Латын негізіндегі қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасы
Президент Қ. Тоқаев бүгінде қолданысқа енген қазақ тілінің латын негізіндегі әліпбиінің кемшіліктері бар екенін айтып, тиісті мекемелерге оны қайта қарауды тапсырды деп хабарлайды edunews.kz Ақпарат Агенттігі bilimdiler.kz білім порталына сілтеме жасап.
Ертеңгі күні жаңа әліпбиді күнделікті пайдаланатын адамдардың бірі болғандықтан, біз де жоба талқысынан тыс қалмай, өз нұсқамызды жасап, ұсынуды жөн санадық.
Бұл нұсқа несімен ерекшеленеді?
1) 26 әріптен тұратын негізгі латын әліпбиінің шеңберінен барынша шықпауға тырыстық. Оған умлауты (үстіңгі қос нүктесі) бар 3 әріп қана қосылды. Латын әліпбиінен Х (икс) әрпі алынып тасталды. Сонда барлығы – 28 әріп.
2) Ағылшын тілінің емле ережелерін пайдаландық. Қазақ тілінде дыбыс көп, бірақ таңба шектеулі. Сондықтан біз ағылшын тілінде қолданылатын 5 диграфты қазақ тілінің емле ережелеріне қостық. Одан бөлек, кейбір әріптердің орналасу тәртібіне қарай әртүрлі оқылу заңдылығын енгіздік.
Бұл әліпбидің артықшылығы неде?
Біз жаңа әліпбиге латын жазуын пайдаланатын дамыған елдерге жақындай түсу мақсатында көшіп жатырмыз. Соның ішінде ғылым мен білімнің, техника мен технологияның, компьютердің тілі болып отырған ағылшын тіліне, ағылшын тілді әлемге жақындауды көздеп отырғанымыз белгілі.
Ендеше латын әліпбиіне көшу дегенді біз бір таңбаны алып тастап, орнына басқа таңба қоя салу деп түсінбеуіміз керек. Біздің мақсат – қазақ тілінің жазу заңдылықтарын, өзімізге де, өзгеге де жақсы танымал ағылшын тіліне, оның емле ережелеріне барынша жақындату. Сондықтан бұл нұсқаны жасау барысында біз тек ағылшын тілінде қолданылатын, бәрі білетін, оқи алатын диграфтарды және ағылшын тілінің кейбір оқылу заңдылықтарын алып отырмыз. Оның пайдасы мынада:
1) екі тілдің емле ережелері ұқсас болса, ол қазақ тілінің имиджін арттырады. Яғни қазақ тілі мүлдем бөтен әлем емес, жазуы жағынан ағылшын тілімен белгілі бір ұқсастығы бар, игеруге оңай тіл екендігін паш етеміз. Біздің қаріптерімізді кез келген ұлттың өкілі «танып», еркін оқи алады;
2) мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін қазақ әліпбиін оқып - үйренгеннен кейін ағылшын тілін де еркін игереді;
3) елімізде мектеп қабырғасында ағылшын тілін оқыған кез келген адам, әсіресе, жастар жағы латын әліпбиінің заңдылықтарын, атап айтқанда, ағылшын сөздерінің қалай оқылатынын жақсы біледі. Олар ағылшын тілінің емле ережелеріне барынша жақындатып жасалған біздің нұсқамыз бойынша жазылған қазақ сөздерін де оп - оңай оқи беретін болады.
4) ағылшын тілінің емле ережелерін қолданғаннан қазақ тіліне ешқандай зиян тимейді.
Жаңа әліпби нұсқасын назарларыңызға ұсынсақ:
Бұл әліпбидегі таңбалардың басым бөлігіне қатысты дау - дамай жоқ. Сондықтан біз тек жаңадан енгізілген және дыбысталған таңбаларды, сондай - ақ, диграфтарды ғана төменде талқыға саламыз.
Осы жерде айта кетейік, жоғарыда берілген әліпби нұсқасы неміс тілінің әліпбиінен еш айырмашылығы жоқ. Айырмашылық тек Х (икс) әрпінің болмауында ғана.
ЕСКЕРТУ: Таңба (қаріп) – бұл әріптің жазылуы, ал дыбыс – оның айтылуы. Осыны қаперге ұстауларыңызды сұраймыз. Өйткені, төменде бұл екі сөз алма - кезек жиі қайталанады. Шатасып қалмаңыздар.
