» » Келеді сол күн!

Келеді сол күн!

Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясында Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Назарбаев  «Ассам­блея – еліміздегі татулық пен тұрақты­лық­тың ең басты кепілі. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді», –деді,  деп хабарлайды Айқын газеті №67.

 Қоғамда бірлік, ұлтаралық келісім секілді тұрақты әрі маңыз­­ды құндылықтар бар. «Дәл осы аса маңызды фактор бола­шақ әлемде біздің бәсекеге қабі­лет­тілігімізді айқындайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 Ассамблеяның алқалы жиы­нында сөз алған Қостанай об­лыс­­тық филармониясының бас­пасөз хатшысы Алла Чечет­ки­на Тұңғыш Президенттің «Қа­зақ пен қазақ қазақша сөйлес­сін!» деген сөзі өмірлік мақса­тына айналғанын мәлімдеді. «Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар», – деп тілегін жеткізді.
«Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскен­діктен, ең алдымен, қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің тәуел­сіздігімізге, егемендігімізге қос­қан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін», – деді.
Қандай жарасымды тілек! Барша қазақстандықты бірік­тіретін үлкен тетік – мемлекеттік тіл. Бір тілде сөйлеген ұлттың бағы бар.
Токио университетінің  ше­тел тілдері бөлімінде оқитын студент Такуро Оучи 10 айда қазақ тілін меңгеріп алыпты. Ол біздің «Алпамыс батыр» эпосын жапон тілінде оқып, содан кейін қазақша үйренуге ынтыққан екен. Талапты жас «қазақ тілінің жүйесі жапон тіліне қатты ұқсайды. Сондықтан жапондар үшін үйрену оңай» деген пікірде. Қазір Такуро Қорқыт ата туралы зерттеп жүр екен, Қызылорда облысына барғысы келеді.
Сонда қиян шеттегі жапон баласы 10 ай ішінде қазақ тілін үйренеді, ал біздің Қазақстанда 30-40 жылдан бері тұрып келе жатқан азаматтар мемлекеттік тілді меңгеруге неге ынта қой­майды? Осы елде ата-бабасынан бері қазақ, бірақ тілі орысша шүлдірлейтін қазақ азаматта­рының ұлттық намысы қайда?
 Молдаван қызы мемлекеттік тілде еркін сөйлеп тұр. Қазақ тілін ұлттық құндылықтар қата­рына жатқызып отыр. Қазір қа­зақ тілін үйренуге ынталы өзге ұлт өкілдері көп. Олар Қа­зақ­стан­ның ертеңі қазақ тіліне тіке­лей байланысты екеніне сенеді.
Ынта, ниет, құлшыныс бол­са, мемлекеттік тілді меңгеру қиын­ға соқпайды. Еліміздегі он сегіз миллион халық бір тілде түсініссе, бір-бірін ұғынса – на­ғыз бірлік бастауы сол емес пе?! Құдай біледі: келеді сондай күн!



Дереккөз: Айқын газеті №67
01 мамыр 2019 г. 51 230 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 153 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 592 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031