» » Бұдан былай түркі тектестер ортақ тарих оқулығын оқиды

Бұдан былай түркі тектестер ортақ тарих оқулығын оқиды

 Астана қаласында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген XV ғасырға дейінгі «Ортақ түркі тарихы» оқулығының соңғы жобасын талқылауға арналған сарапшылар жиыны аяқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 Жиын барысында үш күн бойы талқыланған «Ортақ түрік тарихы» атты 8 сыныпқа арналған оқулық мақұлданып, Түрік кеңесі Бас хатшысының орынбасарымен бірлесіп қол қойылды.

«Ортақ түрік тарихы» оқулығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша жазылды және ол көне замандардан XV ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аралықты алудағы мақсат – бір кездерде дәуірлеген, Еуразия кеңістігінде мемлекеттер құрған ұлы тұлғалар жетілдірген ортақ мақтаныш болатын кезеңдерді көрсету. Және ол жерде белгілі бір ұлттардың немесе мемлекеттердің аттары аталмайды. Барша түрік халықтарына ортақ оқиғалар, мұралар, мемлекеттер туралы сөз болады. Сондықтан бұл алғашқы кітапты біз оңай дайындадық деуге болады» - дейді Халықаралық Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

 Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтыған оқулық 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы қамтылған. Оқулықтың жобасы 2018 жылы Қырғызстанда өтетін Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының VI Саммитінде ұсынылады.

«Бұл оқулық түрік, қырғыз, әжербайжан, қазақ, орыс тілдерінде әзірленді. Сол мемлекеттердің мақұлдауымен қазір бекітіліп отыр. Біз археологиялық қазба жұмыстарымен, белгілі үлкен ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде қол жеткізген ешқандай талқылауға келмейтін, нақты дәлелденген ақиқаттарды ғана бердік» - дейді Дархан Қыдырәлі.

Бұл кітаптың дүниеге келуі Елбасының «рухани жаңғыру» бағдарламасына да сай келетіні айтпаса да белгілі жағдай.

«Себебі бұл – Түркі дүниесінің жаңғыруы, Түркі дүниесінің ұлттық кодтарының оянуы, ұлттық жадының жаңғыруы. Осы арқылы біздің қасиетті жерлеріміз, үлкен тұлғаларымыз, ортақ мәселелеріміздің барлығы жас ұрпақтың бойына берілетін болады. Мысалы Ұлы даладағы мемлекеттер қазақ жерінде ғана емес, бүкіл түркі елдерінде болды. Сондықтан осы түсінікпен оқыған біздің жас буын нағыз рухани жаңғыруға қадам басады ғой деп ойлаймыз» - дейді академия президенті.

8 сыныпқа арналып жазылған ортақ тарихтың екінші кітабы XV ғасырдан басталып, бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын болады.

«Келесі кітап шамалы ауырлау болады. Бірақ біз одан бас тартпаймыз. Оны біз 9-сыныптарға арнап дайындайтын боламыз. Ол кітапта Бабыр мемлекетінің құрылуы, Османлы мемлекетінің қанат жаюы, Қазақ хандығының ірге жаюы сияқты біздің мақтаныштарымыз да орын алатын болады. Біздің осы Ұлы империялар қалай ұлыстарға, ұлттарға айналды. Біз екінші кітапта ортақ ұлыстық тарихтан ортақ ұлттық тарихқа қарай қадам басатын боламыз» - дейді ортақ тарих оқулығын құрастыруды ұйымдастырушы Дархан Қуандықұлы.

Жиынға Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, Түркі кеңесі мен Халықаралық Түркі академиясының сарапшылары, сондай-ақ тарихшы ғалымдар қатысты.

Барлығы да бұл оқулықтың келер ұрпақ үшін таптырмас құнды дүние екенін айтты.

28 қыркүйек 2017 г. 2 529 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 253 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 621 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031