» » Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы сөйлеу тілін жетілдірудегі саусақ ойын – жаттығуларының маңызы

Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту арқылы сөйлеу тілін жетілдірудегі саусақ ойын – жаттығуларының маңызы

Мектеп жасына дейінгі балалардың ұсақ қол моторикасын  дамыту жұмыстарын ерте сәбилік шақтан бастаған дұрыс. Омыраудағы баланың өзіне саусақтағы бас миымен байланысқан активті нүктелеріне әсер ете отырып массаж жасау керек.

Ерте жаста және мектепке дейінгі кіші жаста қарапайым жаттығуларды жасауда өлеңмен, тақпақпен ұйқастырылған жаттығуларды пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар өзіне -өзі қызмет ету дағдысын қалыптастыру: тиегін өзі салып, өзі ағыту, бауын байлау, т.б. Ал ересек топтағы балалар үшін ұсақ қол моториканы дамыту және қолдың икемділігін арттыруға арналған жаттығулар мектепке дайындықтың яғни, жазу, сызуға үйренудің маңыздысы болып саналады.

     Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы неде? Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер ете  және оны белсендіре отырып, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.

    Педагогтар мен балалар психологының мақсаты- ата – аналарға ұсақ моториканы дамыту ойындарының маңыздылығын ұғындыру. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуін, тапсырманы орындауда қиындыққа кездессе мойымауына үйрете отырып, аз мөлшердегі жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек.Ұсақ моториканың қимылдары мен қолдың икемдігі бас миының құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды.

Қазіргі кезде баулы ойыншықтардың көбейгенін немен түсіндіруге болады. Бұрын ата – аналарда мұндай ойыншықтар болған жоқ қой, сонда олар осындай қалыпты деңгейге қалай жетті? Бір түсінбейтін нәрсе, осының бәрі не үшін керек?

   Бүгінгі күнде балаларында жалпы моторлық артта қалушық байқалады,өйткені балабақшадағы балалардың ешбірінде баулы аяқ киім кездеспейді.Бау байлауды үйрету ата- анаға да, тәрбиешіге де қиындық туғызатын болса керек. Осыдан 20 жыл бұрын ата- аналарға, олармен қоса олардың балаларына  көп нәрсені қолмен жасауға тура келді: кір жуу, тоқу, тігу т.б. Ал қазіргі кезде осының бәрін жасайтын машина.

Жалпы моториканың дамуының аздығын, соның ішінде қол қимылының аздық себебін зерттей келе қазіргі заманғы барлық баланың жазуға дайын еместігі немесе тілінің дамуында бір ақау бар екендігі анықталды. Осыдан келе мынадай қорытынды шығаруға болады: егер тілінің дамуында ақау болса, онда бұл ұсақ моториканың мәселесі.

Тіпті баланың сөйлеу тілі қалыпты болған жағдайда бұл қолын басқаруы қалыпты деген сөз емес. Егер 4 - 5 жастағы балада бау байлау қиындық келтірсе, ал, ермексаздан тек шар мен ұзынша жабыстырылса, онда сіздің балаңыз кінәлі емес.

Өкінішке орай  көп ата- ана қолдың икемі мен ұсақ моториканың даму деңгейінің төмендігін тек мектепке барарда  ғана байқайды. Бұл балаға өте ауыр жүк. Жаңа хабарларды қабылдаумен қатар, икемге келмейтін саусақтарымен  қарандашпен жазып үйренуі керек.

Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны қозғалу, қозғалыс- әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала қозғалысының дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең бола түспек.  

         Егер сіз бірінші сынып оқушысында жазуда қиындық болмасын десеңіз немесе 3 жастағы баланың тілінің дамуында ақау болмасын десеңіз дамыту ойын – жаттығуларын бала туылған соң екі айдан кейін бастаңыз. Ұсақ моториканы дамыту әдістемесі мұндай жағдайда өте тиімді. Омыраудағы баланың саусақтарын уқалауға болады, жас жарымдағы баламен  саусақ ойындарын бастауға болады.

