» » Қазақтың ұлы перзенті – Жүсіпбек Аймауытұлы!

Қазақтың ұлы перзенті – Жүсіпбек Аймауытұлы!

 Еліміздің өткен тарихы көптеген қайғылы кезеңдерден тұрады. Сол кезеңдерде ел арасынан әрқайсысы бір-бір жарық жұлдыздай болып тарих аспанына жарқ етіп ұлы дала перзенттері шықты. Сондай алып тұлғалар қатарында өзіндік тума талантымен, сегіз қырлы, бір сырлы дарынымен, ұлтжандылығымен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен көріне білген Жүсіпбек Аймауытұлы болатын.

Бүгінгі заманда Жүсіпбектей дарынды азаматтың ұрпаққа қалдырған патриотизмге толы, өнегелі істері көптеп дәріптелуі тиіс. Белгілі жазушының қазіргі таңда күллі қазаққа мәлім әдебиетке сіңірген еңбегі, қосқан үлесі, қалдырған мұрасынан бөлек қазақ халқына үлкен жанашырлықпен қарап, ұлтын шексіз сүйгендігі, азаттық таңын аңсап өткендігі, халқының білімді, көзі ашық болғанын көксегені жайлы ауыз толтырып айтылмайды. Ғабиден Мұстафин: «Абайдан кейін біздің заманымызға дейін қазақтан туған білімді, талантты адамдардың ішінде аты мәлім төрт адам атаусыз қалып ұмытылып барады. Олар – Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев» -, деп айтқан екен.

Дегенмен, ер есімі – ел есінде. Жазушының романдары, шығармалары әдебиет әлемінде өзіндік орнын алып, қалың оқырманның көңілінен шығып, асыл қазынаға айналып кеткелі қашан. Жүсіпбек Аймауытұлының есімі әдебиетте ғана емес, қазақ елінің қанмен жазылған тарихында, халық жадында, ел жүрегінде мәңгі сақталатынына күмәнім жоқ. Алайда, Жүсіпбекті болашақ ұрпаққа жазушылық дарынынан басқа қырынан көрсетіп, тарихта қалған істерін, халқына айтқан сөздерін, атқарған қызметін, ұлт үшін кешкен азабын үлгі ретінде жеткізе білсек, ұлт болашағы үшін қосқан біздің де бір үлесіміз болар еді.

Жастайынан білімге ұмтылған жас Жүсіпбектің өмірінен сыр шерткен бір естеліктерде Зейтін Ақышев былай деп жазады: «Керекуде патша заманында екі кластық орыс-қырғыз училищесі болған. Сонда Жүкеңмен бірге оқыған Пауан Жүсіпбаев, Әбділда Әбжанов сияқты қарттармен бірер жыл қызметтес болғаным бар. Олар Жүсіпбекті ауыздарынан тастамайтын.

- Ол біз сияқты емес, кедейдің баласы еді. Үйінен келетін көмек жоқ, қаладағы ауқатты тұрғындардың малын күтіп, қорасын тазалайтын, суын тасып, отын жағып, күлін шығарып... күн көретін. Оған Жүсіпбек ерінбейтін де, намыстанбайтын да, сабағынан да қалмайтын. Бір тамашасы ағаштан түйін түйетін шебер еді. Қазақтың екі аяқ арбасын, киіз үйдің сүйегін жасайтын, ер қашайтын, етік тігетін, кереге көктейтін. Домбыра жасайтын, домбыра тартып, ән салатын, өз ойынан өлең шығаратын, оны өзі шығарған әнге қосатын, - дейтін еді Әбділда да, Пауан да». Міне, кедейліктің күйін кешсе де білім алуын тоқтатпай, еңбек еткен, білім жолында бар күш-жігерін салған жас Жүсіпбек бүгінгінің жастарына ең әуелі осы қасиетімен, ерік-жігерімен, еңбекқорлығымен де үлгі береді.

Еліміздің тарихында зобалаң күндердің көп болғаны белгілі. Сондай қиын-қыстау кезеңнің бірі – 1921-1922 жылдары Торғай даласында болған үлкен ашаршылық. Сол уақытта «елдің ісі – ердің мойнында» демекші, еліміздің ұлтжанды тұлғалары жиылып, елге көмек қолын созу мақсатында жандарын салады. Осы істің көш басында Жүсіпбек Аймауытұлы жүріп, халықтан жылу жинап, жиналған малды аш-арыққа таратумен айналысады. Бірақ халқына деген ақ адал көңілі өзіне соққы болып тиерін ол білген жоқ еді. «Малды өзі пайдаланды» деген жаламен басы істі болғанда да, қаймықпай сотта өзінің өткір сөздерімен өз басын ақтап шығады. Ол: «Еңбегім – салауат, ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін» -, деп жалынды сөздерімен-ақ ұлтын сүйген ұлы тұлға екенін дәлелдеп кетті.

Әдебиет әлеміне өзінің «Ақбілек» пен «Қартқожадай» тамаша туындыларын алып келген Жүсіпбек Аймауытұлы өзін әдебиеттің барлық саласында сынап көрді десек те болады. Ол өзінің келер ұрпаққа айтпақ болған ойларын да қаламынан туған шығармалары арқылы жеткізді. Ол жастарымыздың білімді де ақылды, елін сүйген азаматтар болғанын қалады. Өз ісімен де, сөзімен де халықты, елді, ұлтты сүю керек екендігін дәлелдеген жазушы «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Оқығандар! Бұл уақыт-жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр»-, деп оқыған азаматтарды халыққа аянбай адал қызмет етуге шақырады. Өмірінің көп бөлігін халқына қызмет етуге арнаған қаламгердің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешуі де, алғашқы болып репрессияға ұшырауы да, көрген азап-қорлығы да, барлығы ұлтының келешегі үшін болды. Оны ақын өзінің соңғы өлеңінде:

«Шықпаса жаным денемнен,
Не салса тағдыр көрем мен
Бір өзім үшін өлмеймін
Бір ғана соған көнем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар! Соған сенем мен,
Артымда қыруар елім бар
                                         Өлсе де денем, мен өлмен»-, деп ауыр сыр шертеді.

Қорыта келе айтарым, «Қазағым қақтықпа, қамалма!

                                       Ел болар қамыңды амалда!», - деп ұрандатқан ақын өмірі әрдайым өз елінің азаттығын көксеген асыл арманымен астасып жатты. Елінің болашағын ойлаған қаламгердің артына қалдырған өшпес мұрасы бүгінгі жастарға мол рухани азық болары хақ. Сондықтан үлгі тұтар тұлғамызды әрқашан дәріптеп, мұраларын ұрпақ санасына сіңіріп өсіру біздің Алаш арысы алдындағы парызымыз деп санаймын. 


 

Автор:

Салтанат Әбілдина, 

Ж.Аймауытов атындағы жалпы орта білім беру мектебі КММ-нің   оқу ісінің меңгерушісі 

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ж.Аймауытов ауылы

04 қараша 2020 г. 53 057 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 737 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930