» » Ұстаз - ұлағатты ұғым!

Ұстаз - ұлағатты ұғым!

«Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы және «EDUNEWS.KZ» ақпараттық агенттігі «Үздік ақпараттық мақала» және «Үздік педагогикалық мақала» республикалық конкурстары аясындағы "Үздік эссе" айдарына жарияланған мақала.  


Ұстаз - ұлағатты ұғым!

Сөзімнің басын: «Оқушыңды өзіңнің қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген Л.Н.Толстойдың кереметтей сөзімен бастағым келеді. Себебі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін сүйікті ұстазым Данембаева Гүлназ Толендина осы шағын ғана мақаламның жарыққа шығуына түрткі болып отыр. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Осындай қасиеттердің барлығын дерлік- мен осы ұстазымның бойынан көре алдым.

Г.Данембаева Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Әбдіғаппар ауылы №213 жалпы орта білім беретін мектепте ағылшын тілі пән мұғалімі болып жұмыс атқарып жүргеніне бүгінде 20 жыл. Осы 20 жыл ішінде көптеген шәкірттерге сапалы білім беріп, біршама белестерді бағындырып, көптеген жетістіктерге жете білді. Өзінің жеткен жетістіктері қаншама, шәкірттерінің жеткен жетістіктері қаншама. Тізе берсем өте көп. Сонымен қатар, маған ерекше үлгі болатын қасиеттерінің бірі- іздену. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен-ақ оның ұстаздығы да жойылады» деген М.Әуезовтың қанатты сөзі бекер айтылмаса керек... Ұстаздық қиын да, дара жолды өзінің отбасымен бірге қатар алып жүретін сүйікті жар, аяулы ана, ақылшы ұстаз- әлі де ізденіс үстінде. Сондай-ақ, бүгінде сүйікті ұстазым-2 ұл,1 қыздың анасы. Сөзімнің арасында отбасын қозғауымның үлкен бір себебі бар. Осыдан 7 жыл бұрын балалықпен қосымша сабақ үстінде: «Апай, осындай керемет біліміңіз бола тұра неге үлкен қалаларда жұмыс жасап, өз бағыңызды сынамасқа»-деп сұрақ қойған болатынмын. Сондағы алған қысқа ғана жауабым: «Маған бәріненде отбасым маңызды, отбасым қайда болса мен сондамын»- деп өзінің әдемі ғана жылы шырайымен жауап берген болатын. Осындай адамға біраз ой тастайтын әсерлі сөздері кез-келген шәкіртке үлгі болары анық. Және де,«Адам баласына көмектесу- игілікті істердің бастамасы»- демекші бір  мектеп аясында бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне дұрыс бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Әрдайым өзінің білім жолында алған тәжірибелерін өзге ұстаз өкілдерімен бөлісіп келеді. Ұстазымның осындай қасиеттерінен оның жауапкершілігін және терең ілім иесі болуымен қатар, кемел адамдық қасиеттің иесі екендігін көре аламын.

Сондай-ақ, осы уақытқа дейін мектебіміздің жеткен жетістіктері осындай сапалы білім бере алатын ұстаздарымыздың арқасы деп білемін.Әр ұстаздың әр шәкірт жүрегінен ойып тұрып орын алатын қасиеті болуға тиіс.Сондықтан, әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол- нағыз ұстаз. Мен үшін нағыз ұстаз-міне,осы. Мұғалім өз ісіне деген сүіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болады. Міне, осындай сүйіспеншілікті менің бойыма ұштастыра білген, маған шын мәнінде үлгі-өнеге бола білетін ұстазым - Г.Данембаева.

Мені қуантатын бір жайт - қазіргі таңда білім нәрін бойыма сіңдіре білген ұстаздарыммен бірге бір алтын ұя мектеп аясында бірге еңбек етудемін. Бұл- мен үшін өте үлкен жетістік. Мен өзімнің ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды үйрендім. Сонымен қатар, мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік,сыпайлық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңіріп жатырмын.

Сөзімді қорытындылай келе, өзінің шәкірттеріне еңбектеніп, тер төгіп, адал жолмен табыс табу қабілетін дарыта алатын мұғалім өте улкен құрметке бөленуге тиіс. Ендеше, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанға не жетсін...


Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,

Әбдіғаппар ауылы

№213 жалпы орта білім беретін мектептің

ағылшын тілі пән мұғалімі

Қалдыбекова Айдана Әзімбайқызы

25 наурыз 2018 г. 8 276 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 837 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 740 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930