» » Білім бәйгесінің жүйріктері анықталды

Білім бәйгесінің жүйріктері анықталды

 «Ақ жайық сенің орның алабөтен» деп Қадыр ақын жырлағандай, Алматының орны қашан  да ерекше. Алматы – жаңалық атау­лының бастауы іспетті. Соның бір  дәлелі –«Алматы қаласындағы білім беру ұйым­дарының үздік педагогикалық ұжымы» және «Орта білім беретін үздік ұжым» деп аталатын қос бірдей байқау еліміз бойынша тек Алматы қаласында басталған еді.

Осынау қомақты қаржысы бар бәйгеге қатысып, өздерінің үздік іс-тәжірибелерін, кәсіби білік­тіліктерін таратуға әрбір білім мекемесінің құқығы бар. Ең бастысы, бұл байқау білім сапасының артуына, жауапкершілікті күшейте отырып, ынта­лануға және материалдық жағынан да зор көмек екендігі белгілі. Осындай байқаулардың тұрақты өткізіліп отыруы Елбасы тапсырмаларын орындап, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде де зор міндетті атқарып отыр.

Сонымен, биыл да жалғасын тапқан білім бәйгесі ҚР «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдары, «Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіп­орындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқ­сандағы №1193 қаулысы, «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ҚР Органдарының қызмет­керлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақы белгілеу ережелерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы 1127 қаулысы негізінде жүзеге асып отыр.


   Білім бәйгесінің өзіндік шарттары, талаптары, тармақтары бар. Сондықтан оны саралап, сүзгіден өткізу үшін арнайы әділқазылар алқасы тағайын­далып, оны Алматы қаласы әкімі бекіткен еді. Әділқазылар құрамына білім басқармасының мамандары, қоғамдық ұйым төрағалары, қалалық кәсіподақ мүшелері мен еңбек ардагерлері кірді. Байқауға барлық білім шаңырақтары белсене атсалысып, қалалық кезеңге 13 мектеп өткен еді. Байқау шартына сай, барлық талаптарға лайықты білім шаңырақтары бәйгенің жеңімпаздары деп танылды.

«Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының үздік педагогикалық ұжымы» байқауының Бас жүлдесіне Бостандық ауданындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия ұжымы лайық деп танылды. