» » Ғылым мен тәжірибеге негізделген инновациялық технологиялар – сапалы білімнің басты кепілі

Ғылым мен тәжірибеге негізделген инновациялық технологиялар – сапалы білімнің басты кепілі

Ғылым мен тәжірибеге негізделген инновациялық технологиялар – сапалы білімнің басты кепілі                                                 

  Жай мұғалім хабарлайды,
                                                        Жақсы мұғалім түсіндіреді,
                                                        Керемет мұғалім көрсетеді,
                                                              Ұлы мұғалім шабыттандырады.

Уильям Уорд

Жас ұрпаққа заман талабына сай тəрбие мен білім беруде  мұғалімдердің инновациялық технологияларды меңгеруі – бүгінгі таңның басты талабы. Ал қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап  дамыған, мəліметтер ағыны күшейген заманда  жан-жақты дамыған,  шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру – мектептің басты міндеті. Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі  жаңаша оқыту  мұғалімдердің  қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да ұстаздар қауымына əрбір оқушының  жас ерекшелігіне,  қабілетіне қарай білім беруде, оны белсенділікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тəрбиелеуде  жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеру ауадай  қажет.

Ғылым мен тəжірибеге негізделген инновациялық технологиялар – сапалы білімнің басты кепілі. Ұзтаздардың терең білімі  және жаңа технологияларды тәжірибеде  тиімді қолдана білуі – оқушы даму­ының даңғыл жолы.  ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, ұлттық сананы қалыптастыру – көкейтесті мәселелердің бірі. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық құндылықтар негізінде, рухани жаңару тұрғысында тәрбиелеу қажет.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу басты назарда болуы тиіс.

Жаңаша оқыту технологиясы – жоспарланған мақсатқа нəтижелі қол жеткізуді қамтамасыз етуде оқытудың жаңа формасы, белсенді оқыту стратегиялары мен əдістерін ашып көрсетіп, оқу бағдарламасында белгіленген оқытудың мазмұнын жүзеге асыру тəсілі. Оқыту технологияларының көпшілігі ұжымдық ой қызметі негізінде баланы өз іс-əрекетінің субъектісі етуге ұмтылады, мақсатты оқу іс-əрекеті барысында нақты оқу міндеттерін шеше отырып, даму педагогикалық ықпалдың алдын алатын іс-əрекеттік оқыту тəсілі арқылы балада ақпараттық жəне жалпы біліммен қатар, амалдар мен құндылықтар жиынтығын, біліктілігін қалыптастырады [1,25б.]. Білім беру жүйесінің басты көрсеткіші – білім сапасы. Бүгінгі таңда білім беру үрдісінде  жаңа технологиялар көптеп саналады. Солардың ішіндегі жаңаша оқыту технологияларындағы ерекшелігі жоғары, құнды технологияның бірі – «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы.   Бағдарлама жаңартылған білім мазмұны бойынша оқылатын  оқулықтардың талаптарын жүзеге асыруда, оқушының  білім деңгейін көтеруде, шығармашылыққа баулуда, ойларын еркін айтуға, тез арада дұрыс шешімдер шығаруда бірден-бір тиімді бағдарлама. Бұл технологияда  жүзге тарта стратегия бар екені белгілі. Сол əдіс-тəсілдердің ішінен қажеттісін, тиімдісін таңдау арқылы əр сабақтың мақсат-міндеттерін жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді [2,41б.].  Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз пікірін сыни тұрғыдан айта білуімен қоса өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым  жасауға бағыттау өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау.[3,12б.]. Сабақ қызықты болған жерде оқушының белсенділігі де артады. Нəтижеге  бағытталған  қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында стратегияларды (ассоциация, кластер құру, инсерт əдісі, Венн диаграммасы, «Галереяда ой шарлау», пікірталас, «Авторға сұрақ қою», «Араласып кеткен оқиға», «Елес, жекелеу», ЖИГСО, эссе жазу т.б.)  әр сыныпта қолданамын. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының мақсаты сынауға емес, шыңдалған ойлауға үйретуіне көз жеткізеді. Шығармашылық тапсырмалар арқылы оқушылардың логикалық ой өрісін, тіл байлығын, білімге деген қызығушылығын ояту, дәлеледеу, ой тұжырымдау, салыстыру, сыни ойлауларын шыңдау көзделеді. Осы технологияның білім сапасын көтеруге, оқушылардың  пәнге деген қызығушылықтарын арттыруға тигізген əсері туралы нақты мысалдар келтіруге болады. Мысалы, 6-сыныптың қазақ тілі сабағында оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдысын дамыту мақсатында төмендегідей тапсырмалар беруге болады.

1.Абай атамыз айтқан «надандық», еріншектік, залымдық» дегенді қалай түсінесің? Жауабыңды өмірлік жағдаяттармен байланыстыр.

...Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің...

(Отыз сегізінші қара сөз)

2.Мәтіндегі ойды антоним, синоним сөздерді қатыстырып, кітаптың атынан жалғастырып жаз. Қазіргі таңда кітаптың құндылығы қандай? Дәлел келтір.

Кітап

 

Мені жұрт сүйеді, құрметтейді. Маған арнап шкафтар жасап, үстіме шаң жуытпай, таза ұстайды. Мені ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Мен де адамдарды жақсы көремін...

3.Төменде берілген үзінді – ерлік жасаған бала туралы көркем шығарманың соңы. Осыған дейін болуы мүмкін оқиғаны өз қиялыңмен болжап, шағын әңгіме жаз.

Нағыз ерлік

 

...Болат аң-таң. Сонда ерлік деген тек соғыс кезінде ғана жасалмайды екен-ау. Ол Сейіт ағасын қатты жақсы көріп кетті, оған өмірін сақтап қалғаны үшін шексіз риза еді.

Қазақ әдебиетін жүйелі оқыту барысында Б.Блумның мақсат қою таксономиясын қолдану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдауға болады. Әдебиет пәнінің ерекшелігі – өзіндік ойлау мен өзіндік пікірді айта білуде жатыр. Сезім, эмоция, әсер, шабыттану, қиялдау, армандау, еліктеу сияқты әр түрлі психологиялық реңнің көрінуі. Шығармашылық ізденіс арқылы жеке тұлғаның танымдық болмысы қалыптасады. [4,17б.]. Мысалы, Блум таксономиясының талдау, жинақтау, бағалау, деңгейлерінде 8-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығында берілген Д.Исабековтің «Әпке» драмасы бойынша  оқушыларға төмендегідей сұрақтар қою арқылы шығармашылыққа баулуға болады.

1.Драмадағы Қамажай бойында қазақ қызына тән қандай  ұлттық мінезді байқадыңдар?

2.Шығарманың асыл арқауы неде?

3.Қамажайдың іс-әрекетін қалай бағалайсың? Өзіндік ойыңды айт.

Заман талабына сай техникалық құралдарды  сабақтарында қолдану –мұғалімді жетістікке жеткізетін тиімді жол. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында ақпараттық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты оқушылардың сөздік қорын байыту, сонымен қатар сауатты жаза білуге баулу болып табылады. Əр сабақта жаңартылған білім мазмұнына сай бағыттың төрт түрі де қолданылады: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда қолданылатын басты ақпараттық технологиялар компьютер, интерактивті тақта, теледидар, аудио-диск,  электронды оқулықтар  арқылы жүзеге асады. Сабақ барысында компьютерді қолданудың тиімді жақтары: түрлі-түсті иллюстрациялар, анимациялар оқушының  есте сақтау процесі үшін өте тиімді және нашар оқитын оқушының өзі қабілетіне қарай жұмыс істей алатын дәрежеге жетеді, уақыт үнемделеді.

Интернет, мультимедиялар, электронды сөздіктер, электрондық оқулықтарды интерактивті тақта арқылы көрсетудің тиімділігі өте жоғары. Мысалы, интерактивті тақстадан мəтін, сурет, бейнебаян, көрініс, заманауи үлгіде  жасалған анимациялық мультфильмдерді көрсету арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, танымдық  қабілетін дамытуға болады.   Мысалы, 5-сынып оқушыларына интерактивті тақтадан кітап, теледидар, компьютер үшеуінің балаларға лайықталған суретін көрсетіп төмендегідей тапсырма беруге болады.

1.Сурет бойынша  «Дүниедегі ең мықты кім?» тақырыбында  диалог түрінде үш мықтының айтысын жазыңдар.

Интерактивті тақтадан жыл мезгілдері туралы  деректі фильм немесе бейнебаян көрсетіп, әр мезгілдің өзіндік ерекшелігін, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыруға  тапсырмалар  (мәтін, ертегі, өлең, эссе, ой толғау, шығарма жазу т.б.)  беруге болады.

Компьютерде мəтінмен жұмыс жасау барысында оқушыларға төмендегідей тапсырмалар беруге болады.

Берілген мəтіннің тақырыбы мен идеясын  ашу.

Мəтіндегі кейіпкерге кластер құру.

Мəтіндегі асты сызылған сөздердің синонимдерін тауып жазу.

Мəтін мазмұны бойынша сұрақтар қою.

Мəтіннің əрбір бөліктеріне тақырып қою.

Мәтін мазмұны бойынша қысқаша өз ойын жазу.

Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың бірі – интернет. Интернет оқу  процесін  жеңілдетіп, сабақты қызықты, əрі тиімді ұйымдастыруға, оқу-білім сапасын көтеру үшін көптеген мүмкіндіктер береді. Интернет арқылы түрлі аудио, бейнебаяндарды, танымдық бағдарламаларды оқушыларға сабақта тыңдатуға, талқылауға болады (мысалы, президент жолдауы, əлемде болып жатқан оқиғалар, білім беру жүйесіндегі жаңалықтар, танымдық ойындар т.б). Тіпті интернет арқылы еліміздің ғажайып демалыс орындарына және шетелге саяхат жасауға болады. Бұндай жұмыс түрлері оқушылардың білім алуға деген белсенділігін арттырып, қызығушылығын оятып, шығармашылық қабілетін шыңдайды.

Мұғалімнің  әр  сабақта тиімді қолданылған технологиялары мен түрлі стратегиялар жүйесі  оқушыларымыздың бойында білімге деген бәсекелестікті, ұлтжандылықты,  жауапкершілікті қалыптастырумен қатар олардың жаңа, тың идеялар ойлап табуына жол ашады.


Әдебиеттер тізімі:

1.Бабаев С., Қазиева К. Педагогикалық инновациялар мен педагогикалық озат технологиялар – талапшыл мұғалім еншісі // Бастауыш мектеп. 2011. -№ 4.-25б.

2.Мұғалімге арналған нұсқаулық. Екінші (негізгі) деңгей – 41б.

3. Мирсеитова С. «Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері» 2011.- 12б.

4.Қылышбаева К.Ә.Әдебиет пәнін шығармашылықпен оқыту – Блум таксономиясының ұтымдылығы. – Астана-2012. – 17б.


Анар Баймаганбетова,

№26 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Павлодар облысы, Екібастұз қаласы

01 ақпан 2020 г. 36 018 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 198 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 606 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031