Кеңес үкіметін аңсайтын ректорлар қазақ тілді жастарды қалай тәрбиелемек?
Елімізде соңғы жылдары ішкі саясатттың дұрыс жолға бағытталуына байланысты ұлтаралық мәселелер, демографиялық диспропорциялар, кейбір өңірлердегі жұмыс күшінің жетіспеуі сынды проблемалар Үкімет тарапынан ақырындап оң шешімін тауып жатқандығы байқалады. Қазіргі таңда Үкіметтің ерекше назар аударып отырған мәселелерінің бірі – солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлердегі халық санының күрт тың азаюы және соған байланысты жұмыс күшінің жетіспеуі. Қазақ жеріне түрлі әлеуметтік және саяси жағдаймен келген орыс нәсілді ағайындар өзінің тарихи отанына мыңдап ағылып кетіп жатыр. Оларды тоқтату өте қиын әрі мүмкін емес. Себебі Ресейдің тұрмыс-тіршілігінде адамның өмір сүруіне қолайлы түрлі жеңілдіктер жасалғанын да жасыра алмаймыз. Айталық, зейнетке ерте шығу, соғыс ардагерлеріне жасалған жағдай, баланың дүниеге келуіне ақшалай көмек (материнский капитал) немесе қалаларда баспана беруі, өз қандастарын көшіріп әкелуге бағытталған мықты бағдарламалардың қолайлы, тиімді болуы, жоғары білімді мемлекет есебінен алу мүмкіншілігінің молдығы т.б.
Солтүстік пен шығыстан Ресейге үдере кетіп жатқандардың орнын кім толтырады? Әрине, қандастарымыз. Олар демографиялық өсімі жоғары оңтүстік өңірден бола ма, шет елдерден келіп жатқан ағайындар бола ма, әйтеуір, сол жаққа баруы тиіс. Иә, соңғы жылдары бір жақсы үрдіс-тенденция пайда болды: аталған өңір қазақыланып барады. Ол үрдіске енді ешкім кедергі жасай алмасы анық. Мысалы, біз 20 жылдай бұрын Ресейден Павлодар қаласына көшіп келгенде, қазақтың үлесі 20% маңайында болатын, ал қазір – 44%.
Мұны неге айтып отырмыз? Ұлтаралық тұрақтылық орнатуда, бүлікшіл сепаратизмге жол бермеу үшін елде, соның ішінде әр өңірде, ұлт құрушы халықтың үлесі 70%-дан кем болмауы керек. Бұл – саясаттанушылардың ұстанымы. Амандық болса, Елбасы үнемі айтып отыратындай, оған да жетеміз.
Ал енді Елбасының саясатын орындайтын сол өңірлерде ірі кәсіпорындар мен мекемелерде мықты елші азаматтар бар ма, соның ішінде сол жақтың ЖОО басшылары қандай? Өкінішке қарай, олардың арасында кеңес үкіметін аңсайтын, санасы коммунистік идеямен уланған басшылар әлі де аз емес. Тіпті әр түрлі сылтау тауып, «Серпін» бағдарламасына да қарсылық білдіріп отырғандар да байқалады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін орындауға да құлықсыз. Орысшыл өңірлерде ана тілінде сөйлегісі келмейтін немесе қазақша білмейтін басшыларды да көріп жүрміз. Олар қазақ тілін еркін меңгерген жастарды қалай тәрбиелейді? Елдің мүддесін қалай қорғайды? Бұл – бір.
Екінші мәселе, кейбір ректорлардың жасы зейнетке шығатын алпыс жас былай тұрсын, жетпіске жақындап қалғандары бар. Бұған не дейміз? Сондықтан Білім және ғылым министрлігі ЖОО басшыларын конкурс арқылы тағайындағанда осы мәселеге ерекше көңіл аударса екен деген ой туады...
Зиябек Қабылдинов