» » Мемлекет басшысы ЖОО-лар алдына нақты міндеттер қойды - Нұрлан Серғалиев

Мемлекет басшысы ЖОО-лар алдына нақты міндеттер қойды - Нұрлан Серғалиев

Елбасы жаңа Жолдауында қазақстандық ЖОО-лар алдына нақты міндеттер қойды. Ендігі мақсат - соны талапқа сай орындау. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиев мәлім етті, - деп хабарлайды "Edunews.kz" AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.


Оның айтуынша, еліміздің бұдан былайғы дамуы тек қана ғылымның деңгейімен өлшенетінін атап өткен Елбасы осы салаға баса назар аударуға тиіс екенімізді жеткізді. 

Дәл осы тұста отандық ғылым деңгейі қандай деген орынды сұрақ туады. Бұл тұрғыдан да еліміз діттеген меже биігінен көріне алатынына сенім мол. Отандық ғылым мектебі қазірдің өзінде оң нәтижелерін бере бастады. Қай жағынан алғанда да, қазақстандық ғалымдар отандық экономиканы озық технологиямен байытудың тірегі болары сөзсіз. 

- Нұрлан Хабиболлаұлы, ендеше, елімізде осы салада қандай жұмыстар атқарылып жатыр деп айтар едіңіз? 

-Біз осы уақытқа дейін өмірлік қажетті үш тіреудің басын біріктіре алмай жүрдік. Білім - ғылым - өндіріс үштігінің басын қосатын нақты заң қабылданып, бұл күндері жемісін беріп жатыр. Өндірісті дамытушы ғылымды инвестициялаудың халықаралық қалыптағы жүйесі енді біздің ел өміріне де ене бастады. Бұған дейін ғылым «қаражаттан шөліркесе», ғалымдар ашқан жаңалықтар өндіріске жолдама алудан ысырылып келсе, енді ондай тоқырау болмайтын болды. Ғылымды инвестициялаудың бірнеше арнасы жұмыс істей бастады. Мәселен, ғылыми зерттеулер үшін арнайы мемлекеттік мақсатты гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылымға бөлінетін қаржыны ғалымдардың өз екшеулерінен өткізе отырып бөлу, ақыр аяғында жекенің капиталын инвестиция ретінде тарту арналары пайда болды. Ашылған жаңалықтарды өндіріске енгізу ісі жеңілдей түсті. Қазір үкімет деңгейінде жоғары ғылыми-технологиялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес салалық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын екшеуден өткізеді. Сайып келгенде, бәрінің де мүддесі ғылымды инвестициялау, жаңалықты өндіріске кідіріссіз енгізу жұмыстарын жүйеге түсірген, жемісті ететін бір жаңа арна болғанын айта кету керек. 

- Бұдан Қазақстандағы байырғы ЖОО-лардың бірі - Махамбет атындағы университет те тыс қала алмайды ғой?

 - Иә, ҚР Білім және ғылым министрлігі қойып отырған талаптарға сәйкес, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізуде.

Бүгінгі ғылымның индустриалды-инновациялық дамуына байланысты зерттеулерді коммерцияландыру - күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе. Өйткені әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әлемдік ғылым Қазақстанға келуі үшін бізге қайтсек те ғылыми ізденістерді коммерциялаудың тәжірибесі мен тетіктерін меңгеруге тура келетіні дәлелденіп отыр. 2018 жылы университет ғалымдарының іргелі және қолданбалы зерттеулері келісімшарттар аясында және мемлекеттік қаражат есебінен қаржыландыру жалғасты, сонымен бірге жаңа жобалар қаржыландырылуда. 

Ғалымдардың қаржыландырылған ғылыми жобаларға қатысу көрсеткішін арттыру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Биылдың өзінде екі зерттеу зертханасы құрылды. Іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамыту бағытында университет өзі қаржыландыратын ішкі гранттар бөлуді жоспарлап, осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңарту, ғылыми жоба нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу жұмыстарын жандандыруды арттыру басты назарда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір... ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деп үнемі бағыт сілтеп отыруы студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені. Бұл үшін білім жүйесінде білім беру мен оқытудың, ғылымды игерудің халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор. 
Бұған дейін ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында таяу және алыс шетелдің 100-ден аса жоғары оқу орнымен келісімшарт жасалған еді. Елбасы атап өткен шетелдік жоғары оқу орындарынан тәжірибе алмасу мақсатында топ-менеджерлерді тарту бойынша да жұмыстар жалғасын табатын болады. Мысалы, Ресейдің Қазан мемлекеттік университетімен бірлескен бірнеше ғылыми жобалар жүзеге асырылмақ. Шетелдік ғылыми ортада отандық зерттеу жұмыстарының ғылыми жаңалықтары мен негізгі тұжырымдарын таныту, қазақстандық ғалымдар еңбектерінің рейтингісін арттыру мақсатында М.Өтемісов атындағы БҚМУ хабаршысын жоғары рейтингке ие ғылыми басылымдар қатарына қосу бойынша жұмыстар қолға алынуда.

 - Елбасы алға қойған аса маңызды міндеттердің бірі - мамандардың еңбек нарығында қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеу. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

- Президент бізге Қазақстанның білікті мамандары әлемнің әрбір түкпірінде сұранысқа ие болуы қажет деген талап қойған болатын. Қазір де біздің тарапымыздан осы бағытта нақты қадамдар жасалуда. Қазіргі университет түлегі ол - озат, жоғары білікті және өз саласы бойынша жетік білімді игерген, әлемнің кез-келген елінде сұранысқа ие болатындай, бәсекеге қабілетті маман болуы қажет. Жоғары білім беру орындары диплом берумен шектелмей, сол диплом иесі жұмыспен қамтылған жағдайда ғана университеттердің жұмысы бағаланатынын қатаң түрде ескертті. 

Елбасымыз бұған дейінгі Жолдауында: «Біз мұғалімнің мәртебесі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген болса, биылғы Жолдаудың ұстаздар қауымы үшін тағы бір сыйы - келесі жылы «Педагогтар мәртебесі» туралы Заң қабылданатындығы. Бұл педагог мамандар дайындап отырған Махамбет университеті үшін айта қаларлықтай жаңалық болды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлағаты - мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты - оқу мен әдебиетте», - деген әдемі сөзі бар. Ұстаздар - мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің ертеңгі болмысы - ұстаздың бүгінгі тәлімінде екені тағы бір айқындалғандай.

 «Білімді ел - мәңгі ел». Білімді жастар - мәңгілік елдің болашағы. Алдағы жылдың «Жастар жылы» аталатындығы универсиетімізде білім алып жатқан барлық жастың ортақ қуанышы екені даусыз.

 Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауын ұжымымызда тыңдап, талқылап, жан-жақты түсіндіру бағытында алға қойған міндеттер белгіленді. Қыруар істі қолға алған Елбасымыз әрбір мемлекеттік қызметкерден өз жауапкершілігіне дұрыс қарауды талап ететіні баршаға белгілі. Бұл - 86 жылдық тарихы бар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы үшін де басты талап.

 Қорыта айтқанда, бүгінде Қазақстан мемлекеттік және ұлттық дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп келеді. Бұл орайда барлық мүмкіндіктер іске қосылуда. Осы арқылы әр қазақстандықтың жеке дамуына да алғышарттар қаланған. Қазір елімізде қолға алынған істер аса ауқымды. Тек осынау ауқымды іске әрқайсымыз өз үлесімізді молайта түсу үшін жұмыла алсақ болғаны.



07 қазан 2018 г. 2 198 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 722 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 339 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930