С таңбасы, яғни «ц» дыбысы. Соңғы қабылданған латын әліпбиінде бұл әріп жоқ. Оны жасаушылар қазақ тілінде «ц» дыбысының мүлдем болмағанын алға тартты. Бірақ, біз «ц» дыбысын бүгінгі қазақ тілінен алып тастау мүмкін еместігін айтқымыз келеді.
Біріншіден, «ц» әрпі бар сөздер орыс тілі арқылы біздің тілімізге түбегейлі еніп кетті. Одан біз арыла қоюымыз екіталай. Мысалы, полицияны полисия, циркті сирк, доцентті досент деп кім айтады?
Екіншіден, бүкіл әлем жаңа тілдерді үйреніп, жаңа сөздерді игеріп жатқанда, біз бұрыннан сіңісті болып кеткен сөздерімізді қайтадан өзгертумен әуреленіп жатсақ, дамыған елдер көшінің соңында қаламыз. Бұл тілді дамытатын емес, керісінше тоқырататын, халықты (әсіресе еліміздегі өзге ұлт өкілдерін және орыстілді қазақтарды) тілден бездіретін қадам.
Сондықтан «ц» дыбысы әліпбиімізде болуы тиіс және оны «С» қарпімен жазу қажет.
Мысалдар: policei, medicina, cirk, cement, motocikl, mecenat, docent, decimetr, lekcia, cisterna, cilindr, kirillica, racia, Ciceron, Cezar, Ceilon, Lacio, Celinograd.
І таңбасы. Бұл таңба орналасу тәртібіне қарай «і» және «и» болып екі түрлі дыбысталады. Атап айтқанда, қазақ сөздерінде ол дауыссыз дыбыстардың қасында «і» дыбысын берсе, дауысты дыбыстардың алдында және одан кейін тұрғанда «и» («й») болып оқылады. Ал басқа тілден енген сөздерде «и» дыбысын береді.
Мысалдар: қазақ сөздерінде дауыссыз дыбыстармен қатар келгенде: kim, kitap, bir, eki, tirshilik, tiginshi, bilikti, tilek, birlik, iri;
қазақ сөздерінде дауысты дыбыстардың алдында және соңында келгенде: aiman, qaida, sarai, iek, tärbie, aiwan, bie, iod, jien, tailaq, toi, jaiyn, sailaw, Qytai, Resei, Semei.
Ал кейбір сөздерде «і» әрпі екі рет кездеседі: kieli, ielik, Keiki, beibit, seisenbi, deidi, nietti, süidim, küili, т. б. Бұл сөздердегі «і» әрпінің қайсысы «и», қайсысы «і» болып оқылатынын ажырату қиын емес деп есептейміз. Өздеріңізге белгілі, қазақ тілінде «і» дыбысы ешқашан дауысты дыбыстың қасында тұрмайды («и» дыбысынан басқа, ол туралы төменде айтылады). Сондықтан дауысты дыбыстардың қасында тұрғаны – «и» («й»), дауыссыз дыбыстың қасындағысы – «і» болып оқылады (жоғарыдағы мысалдарға тағы бір зер салыңыз).
Ал басқа тілден енген сөздерде: instagram, klinika, kino, bilet, mikrofon, Sidnei, Iran, Ispania, Izrail, Amerika, Irina, Maksim, David.
Енді мына мәселеге тоқталсақ: қазақ тілінде «і» мен «и» дыбыстары қатар келетін сөздер бар. Мысалы, киім, биік, жиі, тиімді, иін, диірмен, кейін, мүйіз, әдейі, т. б. Біз оларды kiim, biik, jii, tiimdi, iin, diirmen, keiin, müiiz, ädeii деп жазамыз.
Бұл жерде қатар тұрған екі «і» таңбасының қайсысы «и», қайсысы «і» деп дыбысталатынын қалай ажыратамыз? Әрине, қазақ тілін жақсы білетін адамдарға бұл сөздерді оқу қиынға соқпайды. Ал қазақшаны нашар білетін қазақтар, өзге ұлт өкілдері, әсіресе қазақша тілін үйреніп жатқан шетелдіктерге қалай түсіндіреміз?
