Елбасы ұсынысы жастарды жарқын істерге жетелейді - Ерғазы Манапұлы
Елбасымыздың 2019 жылды «Жастар жылы» деп атау жөніндегі ұсынысының мән-маңызын жете түсініп, жан жақты қарастырғанымыз жөн. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына орай өз ойын білдірген Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Ерғазы Манапұлы осылай айтты, - деп хабарлайды "Edunews.kz" AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ерғазы Манапұлының айтуынша, қазір жастардың басты мəселесі - баспана. Жастардың жігермен жұмыс істеп, жасындай жарқылдайтын кезінің көбі күнделікті күйбең тірліктің шылауында кеткен. «Мұндай жағдайды ұлтымыздың талай-талай ұландары амалсыз бастан кешкеніне еш күмәнім жоқ», - дейді ол.
Оның ойынша, жастар мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда қапы қалмау қажет.
«Тиісті органдар «Жастар жылы» аясында кешенді бағдарлама жасап, талапкер ұл-қыздарымызды оқыту, оқу бітіргендерін жұмыспен қамту, табысты кәсіпке баулу, дарынды жастарды ынталандыру, ұтымды жолын тауып, пәтер немесе отбасылық жатаханадан баспана беру сияқты нақты істерді іскерлікпен жүзеге асыруы керек. «Ерім» дейтін елі болмаса, «Елім» дейтін ер қайдан шықсын?» деген емес пе. Өздеріне деген қолдауды жете сезінген жастардың бойында отансүйгіштік қасиеті оянып, санасында жауапкершілік сезімі күшейетіні, соған сәйкес қамқорлыққа қайтарымы да қомақты болары сөзсіз», - дейді Ерғазы Манапұлы.