Қызықты әлем – балалар кванториумы
Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында «балалар кванториумы» кеңістігі жұмыс жасайды. Кванториумның бірнеше бағыттар бойынша шығармашылық зертханалары бар: космоквантум, акваквантум, автоквантум, биоквантум. Бұл шағын зертханаларда балаларды өнертапқыштыққа, бірлесіп әрекет етуге үйретіп, ерте кәсіптік бағдарлауды дамытады.
Мысалы, космоквантум аймағы ғарыш кеңістігі тақырыбында жабдықталған. Бала бұл жерде күн жүйесі, ғарыш, жұлдыздар, планеталар, кометалар, спутниктер, шоқжұлдыздар туралы ақпарат ала алады. Сонымен бірге ғарыштық спутниктің моделін құруға болады, ал заманауи ғарыш кеңістігін имитациялайтын макеттер процесті қызықты және көрнекі етеді.
Аквоквантум аймағы су зертханасымен жабдықталған, яғни макеттер, колбалар, бояғыштар, өсімдіктер, әртүрлі мөлшердегі контейнерлер, табиғаттағы су айналымының схемаларын бала пайдала отырып, өздігінше зерттеу жұмысымен айналысады. Мұнда балалар экологиялық бағыттағы білімі мен дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, талдау, салыстыру, қорытынды жасау және іскерлік қабілеттерін де дамытады.
Автоквантум аймағы конструкторлармен және модельдермен жабдықталған. Бұл шығармашылық зертханада балаға автоматты модельдеу арқылы автомобиль құрастыруға, қашықтан басқарылатын машина модельдерін құру арқылы машиналар мен агрегаттардың бөлшектерін түсінуге, пилотсыз көлікке түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Биоквантум аймағында бала биология, физиология, ботаника бойынша түсінік қалыптастыра алады. Бүлдіршіндер мұнда микроскоптармен, хроматографтармен жұмыс жасауға машықтанып, дақылдарды өсіру, оны бақылау, суды тазарту процестерін жүзеге асырып, заманауи биотехнологиялар туралы танымын кеңейтеді. Бұл жобаның мақсаты – балалардың техникалық сауаттылығын арттыру ғана емес, командада жұмыс жасауға, зейінін ашуға, қоршаған ортаны танып-білуге баулу.
Балалар кванториумдары – уақыт талаптарына сай келетін заманауи мектепке дейінгі білім берудің инновациялық моделі. Балабақшадағы шығармашылық зертханалар әрдайым толықтырылып тұрады. Кванториумдардың баланы ойын-эксперименттер арқылы іс-әрекетін ұйымдастыруда, құрал-жабдықтармен, түрлі жобалармен жұмыс жасауда пайдасы зор.