан (нострификациядан) өтпеген, – деді Ж.Мамырова.
Фердауси мектебінде 2012-2016 жылдар аралығында директор қызметін Қ.Басиев, оқу ісінің меңгерушілігін С.Мирзаев атқарған. Қ.Басиев қазір мектепте мұғалім болып істейді. Ал оқу ісінің меңгерушілігін әлі жалғастырып жүрген С.Мирзаев Ж.Мамырованың үстінен мұғалімдермен бірге арыз жазуға көшіпті.
– Өз орынбасарымның «ұлтымды кемсітті» деген жаламен президент Н.Назарбаевқа дейін арыз жазуы тіптен түсініксіздеу болып тұр. Қит етсе ұлттық мәселені жалаулату ақылға қона ма? – дейді Жанар Мамырова.
Біз осы жөнінде ауыл тұрғыны, 17 немересін көлікпен көрші ауылдағы қазақ мектебіне тасып оқытып жүрген азаматпен (аты-жөнін газет бетінде көрсетпеуімізді сұрады) сөйлескен едік.
– 19 баланың ешқайсысы Тәжікстанда оқыған жоқ, олардың бәрі ауылда жүрді. Бұлардың мақсаты – қазақ директорын құрту. «Бізге тәжік директор керек» дейді. Ал біз балаларымызды қазақ сыныбына бергіміз келеді. Перзенттеріміз қазақшаны жақсы білсін дейміз. Қазақша білсе, тестіні қазақша тапсырып, жоғары оқу орындарында оқуларына мүмкіндік туады. Ал Фердауси мектебінде оқушылар түгіл, кейбір мұғалімдердің өздері де қазақшаны жақсы біле бермейді. Жақында мен мұны облыс әкімімен өткен кездесуде де айттым, – деді ол.
Біржақты кетпеу үшін Фердауси атындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істейтін Сайдакбар Мирзаевпен де сөйлестік. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүріп жатқан тергеу амалдарына аптасына екі-үш рет барып жүр екен.
– Айтылып жатқан деректермен келіспеймін. Тәжікстанның дипломы куәландырудан өтпегені үшін ешкімді жұмыстан шығара алмайды. Ал 19 шәкірттің бәрі Тәжікстанда оқыған, сол жақтың анықтамасымен келген, – дейді ол. Ал аттестаттардағы бағаның жөнделгенін қателік деп біледі. Оразаның кезінде бір күнде 94 аттестат толтырған қызметкерлер қателесіп кеткен көрінеді. Әңгіме арасында С.Мирзаев жыл сайын бір-екі баланың көрші ауылдағы қазақ мектебіне оқуға баратынын, бірақ бір-екі бала үшін қазақ сыныбын ашуға болмайтынын жеткізді.
– Былтыр директор міндетін атқарып жүрген кезімде мектепте бір қазақ сыныбы ашылды. Егер сұраныс болса, биыл тағы бір сынып ашамыз. Қазақ сыныбында өз қызым да оқып жүр, – дегенді қосып қойды. Әңгімесінің соңында қазіргі уақытта араша сұрап, мемлекет басшысының атына арыз жазғанын да ескертті.
Бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта Мақтаарал ауданындағы Фердауси атындағы мектепке Ұлттық қордан бөлінген 1 миллиард 350 миллион теңгеге жаңа ғимарат салу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ұлттық қордың қаржысымен ғимаратын жаңалап жатқан ұлттық мектептегі жағдай мынандай. Жалпы, Мақтаарал ауданының білім саласындағы жағдай бұрыннан күрделі. Білім сапасы төмен, ұстаздар арасында арыз-шағым жазу, соттасу көп. Осы жағдайды реттеу үшін былтыр аудандық білім бөліміне басшы болып тағайындалған Лесхан Қойлыбаев жуырда қызметінен кетті. Кейбіреулер Қойлыбаевтың қызмет барысында соттасудан қолы тимегенін айтып жүр. Жоғарыда Ж.Мамырованың да қызметіне соттасып қайтып келгенін айттық. Сот шешімімен Л.Қойлыбаев Мамыроваға 100 мың теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Сот шешімімен келіспеген экс-басшы шешімге апелляциялық арыз берген көрінеді. Яғни Қойлыбаев соттасуды қызметінен кеткеннен кейін де тоқтатпаған. Ал бос тұрған оның орнына кім келеді, жаңа басшының ауданның білім саласындағы жөнсіз тірліктерді қаншалықты реттей алары әзірге белгісіз. Сондықтан бұл мәселеге бұдан да жоғары тұрған басшылардың араласуы қажет-ау.
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы