«Тарихи тұлға, аруақты ер Құттығай Сатыбалдыұлының ерлік жолына тағзым»
Туады ерлер ел үшін
Өлмейді ісі мәңгілік,
Өшпейді абзал есімдер.
Ұрпаққа жетіп мәңгілік
Кешпейді есіл ер – деп ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлаған. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - ұран» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы - біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр – тарих. «Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ер жетесіз» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Біз ата тарихын саралап, тарих қойнауын аралап, ұлыларымызды даралаудамыз. Ондағы мақсат – ұлыларды зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат ету. [3]
Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауынан қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады.
Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» - деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады: «Кедей халықты бай қылдым, Аз халықты көп қылдым... Түркі иелігінен айырылған халықты Ата-баба мекеніне орнатты...» делінген еді. Бұл жазбадан патриотизмнің ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, ел бірлігін қорғау, жиғанын халықтан аямау екендігін аңғаруға болады. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші деп есептеймін.
Қазақ халқы үшін елдігі мен ерлігіне ең бедерлі айғақ болатын да, жан-жүрегіне барша шындығымен шабыт дарытатын да, тәуелсіздікті қорғау жолында жалтақсыз құрбандыққа бастайтын да бірден-бір тағылым мен тарихи кезең қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген соғысы болса керек.
Өкінішке орай, ХVІІ- ХVІІІ ғасырлар аясында қазақ халқы бастан кешкен қаһарлы кезең туралы объективті ақиқат әлі де болса жете зерделенбей келеді. Халық жадында сақталған айғақ-деректер жан-жақты сараланбай, тарихи баян мен ғылыми ой-тұжырымдардың азығы бола алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Әсіресе қазақ хандары мен билерінің саяси қызметі, қазақ жасақтарының шыңдалған соғыс өнері, қазақ батырларының ұлттық өресі боп күйіп-жанған құрбаншыл ерліктері әлі де болса өз орнымен, өз жөнімен парақтала қойған жоқ деуге болады.
Осындай себептермен қаншама тарихи тұлғалардың ел мерейін өсірер өнегелі істері тарих тұңғиығынан көмескіленіп барады десеңізші! Елінің бақыты, жерінің бүтіндігі үшін етігімен су кешіп, ерліктің өнегесін көрсеткен батырлардың бірі - Құттығай Сатыбалдыұлы.
Тарихи ресми деректерге сүйенсек, Құттығай Сатыбалдыұлы (1702-1743) ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының аумағында өмір сүрген. Тегі - Беріш руының Жайық атасынан.
Құттығай ХVІІІ ғасырдың 20-30 жылдарында қалмақтармен талай шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түскен. Қалмаққа ұзақ жылдар хан болған Қалдан-Церен Нарын тұсында (қазақтар оны батырлығына, қатыгездігіне орай Аюке деп атап кеткен) қалмақтар орыстарға арқа сүйеп, Кіші жүз қазақтарына, әсіресе Байұлы ұлысына көп қорлық көрсеткен. Еділ мен Жайықтың арасын кең жайлап, мыңғырта мал өсіріп, күшті байыған екен. Қазақтардың малын олжалап, оны Жайық өзенінің оң жағына айдап өткізіп алып кетіп отырған. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қазақ даласы жауға қарсы жан аямай соғысқанда Кіші жүз қазақтары да қалмақтарда кеткен кегін қайтара бастайды. Еділ-Жайық бойындағы қалмақтармен соғыстарда Саржала, Құттығай, Шұбар есімдері қатар айтылады.