Оларға мына ережені айтуымыз керек: қазақ тілінде «и» дыбысы «і» дыбысының алдында ғана келеді. Керісінше, алдымен «і», одан кейін «и» дыбысы тұратын сөздер жоқ. Сондықтан осындай сөздерді оқығанда бірінші тұрған «і»- ні «и» деп оқу қажет. Бұл жерде аса қиындық жоқ деп ойлаймыз. Сонымен бірге, жалпы «и» мен «і» дыбыстары қатар келетін сөздер қазақ тілінде көп емес екенін де айта кетейік.
Біз жоғарыда дауысты дыбыстардың алдында және соңында келетін «и» дыбысын сөз еттік. Ал дауыссыз дыбыстардың алдында, соңында және ортасында келетін «и» дыбысын қалай таңбалаймыз? Мысалы, пима, сирақ, сипа, тиме, би, иман, мизамшуақ, сәби, қанеки, тарих, билік, әліпби, инелік, Сәбит, Димаш, Дидар, Хадиша, т. б.
Бұл жерде біз ағылшын тілінің емлесіне жүгініп, қазақ тілінің жазу заңдылығына «ее» диграфын қосуды жөн санадық. Ағылшын тілінде аталған диграф «и» (ұзақ и) деп оқылатынын латын әліпбиінен хабары бар кез келген адам жақсы біледі. Сонда жоғарыдағы сөздер peema, seeraq, seepa, bee, eeman, meezamshwaq, säbee, qanekee, tareeh, beelik, älipbee, eenelik, Säbeet, Deemash, Deedar, Hadeesha болып жазылады.
Бұл диграфты не үшін таңдадық?
Біріншіден, егер оны алмасақ, жаңа әліпбиге «и» дыбысы үшін тағы бір таңбаны қосуға тура келер еді.
Екіншіден, жоғарыда айтқандай, оны біз айдаладан әкеліп отырған жоқпыз. Ағылшын тілінде күллі әлем танитын, оқи алатын диграф.
Әрине, жоғарыда байқағаныңыздай, диграфпен жазылған сөздер алғашында көзге оғаштау көрінуі мүмкін. Бірақ, бірте - бірте көз үйренеді. Ағылшын тіліндегі speed, sleep, sheep, bee, see деген сөздерге де көзіміз үйренгені белгілі.
Реті келгенде айталық, қазақ тілінде жүз мыңдаған сөз бар. Жаңа әліпбиде олардың бәрін көзге жағымды көрінетіндей етіп жазу мүмкін емес.
Үшіншіден, мына жайтты баса айтсақ дейміз: диграфтарды қолданудан біз қашпауымыз керек. Егер диграфтар қолдануға ыңғайсыз, жазылуы қиын, оқылуы ауыр болғанда, ең бірінші болып ағылшындар, басқа да еуропалық халықтар оны қолданыстан шығарар еді. Бірақ, біздің білетініміздей, ағылшын тіліндегі әрбір екінші сөзде диграф бар. Тіпті кейбір сөздерінің ішінде бірнеше диграф кездеседі. Триграфпен жазылатындары да аз емес. Мысал келтіріп жатуды артық деп ойлаймыз.
Бірақ, бұдан ағылшын тілі артта қалып, дамымай жатқан жоқ, керісінше әлемнің тең жартысы осы тілде сөйлейді және ол үйренуге «ең оңай» тілдердің бірі саналады. Ешбір ағылшын «диграфтардан бас тартайық» деп жатқан жоқ.
U таңбасы, яғни «у» және «ұ» дыбыстары. Қазақ сөздерінде бұл таңба «ұ» дыбысын берсе, өзге тілден енген сөздерде «у» деп оқылады.
Мысалдар: қазақ тілінде: qulager, suraq, jumaq, turmys, samuryq, jumys, urpaq, sur, quraq, Ulpan, Nurlan, Jumabai, Nur - Sultan, Tumandy Albion.
Өзге тілден енген сөздер: prokuratura, kubok, turnir, tundra, bullit, futbol, bonus, Buratino, Runi, Joshua, Uilliams, Artur, Ukraina, Urugvai, Baku, Belarus.
