» » Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

 2017 жылдың 18 қазанында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті «Құдайберген Жұбанов» конференц-залында университетіміздің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының «Дін және діндарлық» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Кітап дінтану, дін социологиясы мен педагогика пәндерінің оқытушылары мен магистранттарына, дін мәселесіне қызығушылық танытатындарға арналған. Автор діннің қоғамдық қатынастардан тәуелсіз дербес құндылық және қоғамның дінге мұқтаж екендігін негізге алады.

Шараға университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы, университет проректорлары мен профессорлық-оқытушылық құрам және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Оспан Төлеби, қаламыздағы жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.

Кіріспе сөз Бауыржан Аманкелдіұлына берілді: «Кез келген кітап үлкен еңбектің нәтижесі. Университетімізде кітаптың тұсаукесері жиі өткізіліп, сол тұсаукесерде кітап мазмұны талқылану керек. Амангелді Айталы ағамыз «Дін және діндарлық» арнаулы курстарға арналған кітабын маған ұсынған кезде, мен ол кісіге осы кітаптың тұсаукесерін өткізсек деген ұсыныс айтқан болатынмын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, еліміздің дамуында Амангелді аға қосқан үлес өте зор. Бірнеше жыл депутат қызметін атқарғаннан кейін, қара шаңырақ оқу ордамызға қайта оралды. Оқулықтың тілі жеңіл, қарапайым тілмен сараптама жасалған», - дей келе, А.Айталы жайында Фариза Оңғарсынова мен Шерхан Мұртаза айтқан пікірлерді ортаға салды. Сондай-ақ, жаңа кітаптың тұсаукесерімен профессорды құттықтап, алдағы уақытта да жаңа оқулықтардың жазылатындығына сенім білдірді.

 Келесі сөз кезегін алған оқулық авторы Амангелді Айталы дін мәселесінің өте күрделі екендігіне, студенттерге «Дінтану» пәнін оқытудың маңыздылығы зор екендігіне тоқталып, осындай шараны өткізуге мұрындық болған университет басшылығына алғысын жеткізді.

Осыдан кейін тұсаукесер рәсіміне кезек берілді. Кітаптың қызыл лентасын философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Оспан Төлеби кесті.

Сонымен қатар тұсаукесер рәсімінде философия ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ж.Мұхамбетжан, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Жүнісов, философия ғылымдарының кандидаты Ү.Қ.Сәрсембин А.Айталының аталмыш еңбегі жайындағы пікірлерін ортаға салды.

 Сондай-ақ, шара барысында «Білім және діндарлық» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып және бас ғимараттың кіре берісіне орналасқан Көркем шығармашылық тақтаға кітаптың тұсаукесер рәсіміне орай кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері сурет салды.  Көрмеге А.Айталы еңбектері, дін және білімге қатысты кітаптар, мерзімді басылымдар қойылды.

23 қазан 2017 г. 5 503 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 11 946 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031