Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы
Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы
Мақсаты: Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгендігімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын көрерменге жете ұғындыру, оқушылардың дүниетанымын кеңейту.
Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділетгілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғынуға тәрбиелеу.
Әдісі: сахналық көрініс, әдеби-музыкалық монтаж, әңгімелеу, тарихи дәйектемелер, ән, жыр, видеоролик т.б.
Көрнекіліктер: мемлекеттік рәміздер, газеттер, суреттер мен альбомдар, тақырыпқа байланысты сөздер жазылған плакаттар.
Барысы.
Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар. Бүгін біз еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жолда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген, тарихымызда алтьн әріптермен жазылып қалатын Тәуелсіздік, Егемендік күні мерекесіне арналған "Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы" атты тәрбие сағатымызды сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
Жүргізуші
Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға,
Біз көрдік қас дұшпанның балтасын да.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті,
Мың жылдық күрестердің арқасында.
Жүргізуші
Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады,
Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.
Жүргізуші: Тәуелсіздіктің түп тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта қоймас. Десек те 1986-ның қайғылы желтоқсаны бір күнгі немесе бір жылғы наразылықтың көрінісі болмаса керек.
Жүргізуші: "Түбін білмеген—тексіз" дейтұғын қазақтың ғажап сөзі осындайда шықса керек. Себебі тәуелсіздіктің түп тамыры сонау бабалар арманынан туындап жатқам жоқ па?
Көрініс: «Ата мен немеренің әңгімесі»
Немересі: Атау, атау маған «Түбін білмеген - тексіз» деген сөздің мағынасын түсіндіресіз бе?
Атасының сөзі: Бұл нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Ол үшін мен саған ертеректегі деректерден мысал келтірейін.
Атасының сөзі: Кешегі үш жүзді бір тудың астына жинаған Абылай хан тұсындағы төбе билеріміз қара қазан, сары бала қамы үшін сөз саптаған еді. Егемендік пен бірлік Төле бидің толғауында, Қазыбек бидің қаз даусында, Әйтеке бидің шешендігінде көрініс тапқан.
( Күмбірлеген күй даусы естіліп, ортаға билерше киінгендер шыгады.) Төле би
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір үйдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің көміл бол,
Халқыңа әділ бол.
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол.
Қазыбек би
Біз қазақ—мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт- береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Дәм-тұзды ақтай білген елміз,
Досымызды сақтай білген елміз.
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, қүл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Әйтеке би
Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауға найзаң тисін.
Бай болып елге пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөлек үйің күйсін.
Күй даусы көтеріледі.
Бірге: Елім, ел болам десең, бесігіңді түзе, бірлігінді жойма, бірлік бар жерде тірлік бар!
Немересі: Ата «Фашист, Гитлер» дегендер кімдер?(видеоролик көрсетіледі)
Атасының сөзі: Көрдің бе балам еліміз бейбіт өмірге, тыныштыққа жету үшін қаншама қиын күндерді басынан өткеріп, қаншама ұл-қыздарымыздан айырылған едік. Бірақ қазақтың өр ұлдары мен ер қыздары көбеймесе, азая қоймапты. Оның айғағы—осыдан 32 жыл бұрынғы ел намысы үшін жанын құрбандыққа қиған желтоқсандықтар болатын. Оның айғағы—дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге қазақ деген атты әйгілі еткен Желтоқсан оқиғасы!
Жүргізуші:1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды.
Жүргізуші: Асығыс өткен пленум шешімі дүйім Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті.
Жүргізуші:
Желтоқсан айы естесің,
Дауыл боп бүрқап ескенсің,
Азаттық күйі қашаннан,
Көкейін елдің тескенсің.
Бүрқ етіп қазақ баласы,
Кейде де өршіп наласы.
Алаңға қарай ағылды,
Таусылып барлық шарасы.
Көрініс:
Сахнаға екі студент шығады, бірі – жігіт, бірі – қыз. Қолдарында конспекті дәптерлері бар.Айгүл: Мақсат, сен естідің бе? Кеше Дінмұхамед ағамыз орнынан алыныпты дейді.
Мақсат: Қойшы, рас айтасың ба? Кімнен естідің?