Ал қазақ сөздеріндегі «у» дыбысын қалай таңбалаймыз? Тіл мамандарының айтуынша, қазақ тілінде дауысты «у» дыбысы жоқ. Тек дауыссыз «у» ғана бар. Расында солай. Кириллицада «су», «тура», «қурай», «тату», «қару», «бура» секілді көптеген сөздер дұрыс жазылмаған. Дұрысында бұлар «сұу», «тұура», «құурай», «татұу», «қарұу», «бұура» деп айтылады және солай жазылады. Мұндағы «у» – дауыссыз дыбыс.
Латын әріптерімен олар suw, tuwra, quwrai, tatuw, qaruw, buwra болып жазылады.
Дауыссыз «у» дыбысын төменде W таңбасын талдағанда кеңінен айтамыз.
Реті келгенде айта кетейік, біз кириллицада тұйық етістіктің жұрнағы «- у» ғана деп оқып келдік. Тіліміздің заңдылығы бойынша бұл жұрнақ «- ұу», «- үу», «- ыу», «- іу» және «у» болуы тиіс (латынша «uw», «üw», «yw», «iw», «w»). Сөздің ішінде келген дауысты дыбыстардың жуын - жіңішке болуына орай сәйкес жұрнақ жалғанады. Аталған жұрнақтарға бір - бір мысалдан келтіре кетейік: bur+uw (қазіргі жазылуы – бұру), kül+üw (күлу), sat+yw (сату), bil+iw (білу), basta+w (бастау).
W таңбасы, яғни дауыссыз «у» дыбысы. Ағылшын тілінде және өзге де бірқатар тілдерде бұл әріп дауыссыз «у» дыбысын береді. Дауысты дыбыстың алдында және артында «у» келсе, осы таңбамен жазылады. Ағылшын тілінен мысалдар: Washington, world, work, Botswana, new, low, town, т. б.
Қазақ тілінде де біз дауысты дыбыстың алдында және артында келген дауыссыз у дыбысын «w» таңбасымен жазғанымыз дұрыс.
Мысалдар: waqyt, sharwa, bawyrsaq, palaw, kerewet, taw, sawmal, jwyrda, bwyn, twysqan, kewde, ekew, alaw, balwan, Bawyrjan, Rawan, Atyraw, Aqtaw.
Енді латын негізіндегі қазақ әліпбиіне енгізілетін диграфтарды талдайық. Барлығы 5 диграф қолданылады. Оның біреуін («ее») біз жоғарыда талдадық. Қалған төртеуіне кезек берсек.
Gh диграфы, яғни «ғ» дыбысы. Бұл диграф ағылшын сөздерінде өте көп кездеседі және әр жерде әртүрлі дыбыс берсе, кей сөздерде мүлдем оқылмайды. Соның ішінде кейбір сөздерде «г» деп оқылады. Мысалы, ghost [gəʋst], ghetto [getɒʋ], ghastly [gɑ: stlı], т. б.
Әлемдегі басқа да біраз ұлттардың әліпбиінде бұл диграф бар және ол көбінесе «ғ» дыбысын береді. Сондай - ақ, 1928 - 1940 жылдары Кеңес Одағындағы түркі халықтары қолданған латын әліпбиі, яғни яналифте g мен h таңбаларының қосындысынан жасалған Ƣ әрпі болғаны белгілі және ол да «ғ» дыбысын берген еді. Мысалы, «Қазақстан» сөзі «QazaƢьstan» (Қазағыстан) деп жазылды.
Біз «ғ» дыбысын жазу үшін әліпбиімізге тағы бір таңба қосуды артық деп санаймыз. Оның орнына көпке түсінікті «gh» диграфын пайдалансақ, бұдан ұтарымыз көп.
Мысалдар: taghdyr, gharysh, tagham, maghyna, jarghy, saghynysh, ghalam, soghym, talgham, shyghys, Qaraghandy, Talghar, Saryaghash, Ghabeet, Balghynbek, Qarlyghash.
Ng диграфы, яғни «ң» дыбысы. Ағылшын тілін мектепте оқыған әрбір адам бұл диграфтың қандай дыбыс беретінін жақсы біледі. Оны түсіндіріп жатуды артық деп санаймыз.
Қазақ тілінің латын негізіндегі әліпбиінде де біз «ң» дыбысын таңбалауда осы диграфты пайдалануымыз керек. Бүкіл әлем білетін және оқи алатын «ng» тұрғанда әліпбиімізге тағы бір таңба қоспайық.