1726 жылы Бұланты өңірінің бойында, 1730 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарға Тайлақ батыр басқарған кіші жүз әскердің сапында қатысқан Құттығай елге оралысымен Шұбар, Саржала батырлармен бірге құба қалмақтардан Тайсойған, Нарын өңірлерін азат етеді. Жаудан босаған Ойыл өңірінің орта сағасына ағасы Айбастың ауылын Тұзтөбеден әкеліп қоныстандырады. 1738 жылы 11 айға созылған, 20 мың үйлі қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа Құттығай мыңбасы ретінде қатысады. Оның 9 ұлы болған, бәйбішесінен тарайтын Қазанқап, Көрпе, Көбек, Елші, Кешу атты балалары шамамен 1724-1731 жылдардағы жорықтар кезінде дүниеге келген. Ал екінші әйелінен – Қасболат, Байболат, жорықта олжалаған қалмақ қызы Марқадан Тасболат, Құлшан туған. Құттығайдан тараған ұрпақтары қазіргі кезде Атырау обылысының Исатай ауданында тұрады. Оның Сәт деген немересі кезінде сынықшы, көріпкел атанған қасиетті адам. Сонау Сәт атадан бастау алып, әкелі – балалы Құрас пен Зинеденге ұласып, ағалы-інілі Уәлитхан, Рысбаймен тірлікте тінін тартып, бүгінде шөбере Бауыржанмен ұрпақтарға жарасымды жалғасын тауып келе жатқан шипагерлік қасиетінің орны ерекше деп ойлаймыз. Ал Басықара атты немересі Исатай батырдың сенімді серігі, қол бастаған батырдың бірі болған. Осы Басықараның ұрпақтары 1925-1930 жылдары Нарын құмында кеңес үкіметінің саясатына қарсы көтеріліп, ол көтеріліс күшпен басылды, басшылары қызыл отрядпен атыс кезінде қаза болып, қолға түскендері түрмеге айдалып, қатаң жазаланады. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласынан оралмағандары да аз емес.
Алтайдан Еділге дейін ұлан-байтақ қазақ елі жатыр. Осы кең-байтақ жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ат үстінен түспей, мұз қатып, темірқазық жастанып, елін жерін қорғаған қазақ батырлары қаншама?! Солардың бірі емес бірегейі Саржала, Тоқтамыс, Шұбар, Құттығай батырлар екені ел аузынан жалғасып, бізге жетіп отыр. Олардың ұрпақтары түгелге жуық Нарын, Еділ мен Жайықтың арасын мекендеп, кейбір ұрпақтары Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара обылыстарында тұрып жатыр.
Батыр, қолбасшы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Торыатбасы тауының Тіксай елді мекенінде жерленген Құттығай Сатыбалдыұлының басына ескерткіш белгі қоюға мұрындық болған ағалардың бірі жерлес қаламгер, аймақтық «Мұнайлы астана» газетінің редакциялық алқа мүшесі, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлке тарихың зерделеуші Мұрат Бектенұлы ағамыз еді.
2014 жылы «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасының «Шежіре» шығармашылық орталығынан жерлесіміз, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенұлының «Айшықты әлем» аталатын кітабы жарық көрді. Оған автордың публицистикалық мақалалары мен очерктері енгізілді.
Әрине, әдебиет пен өнердің басты мақсаты адамды тану екені белгілі. Онда да жекелеген адамды емес, сол адам өмір сүріп отырған ортаны қоғамнан әсте бөліп алмай көрсету керек деген талап әр шығармашылық иесінің жадында жатталуы болуы керек. Сол талаптан көрінуге тырысқан автор аталған еңбегіндегі «Құттығай батыр» туралы жазылған әңгімелерінде де туған жер тарихынан естіп-білгендерін, талмай ізденгенін өзінше өрнектей білгенін көзі қарақты жанның анық аңғарары анық.
2005 жылы 25 маусымда Құттығай батырға ұрпақтары ескерткіш орнатып келгеннен кейін, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында ұрпақтары батыр ата рухына арнап ас берді. Ауданымыздың зиялы қарттары, көнекөз қариялары ел аузындағы естеліктерді айтып, сыр шертті. Шұбар тегі Қабдығали Ғұбашев: «Өлі аруақтардың рухына ас беру – ертеден келе жатқан дәстүрлі іс. Ол бір жылдан кейін, бірнеше жылдан кейінде, жағдайға қарай ұйымдастырыла береді. Кешегі бір кеңестік дәуірде аруақты ауызға ала алмағанымыз ұмытылған жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Олай болса, егемендіктің көк байрағы төбемізде желбіреп, елбасы еркіндік беріп тұрғанда, бақилық болғандардың рухын қастерлеу, құрметтеу – тіріге міндет, ұрпаққа парыз. Осы тұрғыда ұйымдастырылып жатқан Құттығай батыр бабаға арналған ас, оқылған дұға қабыл болсын, топырағы торқа болып, жаны жаннатта болғай дейміз».