Айгүл: Кеше куратор ағайдан естідім. Бүгін Брежнев алаңында көп адам жиналады екен.
Мақсат: Неге? Неліктен?
Айгүл: Қонаевтың орнына Ресейден бір орыс келіпті дейді. Халық наразылық білдіріп жатқан көрінеді. Куратор ағай ол жаққа бармаңдар деп ескертті.
Мақсат: Қой, біздің мұнда тығылып қалғанымыз дұрыс болмас. Жүр кетейік. Тез барайық!
Жүргізуші: Иә, аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз – жігіттер «контрреволюционер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын - 1986» деген оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.
Көрініс: Алаңда жастар бейбіт, жайбарақат. Қолдарында «Каждому народу – своего вождя», «Ленин идеясы жасасын», «Қазақстан - қазақтардікі», «Ресейге қайт» деген транспоранттар бар. Оларға Мақсат пен Айгүлде келіп қосылды.
Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жағдайды.
Дауыс: Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы әкелгені несі?
Дауыс: Талап – тілекті айтамыз, шықсын ортаға басшылар!
Осы кезде «Менің Қазақстаным» әні айтылды. Жастар теңселіп тұрып бұл әнді ерекше бір шабытпен тамаша орындайды.
Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тараңдар! Жатақтарыңа қайтыңдар! Ұят болды! Мен сендерге күш қолданамын! Үйге қайтыңдар.
Осы кезде залда әскери команда беріледі.
Әскери адам: Первая рота! Слушайте мою команду. Производится операция «Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота, за мной! Ура!
Осы кезде залға сырттан қаруланған әскери адамдар – көктен кіріп, алаңдағы жастарды ұрып – соға бастайды. Қаралы музыка баяу ойнап тұрады. Қарулы әскер сахнадан жаралы қыздар мен жігіттерді біртіндеп сүйреп, жұлқылап әкете бастайды. Беті – аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас Қазақ қызын екі әскери солдат сүйрей бастады. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйледі.
- Әй туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай! Қосылыңдар біздің қатарға
Осы кезде қарулы милиционер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп есінен танып қалады.
Жүргізуші: Міне, өмірден тағы бір қыршын жас қызғалдақ осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ляззат Асановаға өзін - өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ляззаттың да алаңда болғаны анықталды.
Ән "Жаса, Қазақстан!".
Немересінің сөзі: Ата «Ұлылардың ұлағатты ұрпағы» деп кімдерді айтуға болады?
Атасының сөзі: атасы көтеріңкі көңіл-күймен «О, балам, сен дәл нүктесінен бастың», ол үшін мен алысқа бармай-ақ өзіміздің Тәуке ауылымыздың Тәуке ұрпақтарына тоқтала кетейін.
Слайд «Тарихыңды тани жүр»
Күй даусы көтеріледі.
1-оқушы.
Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді,
Бізге бұны ешкім аяп бермеді.
Төуелсіздік—Қайрат, Ләззат, Ерболдың,
Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.
Шала жансар қар астына көмгені,
Тәуелсіздік—ата-баба арманы.
Қандай елмін бүгін міне, көр мені,
Алаулайды мүмкін емес сөнбегі.
2-оқушы.
Тойланып мың мереке, ұлыс күні,
Құйылған шаңырақтан ырыс нұры.
Халқымның бақыты үшін аз байлық па,
Төуелсіз еліміздің тыныштығы.
Ішкі жау балағыңнан қаппасын кеп,
Сыртқы жау пәле-жала жаппасын тек.
Мен әркез отырамын Тәуелсіздік
Қадірін білмегеннен сақтасын деп.
3-оқушы.
Намысың найзағайдай жарқылдап бір,
Өр халқым дүниеге даңқынды асыр.
Дәуірдің бастау алған жиырма бірі—
Еліме болсын дәйім алтын ғасыр.
Ешкім де көзіне ілмес ноқталыны,
Ешқашан ондай ұлттың жоқ тамыры.
Бабалар аңсап өткен кезге жеттік,
Қолдасын көк туымд хақ Төңірі.
Сабекова Енлик Ермековна
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы
Тарбағатай ауданы
Тәуке ауылы