Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндерге қатысты ұсыныс
Бастауышта оқытылатын пәндер:сауат ашу,өзін-өзі тану,жаратылыстану,ағылшын тілі,дүниетану,орыс тілі,көркем еңбек,музыка,математика
Меніңше 1 сыныптағы өзін-өзі тану, жаратылыстану, дүниетану деген үш түрлі пәнді бір пәнге біріктіріп, кейін үлкен сыныптарға қарай нақты ғылыми пәндерге бөлсе ұтымды болар еді.
Ағылшын тілі мен орыс тілін 5 сыныптан бастап оқытса ... Біздің кезіміздегі кеңес мектептері шет тілін бастауыштан соң оқытатын еді. Орыс тілі де өзге мемлекеттің тілі болғандықтан шет тілдерінің қатарында таңдау пән ретінде оқытатын күн туар әлі...
Есеп (математика) керек пән. Бұнда бұрыннан қалыптасқан жүйе бар: бастауыш мектеп-арифметика, орта мектеп-алгебра, жоғарғы мектеп-жоғарғы математика (вышмат). Бала бастауыштан төрт амалды шағып шығуы керек. Көбейту кестесін жаңылмай білуі керек. Мәселе есептер логиканы жақсы дамытады. Олар да оқулықтарда көп болуы керек және олардың этносипаты көрініп тұруы керек.
Көркем еңбек деген атаумен келіспеймін. Пәннің атауы – қолөнері ғой... Ән-күй сабағы керек. Бірақ бала осынша сағат ән-күй пәнін оқығанда 4 сыныптың соңында нота танып шығуы тиіс. Музыкант болар-болмас, бірақ пәнді оқығаннан бір нәтиже болуы керек қой. Денешынықтыру пәні керек. Бірақ бастауышта оның бағдарламасының ішінде би өнері де болуы (кей сағаттар соған арналуы) керек.
Сонда бірінші сыныпта мына пәндер болады:
- Табиғаттану (өзін-өзі тану, жаратылыстану, дүниетанулардың орнына)
- Есеп (математика)
- Қолөнер (сурет салу, мүсін жасау, жалпы еңбекке баулу)
- Денешынықтыру (спорт, би үйрету)
- Ән-күй (домбыра-вокал-нота таныту)
Бастауыштың басындағы негізгі екі пән.
- Сөз өнері
- Әліппе
Меніңше, бастауышқа, оның ішінде бірінші сыныпқа қажеттісі осы жеті пән.
Қазіргі 1 сынып «Сауат ашуды» жыл бойы оқып наурызда бірақ тауысады. Орыстың балалары букварьларын алты ай оқи берсін. Ит деп жазып, шошқа деп оқитын ағылшындарға жүгіртіп оқуға жету үшін бір жыл, ал қытайларға төрт жыл керек шығар... Біздің тілдің жүйесі бөлек. Біз әліппемізді бірінші тоқсанда аяқтауымыз керек. Телжан Шонанов Ақаңның әліппесімен қабілеті орташа балаға хат танып кету үшін төрт апта жеткілікті, -деген болатын. Ал қазіргі сауат ашу деген пәннің атының өзі жаман екен. Онысы тағы екі бөлімнен тұрады, бала оны бекітілген бағдарлама бойынша алты ай оқиды екен.
Меніңше, бүгінгі қазақ мектебі қайта-қайта белесебет ойлап шығара бермей, 28 таңбадан тұратын Ақаңның әліппесіне, еңқұрмаса ондағы принциптерге қайта көшуі керек.
Меніңше, бастауышта бала бар күшін негізінен сөз тануға жұмсауы керек. Кәдімгі қазақ сөзінің тағлымдық, танымдық мәнін, мәтіннің дәнін, сөздің жұмсалу кезіндегі астары мен жапсарын, мың мақалдың мәйегін, жүз пікірдің дәйегін танып, тамыры тереңдеп, діңі қатаюы қажет, бір мүшелге толғанша.
Өйткені халықтың ғасырлар бойы жинақтаған білімі қазақ сөзінде, мәдениеті мен дәстүрі де қазақ сөзінде, тіпті қазақтың бар болмысы, мазмұны, яғни бүтіннің бөлшегі ретінде әлгі баланың өзі де сол қазақ сөзінің ішінде. Сондықтан бастауышта ағылшынша жүз сөз білгеннен гөрі, қазақша жүз мақал білгені артық – деп білемін.
Бірінші сыныптағы 6-7 жастағы монотілді (біртілді) баланың сөздік қорында 6000-нан аса сөз болады екен. Ал әліппенің сөздік қорында небәрі 200 сөз болар. Бұл жазуға байлау арқылы баланың мүмкіндігіне шектеу болады. Баяғыда жыршының ұзақ туындысын бірден жаттап алатын жады гендік деңгейде әлі сақталған. Сондықтан 1 сыныптан, 1 қыркүйектен бастап тыңдалым арқылы жүргізілетін «Сөз өнері» деген пән енгізілуі тиіс. Қазір барлық мектептер видео, аудио құралдармен жабдықталған, мультимедиалық сыныптар бар, яғни сөз өнері пәнін тыңдалым әдісімен оқытуға бар мектеп дайын. Әліппе хат тануды көздесе, ал сөз өнерінде тіл дамыту қатар жүріп отырады да бала жүгіртіп оқитын 2 сыныпта әліппеден кейін оқытылатын ана тілімен қосылып бір пәнге-қазақ әдебиеті пәніне айналады. Сөйтіп бала жазуға байланып табиғи тіл дамуын шектемей, қайта ұштай түсетін болады.
Байқасаңыздар 1 сыныпта орыс тілі, ағылшын тілдері пәндері бар да қазақ тілі пәні жоқ, Иа, тіл нормаларын үйрететін пән ретінде қазақ тілі 2 сыныптан бастап жүргізілуі керек. Оның сағат саны орта мектеп біткенше қысқартылмай жүріп отырып, бұл пән мектеп бітірген кезде математикамен қазақстан тарихымен тең емтихан тапсыратын міндетті пәнге айналуы тиіс.
Бижомарт Қапалбек,
филология ғылымдарының кандидаты
Дереккөз:"Қамшы" порталы