2003 жылдан бастап облыс орталығында Құттығай батырдың Қасболат ұлынан тараған ұрпақтары – қасиетті Зинеден мен оның ұлы Уәлитхан рухына арнап, жасөспірімдер арасында күрестің үш түрінен қазақша күрес, еркін күрес, дзюдодан халықаралық турнир өткізілді. Оған Ресей мен Балтық жағалауы, Тәжік, Түркімен, Қырғыз елінен командалар қатысып, түрлі салмақ бойынша күш сынасты. Батырдың елді жаудан құтқару, іргенің берік, ұрпақтың алаңсыз өсуі жолындағы істеріне арнап Ә.Әлімгереевтің сценариі бойынша телефильм әзірленді. Газеттерде материалдар жарияланып, көгілдір экранда арнайы хабарлар әзірленді.
Жазба тарих болмаса да, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыз әңгімеге, дәлелді толы деректерді еліміздің тарихына енгізу біздің және келешек ұрпақтың үлесі болмақ. Құттығай батыр жауға шапқанда: «Уа, аруақ! Сұр жылан қайдасың, қолдай гөр! » деп жалаң қылышын қынабынан суырғанда айбаттанып, күш-қуаты тасатынын аңызшылар былай суреттейді: «Қалмақтың Көбек деген батыры соғыс болмай тұрғанда қазақ елімен қанаттас көшіп-қонып жүрген. Құттығаймен таныс адам болса керек. Бір-бірінің батырлығы аңызға айналып, найзагерлікті, қылыш, шоқпар, басқаруды қолдануды шебер меңгергендерінен екеуі де қанық екен. Кейін жер дауы, жесір дауы кезінде екі халықты билеп отырған хандар соғысатын болғанда, жекпе-жекке бірінші болып қалмақтың Көбек батыры мен қазақтың Құттығай батыры түсетін болады. Екеуі де рухтарына, ата-бабаларына сыйынып, айқай салып, екі жақ та сырнайларын үрлеп, дабыл қағып, қас батырларға қолдау көрсетіп, у-шу, азан-қазан болып, шайқастың дауылын үдете түседі. Екі топтан суырылып шыққан екі батыр найзасын оңтайлап, тұлпарының жойқын шабыстарымен ұрысқа кіріседі. Алайда атойлап шапқан қалмақ батырының Құттығаймен найзаласуға дәті шыдамай, кері шауып кетеді. Ал Құттығай батыр болса, жауының артынан қумай, әскеріне қайтып оралса керек. Қалмақтың қолбасшысы жекпе-жекке неге түспедіңдер деп ақырғандаКөбек тұрып: -Құттығайдың беліне орай, иығына асылған екі басты шұбар жыланды көрдім, қорыққаным емес, соны айтқалы келдім,-десе керек» .
Көшім даласындағы бір алапат айқаста Құттығай Көбекті аттан құлатып, қылышпен шауып, құлаған денеге найзасын шаншымай кете барады (жекпе-жекте жеңіліп құлаған қарсыласының кеудесіне найзасын шаншып өлтіретіні жекпе-жектің ақырғы айқасының белгісі еді). Жауы болса да Көбектің қас батырлығын құрмет тұтқан Құттығай кейін бір баласына Көбек деп ат қойған.
Шын жүйріктер туралы халық аңыздары біздің ауыз әдебиетіміздегі ең көркем жырлар, дастандар, ән-күйлерге айналып келгені аян. Жылқы қазақ халқында жеті қазынаның бірі саналған. «Ер қанаты - ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» - деген секілдідаланың өзіндей шетсіз, шексіз қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді.
«Ақ көбік ақтарылған езуін-ай,
Өзі –ат, өзі-қыран, өзі-құмай,
Жүйрікке шабудан да самғау жеңіл,
Жүйрікке қалудан да озу оңай.
Тұяғы тиген таста от қалардай,
Тосқауыл арқан керсе, тоқталарма-ай!
Эпостан шыға келген бір арғымақ,
Эпосқа сүңгіп қазір жоқ болардай...», - деп қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Жүйрік» атты жырында жүйрік ат туралы жырлайды. Ататоры – міне, осындай ат! Ат дейміз-ау, желден жүйрік құмай; дұрысы – шаппай самғайтын қыран. Арабтың сұлу, жіңішке аяқ жүйрігі де, ағылшынның «таза» қанды арғымағы да таласа алмас қазақтың Қазанаты. Оның қазанаттығын танытқан – мықты иесі Құттығай батыр. Қалмақпен жер үшін, ел болып қалу үшін жан алысып, жан беріскен, ұзақ жылдарға созылған
соғыстың қаһарманы ол. Жау шыдатпас жүрек жұтқан мыңбасы. Ал, оның нақ осындай батыр болуына жылдамдығына күші сай, ақылынан айласы артық аттың үлесі өте зор. [7]
Құттығайдың жауға шабар қос атының бірі және бірегейі Ататоры туралы Самат Бектенұлы Ибраим «Ататоры» деген тақырыпта әңгіме жазған.
