» » Қызылордада дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Қызылордада дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

  28 тамыз күні  Қызылордада «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.Бұл туралы Қызылорда облысының білім басқармасына сілтеме жасай отырып, EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

 Оған облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариямкүл Мұқатаева, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымы Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина, сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісі алдымен оқушылардың техникалық шығармашылығы мен білім саласындағы Сыр өңірінің жетістіктеріне арналған көрме жұмысын таныстырумен басталды. Жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, мақсат-міндеттер айқындалды. Саладағы жаңалықтар жөнінде айтылды. Мұғалімдердің келелі кеңесіне аудандар мен Қызылорда қаласынан білім саласының қызметкерлері телекөпір арқылы да қатысып, үн қосты. Сонымен бірге онлайн режимінде әлеуметтік желі арқылы таратылды.

– Мен бүгін сіздердің алдарыңызға облыстың әкімі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі және осы бағдарламаның әр тарауы мен әр қадамын шын жүректен жақтаушы, жанашыр азамат ретінде келіп тұрмын. Рухани жаңғырудың мектептер мен ұстаздар үшін аса маңызды болуының бірнеше себебі бар. Бағдарламаның әр қадамы ұрпақ, яғни тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, дайындау жұмысымен қатар жүреді, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Мектепке дейінгі тәрбие – үздіксіз білім берудің бастапқы сатысы десек, қазіргі күні елімізде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құраса, Қызылода облысында 100 пайыз.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев балаларды ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға етіп қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатынын атап өтті.– Биыл мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде ҰБТ-ға қатысқан сырбойылық түлектердің 50 пайызға жуығы қазақстандық жоғарғы оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Мұнан бөлек, 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттеріне қабылданса, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 162 бітіруші облыс әкімінің грантына ие болды. Нәтижесінде биыл ҰБТ-ға қатысқан балалардың 54,6 пайызы білім гранты негізінде жоғары білім алу мүмкіндігін иеленді. Өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 35 пайызды ғана құраған еді, – деді Б.Сайлыбаев.

Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін  бірқатар ұстаз «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, министрліктің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Қызылорда қаласындағы С.Толыбаев атындағы №3 мектеп-лицей «Үздік орта білім ұйымы» атағын иеленіп, облыс әкімі Қ.Көшербаев ұжым басшысы Меруерт Әбдіхалықоваға 17 млн. теңге көлеміндегі қаржылай сыйақының сертификатын табыстады. Кеңес соңында білім беру саласын жетілдіру мақсатында ұсынымдар жобасы қабылданып, ұстаздар қауымына таратылды.

29 тамыз 2017 г. 3 731 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 206 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031