 Пассивті  жаттығу – ұсақ мотоиканы  дамытудың алғашқы сатысы. Саусақ жаттығуларын ең төменгі деңгейден бастаған дұрыс. Содан кейін ғана активті саусақ жаттығуларына көшуұсынылады. Оныңдеңгейі баланың ұсақ моторикасының даму деңгейіне қарай таңдалады. Қол саусақтарына арналған пассивті жаттығулар жасау кезінде балаға қолайсыз жағдай туғызбауын және тітіркендіпмеуін қадағалаған жөн. Жаттығулардың мақсатты пайдаланылуы мынадай әдістерді ұсынады: сипау, жаймен уқалау және діріл. Массажды әрекеттер саусақ ұшынан басталып төменгі буынға қарай жалғасады.  Массаж жасау кезінде жай лирикалық әуен қоюға да болады.

Бала саусағын ойната отырып тілін дамыту.

Адамның  он екі мүшесінің тіршілікте атқарар міндеті зор. Соның ішінде екі қолға бес – бестен біткен он саусақты күнделікті қажетті жұмыстарды атқаруға пайдаланытынымыз белгілі. Сонымен қатар ертеден бізге жеткен «Қуырмаш» ойынынан саусақ атауларын бала тәрбиелеуге, оның тілін жетілдіруге, ойын ұштауға әдемі пайдаланғанын білеміз.

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Тауықтарға тары шаш.

Балапанға бидай шаш,

Балаларға тәтті шаш  .

- дей келіп, жұмылған әр саусақты жеке-жеке ашарда:

Сен түйеңе бар,

Сен жылқыға бар.

Сен сиырға бар,

Сен қойыңа бар,    

Сен үйде отырып

Шешеңе көмектес.

- деп әр саусаққа тапсырма беріледі. Одан соң әр саусақтың басынан ұстай тұрып «қарның ашса: мына жерде нан бар, мына жерде май бар» деп әртүрлі астың атай келіп, қолтыққа жеткенде «қуырмаш»», «қуырмаш» деп қытықтайды.

          Көтеріңкі көңіл – күй сыйлайтын бұл ойын балаға саусақтардың атын, адамға нәр берер түрлі астың атауын да үйретеді. Сондай – ақ төрт түлік малды таныстырып, оны бағып еңбектенгенде ғана тамақтануға болатынын ескертіп, еңбекпен тапқан тамақ тәтті болатынын уағыздайды.

Халық өзінің өмір тәжірибесінде тіршілікте қалай қолдануына қарай саусақтарға ат қойған. 1-ші саусақ- «Басбармақ», 2-ші саусақ – «Балаң үйрек», 3-ші саусақ –«Ортан терек», 4-ші саусақ- «Шылдыр шүмек», 5-ші саусақ – «Кішкентай бөбек».

Саусақ ойыны - бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық.Саусақ ойыны-саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады. Саусақтарының қозғалыс- қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді. Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғалуларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету- тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын балабақшада және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі. Балалар осындай саусақ ойынын ойнай отырып, өлең шумағын қызыға айтады.

Саусақ гимнастикасын күн сайын 3-5 минуттан жеке және топпен өткізуге болады.Егер бала қимылдарды өз бетімен орындауда қиналса онда ол жаттығуды жеке сабаққа қалдырып,пысықтауға болады.Жаттығу нәтижесінде бала саусақ қимылдарын өз бетімен және жеңіл орындайды.Ойын қимылдары әрдайым қызықты да,тартымды болуы шарт,баланы мезі қылмауы керек.

 Сонымен қорыта айтқанда, балабақша балаларының тілін дамытуда түрлі ойын, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану, осы бағыттағы атқарылатын игі іс-шаралардың нәтижесіз қалмайтындығының айқын дәлелі деп санаймын.

Автор:

Жұмабекова Гүлім Бағдатқызы

«Балапан» бөбекжай-бақшасының  логопеді

Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы

18 қаңтар 2021 г. 29 751 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 578 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930