Торыатбасы тауы – Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының Ақтау селолық округіне қарасты Марксизм елді мекенінің солтүстігіне қарай 3 километр жерде орналасқан. Торыатбасы тауы шығысында Жыланды тауымен, ал оңтүстігінде Қылыштау тауларымен қатарласа созылып жатыр. Ауыл қарияларының айтуы бойынша, кезінде бұл таудың басында ат құлағындай екі құлағы болған деседі. Кеңес үкіметі құрылып, тың игеру заманында көшпелі заманнан отырықшылық кезеңге ауысқанда таудың екі құлағын баз, қоралар салуға шешендер пайдаланған деседі. Қазіргі таңда бұл таудың тек ат мойнындай мойны қалған. Етегі малға толы, шөбі шүйгін Торыатбасы тау баурайы малға толы.
Ел ішіндегі қариялар сөзіне құлақ түрсек, Торыатбасы тауында батыр аты көмілген жерге Құттығай мен оның жары мен төрт баласы жерленген делінеді. Кейін қос өзен арасын қазақтардың алты ай қыста қыстап, жазда өздерінің байырғы қоныстарына көшу 1748-1754 жылдардан басталып, кейіннен 1771 жылдардан соң дағдыға айналған да, 1804-1805 жылдарда жаппай қоныстану басталған. Міне, осы кездерде Құттығай батырдың ағайындары, яғни Жайық-беріштер әуелі Тайсойған, Бүйрек құмдары, Жайықтың шығыс беті, одан Еділ-Жайық аралығын қоныс аударған. Содан соң олардың табаны Толыбай, Айбас, Үштаған құмдары, Ескі Забурын, Қиғаштың күнгей беттегі Жайық өзені бойы болып келеді.
Пай-пай-пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып Сал-сері кеткен жер,
Бас иіп, иіскеп топырағынан,
Тағзым жасамай кетпеңдер! – деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, қасиетті туған жердің, туған өлкенің тарихына ат үсті қарауға болмайды. Бабалар рухын қастерлеу кейінгі ұрпақ алдындағы үлкен парыз десек, еліміз егемендік алғалы мұндай мүмкіндікке кеңінен жол ашылды.
Келешек ұрпақ алдындағы қасиетті парыздардың бірі, тарихымызда әлі де зерделенбеген «ақтаңдақтырудың» орнын толтыруымыз керек. Азаттық алу үшін ұлтымыздың ұранына айналған Құттығай сияқты батырларды еске алып, олардың ерліктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету біздің азаматтық биік парызымыз деп білемін.
Тарихымызды түгендеп, бүгінімізді байыптау – перзенттік борышымыз. Отаншылдық әсіресе біздің тәуелсіз елімізге аса қажет. Елжандылықтың, патриотизмнің қайнар көзі – тарихты білу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты ісі үшін мақтану.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Батыс Қазақстан обылысы энциклопедиясы, 375-бет «Арыс» баспасы Алматы, 2002 жыл
Ғатау Рамазанов, «Қазақ батырлары» газеті, «Құттығай батыр», 2002 жыл, шілде №7
Исатай Балмағанбетов, «Құттығай батыр», «Ақ Жайық» газеті, 2002 жыл, тамыз
Мұхтар Мағауин, «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы «Қазақстан», 1995 жыл 100-101 беттер
Мұрат Бектенов, «Айшықты әлем» «Шежіре» шығармашылық орталығы, Атырау-2014 жыл, 225-259 бет
Мұратжан Қисым, «Қазақтың көне тарихы», Алматы, «Жалын» баспасы, 1993 жыл, Шыңжаң халық баспасы, 1987 жыл, 272-277 беттер
Самат Ибраим, «Ататоры» «А.Полиграфия» ЖШС Ақтөбе 2003 жыл 6-23 беттер
Өтепберген Әлімгереев, «Құттығай батыр», «Атырау» газеті, № 40, 6 сәуір, 2013 жылы
Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы,
Аққыстау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі
Атырау облысы Исатай ауданы