Педагогтар әулетіндегі тәрбие мен білімнің алатын орны
Халқымызда адам бойынан жылт еткен жақсылықты танып қалса, оны шыққан тегімен байланыстыратын аталы дәстүр бар. Педагогтік қызметті осы саланың арнайы оқуын бітірген соң жасап жүрмін деген пікірде болатын кейбір адамдарға қосылмайтын ойым жиі көрініс беріп қалады. Себебі педаготік қызмет бұл ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде, тіпті айтар едім қанмен келетін қабілет деп. Себебі педагогтер жанұясында дүниеге келген бала ата-анаға еліктеуі арқылы оқытуға деген махабаты ерте оянады. Мұғалім ол бала үшін ең білгір, ең ақылды, еш қандай қателеспейтін тұлға ретінде жадында сақталады. Сондай отбасында өскен мен де өз әкеме еліктедім. Менің әкем Әпен Керімбекұлы 1950 жылы сол кездегі Алматы қаласындағы педагогикалық курсын бітіріп, 1952-1956 жылдары Шымкенттегі Н.К.Крупская атындағы мемлекеттік оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Алғаш еңбек өтілін 1951 жылы сол кездегі Георгиевка ауданының «Оңтүстік» бастауыш мектебінде мұғалім болып бастаған. Сол басталған педагогикалық өтіл 1989 жылға дейін үздіксіз орын алып зейнетке шыққан. Әрине мұғалімдік қызметпен қатар қоғамдық міндеттерді де қатар бастырып алып жүрген. Оның бір көрінісін 1959 жылы Ленинград қаласындағы жоғарғы партия мектебін тәмамдағанынан көз жеткізуге болады. 1963, 1965, 1967, 1969 жылдары Қазақ ССР еңбекшілер депутаттарының облыстық, аудандық, қалалық, поселкелік Советтерінің сайлау туралы Ережесіне сәйкес еңбекшілер депутаттарының Георгиевский сельский Советіне депутат болып сайланған.
Егер бір жылдығыңды ойласаң егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң ағаш ек, ал мың жылдығыңды ойласаң адам тәрбиелеп, білім бер, – деген ежелгі данышпан ғұламалардың сөзі бекерге айтылмаса керек. Осы қадір-қасиет менің әкемнің бойынан тек мектепте ғана көрініс тауып қана қоймайтын, бұл қасиет кез-келген тұста жарамды іске асатын. Отбасында кітапқа деген махабат пен оқырмандық қабілетті оятқан өз әкем. Өзіне ұнайтын жазушының шығармасынан үзіндіні дастархан басында бастап қоятын, бұл оның өзіндік бір педагогикалық тәсілі екен. Осы әрекеті арқылы сол шығарманы қызығушылықпен бітіретін едім. Тағы да бір ерекшелігі еш қашанда оқыған шығарманың мазмұнын қайта сұрамайтын, бірақ шығармадығы кейіпкерлердің әрекеттерін талдатып, ол кейіпкердің түпкі ойын, көз-қарасын, тұлғасы туралы менің пікірімді білу үшін сол кейіпкер дұрыс жасады ма?, неге олай жасады?, негізгі оның ойы бастапқыда қандай еді? немесе сұлуда, сылқым табиғатты көркем сөзбен суреттей білген автордың тіл байлығын қаншалықты дәрежеде менің меңгергенімді анықтау үшін кітаптағы табиғатты қалай елестетесің көз алдыңа?, біздің ауылдың табиғатымен ұқсастығы бар ма?, сұлу табиғатты неге теңеп тұр?, табиғат сұлулығын қыз көркімен не себепті теңестіреді, салыстырады? – деген секілді сұрақтарды қойып әңгімеге тартатын.
