Балабақшаларға қосымша 4 мың бейнекамера орнату қажет – Божко
Қазақстанда балабақшалардың 58% бейнекамерамен қамтылған. Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконың айтуынша, қосымша 4 мың бейнекамера қою қажет. Бұл туралы ол «Президент Жолдауы – Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға қамқорлық» атты баяндамасында мәлімдеді, - деп хабарлайды "Edunews.kz" AA Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Қазір Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірге «Жол картасын» әзірлеп жатыр. Ол жерде мектепке дейінгі мекемелердегі педагогтардың біліктілігін арттыру, бірыңғай біліктілік талаптары негізінде кәсібилігін арттыру, оқушыларға орын тапшылығын жою бойынша шаралар қарастырылған. Мұндай мәселе үлкен қалаларда туындап отыр. Соның ішінде Астанаға келіп жатқан халықты көріп отырсыздар, қаншама бала дүниеге келіп жатыр», - деп атап өтті Божко.
Мәжілісмен әріптестерінен кішкентай балалардың қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне назар аударуды сұрады.
«Бүгінгі таңда қосымша 4 мың бейнекамера қою қажет болып отыр. БҒМ мәліметінше, балабақшалардың 58 пайызы бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Бейнекамерамен қамтамасыз етуде Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай және Ақмола облыстары төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Осы облыстарға баратын болсаңыздар аталған жағдай туралы зерттеп, себебін түсіндіруді сұраймын», - деді ол.