» » «Педагог мәртебесі» туралы заңды әзірлеуге мұғалімдер де қатысуы тиіс – педагог

«Педагог мәртебесі» туралы заңды әзірлеуге мұғалімдер де қатысуы тиіс – педагог

«Аймақтардағы білім басқармаларын жергілікті әкімдіктен ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзіретін өткізу керек». «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жоғары санатты ұстаз Өмір Шыныбекұлы Елбасының Қазақстан халқына жолдауын тыңдап, сондағы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу тапсырмасына қатысты осындай пікір білдірді. «Педагог мәртебесі» туралы заңға енгізілуі тиіс баптарды да ұсынды. 

«Педагогтің мәртебесін айқындайтын заңға мынадай баптар енгізілуі тиіс:


1. Білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне өткізіп алуы керек. Мектеп мұғалімдерін өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады. Заң бабына қосымша ретінде, «Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен шенеунік «Адамды құлдықта ұстаған қылмыскермен" теңестіріліп, қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс» деп көрсету керек.


2. Мұғалім қауіпті мамандық болып қалды. Сондықтан, мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс.


3. Бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы тиіс. Сонда, мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинау қиынға соғады» деген белсенді ұстаз өз сөзінде «Заң жобасын әзірлеуге қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс» дей келе, ұсыныс болса «Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі» ретінде жұмысшы топқа кіруге дайын екенін мәлімдеді.

Ол сондай-ақ, заң жобасын БАҚ беттерінде жариялап, ашық талқыға салуды ұсынды.

Өмір Шыныбекұлы бүгінде А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінде тарих пәнінен сабақ береді. Өз ұстанымын, мектептегі білім саласы мен педагогтардың мәселесіне қатысты ойларын ашық білдіретін ұстаз биылғы жолдаудың форматы бұрнағы жолдаулардан өзгеше болғанын айтады.

«Биылғы жолдаудың форматы өзгеше болып, атқарушы билік өкілдері алдында айтылды. Меніңше, бұрынғы жолдаулардың орындалу барысын қадағалау президент үшін қиын болған секілді. Алысқа бармай-ақ өткен жылы жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтсақ...



Жақында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы қоғам белсенділері мен өлкетанушы, тарихшылардың қатысуымен арнайы жиын өткізіп, «Рухани жаңғыру» облыстық кеңсесі басшысы Б. Әшірбековтің есебін тыңдады. Кеңсе басшысы жақсылап дайындалып-ақ келіпті. Атқарылған жұмыстарын слайдтармен уәждеп түсіндіріп берді. Біршама слайдта менің фотосуреттерім жүр екен. Б.Әшірбеков өз сөзін аяқтаған соң «Сіз өз сөзіңізді облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға қанша қаражат бөлінді және ол қалай игерілді?» деген сұрақтан бастауыңыз керек еді. Неге ол айтылмады? Слайдтарға қарағанда мен де біраз шаруа атқарыппын. Неге мен бір тиын алған жоқпын?» деген сұрақ қойдым.




Бірақ сұрағыма жауап ала алмадым. Жиын соңынан кейін кулуарда «бағдарламаны іске асыруға арнайы қаражат бөлінбеді» деген әңгіме естідім. Жалаң энтузиазммен алысқа баруымыз қиын екені жас балаға да түсінікті болса керек. Атқарушы билік өкілдерін қатыстыра отырып, президент жолдаудың орындалуына олардың жауапкершілігін көрсеткісі келген секілді. Мұғалім болғандықтан, ең алдымен жолдаудың білім саласына қатысты тұстарына назар аудардым», - дейді ол.


Жолдауда «Білім мен ғылымға 100 млрд бөлінеді» деді. 2016 жылы наурыз айында «2016-2019 жылғы білім мен ғылымды дамытуға бөлінеді» деген 1,5 трлн ақшаның тағдыры не болды екен? ҚР Білім және ғылым министрлігінің министрі Е.Сағадиевтен осы сұрақтардың жауабын күтеміз» деген ұстаз өз ой-пікірін сұраулы сипатта аяқтады.


Дереккөз: Bag.kz


06 қазан 2018 г. 334 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031