Бүгінгі күні менде педагогика саласының қызметкерімін. Оқыту тәсілдерінің жүргізілуіне өз көз-қарасым қалыптасқан маман ретінде қарап, сараласам қазіргі замандағы жаңартылған білім беру бағдарламасындағы педагогикалық белсенді оқу тәсілі менің әкемнің іс-әрекетінен айқын көрініс тауып тұр. Модельденген оқу тәсілі арқылы бала қызығушылығын оятып, өз бетінше оқуға бағыттаған. Сонымен қатар нені оқу керек?, қалай оқу керек? сұрақтары аясында бала бойында когнетивті қасиетті аша білген. Сұрақ қою тәсілі арқылы зерттеушілік әңгіменің өрбуіне мүмкіндік берген, жоғарыдаға мысалда келтірілген сұрақтарына назар аударсам сұрақ қоюдың ашық түрі кеңінен орын алған екен.
Атақты ғұлама Әл-Фарабидің: «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» - деген нақылын өзіне ұрандай қабылдаған менің әкем Әпен Керімбекұлы «Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдаумен тең» - деген пікірін көп айтатын. Мамандық таңдауда балалары мен қатар оқушыларының қателеспеуіне жол көрсете білген.
Мұғалім атты қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты отбасымызда менің ғана таңдауыма ықпалын тигізген жоқ, әпкем кітапханашы мамандығынан зейнетке шықса, менен үлкен ағам математикаға бейімі басым болып орта білімді Алматы қаласындағы Ө.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында алған. Жоғарғы білімді Шымкент педагогикалық институтында жалғастырған. Қазіргі таңда педагогика ғылымының кандидаты.
Ұстаз – қадір қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың үздіксіз іздену мен оқып үйренудің адамы. Тегінде ұстаздық қызмет, ғылыми зерттеушілік бір күнде жарқ етіп көріне салатын оңай дүние емес екені баршамызға мәлім.
Әпен Керімбекұлы зейнетке шыққан соң «Төлеби» атты кітаптың жарық көруіне мұрындық болды. Ол өз естелігінде былай жазады:
- О баста, Төлеби бабамыздың кітабын шығарудың бастамасы белгілі жазушы, ғалым Мамытбек Қалдыбаевтің маған жазған бір хатынан басталған еді. Онда:
- Төлеби бабамыз туралы «Еңсегей бойлы ер есім» атты екі дастанды Қазақ ССР ғылым Академиясының мұражайынан таптық. Осыны дербес кітап етіп шығаруға көмек қолын ұсына алмас па екенсіздер? – деген екен. Осы хатты қолға алысымен жаныс бабадан тараған ұрпақтардың қарияларын жинап, бабамыздың кітабын шығаруға жанашыр болсақ жөн болар еді – деген өтініш айттым. Бұл өтінішімді жұрт қабыл алып мені басшылыққа сайлады.
- Осы бастаманың нәтижесінде бабамызға арналған «Төлеби» кітабы жарыққа шықты.
Бүгінгі күні 75 жылдан астам тарихы бар ұстаздардың біліктілігін арттыратын институтта 2003 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқаным сол балалық шақтан қалыптасқан дағды мен тәрбиені отбасында сіңіргенім, педагог мамандығын таңдағаныма риясыз ризалығымды әке рухына тағзым етіп білдіремін
Педагог әулетінің педагогикалық өтілі ұрпағының осы мамандықты таңдауымен үздіксіз жалғасын таба берсін. Иә, адал еңбек абыройға бөлеп, шын жан-тәніңмен беріле атқарған жұмыс атақ-даңқыңды арттырары сөзсіз. Ендеше, осы мамандық үлкен бір әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті биік болары ақиқат.
«Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық жолдың қиындығын жеңген әрі оған көнген жан ғана – ұстаз», – деп, академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, ұстаздықтың ауыр бейнетін кешіп жүріп, талай баланың бағын ашқан, ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған педагогтердің еңбегі еселене берсін!
Раушан Керімбекова,
«Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкен қаласы бойынша
ПҚБАИ «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және бастауыш оқыту» кафедрасының
аға оқытушысы