Мысалдар: jangbyr, qangtar, qalyng, siringke, änggime, tengge, tangba, aqqaiyng, Angsar, Mengsuluw, Angyraqai, Beijing.
Енді «ng» диграфына байланысты көпті толғандырған мәселеге тоқталсақ. Қазақ тілінде «н» мен «г» әріптері қатар келетін бірқатар сөздер бар. Сондай - ақ, «н» әрпімен аяқталатын сөздерге барыс септігінің «ге», есімшенің «ген», тағы басқа «гі», «гіш» секілді жалғау - жұрнақтар қосылғанда «н» мен «г» әріптері қатар келіп қалады.
Мысалы, Амангелді, сенгіш, бүгінгі, түнгі, күнгей, әнге, сәнге, мінгесу, сөнген, көнген, т. б. Бұл жерде қатар тұрған «н» мен «г»- ні қалай оқимыз?
Қазақ тілінде «ілгерінді ықпал» және «кейінді ықпал» деген ереже бар. Бұл қатар тұрған кейбір екі әріпті оқығанда алдыңғысы кейінгісін немесе кейінгісі алдыңғысын өзгертіп жіберетін заңдылық. Мысалы, «н» әрпінен кейін «г», «ғ» әріптері келсе, кейінді ықпал әсерінен, «н» әрпі «ң» болып өзгереді. Айталық, «алдын» деген сөзге «ғы» жұрнағы жалғанғандықтан, біз оны «алдыңғы» деп жазып жүрміз.
Жоғарыда мысалға келтірген сөздерде де «кейінді ықпал» бар екенін байқау қиын емес. Айтып көріңіз: Амаңгелді, сеңгіш, бүгіңгі, күңгей, міңгесу, сөңген деп айтылады. Ендеше біз оларды да неге айтылуы бойынша Amanggeldi, senggish, büginggi, künggei, minggesüw, sönggen деп жазбаймыз? Сонда «ng» диграфына байланысты айтылып жүрген проблемадан құтылар едік.
Негізі қазақ тілінде «н» мен «г» әріптері қатар келетін сөздер көп емес, саусақпен санарлық қана. Сол бірен - саран сөзге бола бүкіл әлем танитын «ng» диграфынан бас тартсақ, ол тілімізді дамыту емес, артқа шегіндіру болар еді.
Тағы бір айта кетер жайт: ішінде «нг» әріптері қатар келген шетел сөздері. Мысалы, брифинг, митинг, боинг, кёрлинг, лизинг, шоппинг, клининг, кастинг, тюнинг, т. б.
Бұлар brifing, miting, boing, kiorling, lizing, shopping, klining, kasting, tiuning деп жазылады. Қазақ тілінде оларды ағылшын тіліндегі түпнұсқасына сай «брифиң», «митиң», «киорлиң», «лизиң», «шоппиң» деп оқыған дұрыс деп есептейміз.
Ch және Sh диграфтары. Бұлар «ч» және «ш» дыбыстарын беретіндігін білмейтін адам жоқ. Сондықтан осы дыбыстар үшін де біз жаңа таңба ойлап табам деп бас ауыртпауымыз керек.
Қазақ тілінде «с» мен «х» әріптері қатар келетін екі - ақ сөз бар: асхана және Асхат. Оларды «asqana», «Asqat» деп жазуымыз керек.
Бұған дейінгі талқылаулар кезінде кейбір адамдар пайғамбардың есімін «Ishak» деп жазып мазақ қылған болатын. Бірақ, бұл пайғамбардың аты қазақша Ысқақ (Ysqaq) екенін естеріне салып қоямыз.
Кириллицадағы ь, ъ, э, ю, я, щ, ё, һ таңбалары жаңа нұсқаға енгізілген жоқ. Бұлардың ішінен ъ, э, щ, һ дыбыстары қазақ сөздерінде мүлдем қолданылмайды. Басқа тілден, әсіресе орыс тілінен енген сөздерді бұларсыз да жазуға болады.
Ал «ю» дыбысын «iw» (басқа тілден енген сөздерде «iu»), «я» (иа, ия) дыбысын «ia», ё дыбысын «io» деп жазамыз.
Дереккөз: bilimdiler.kz білім порталы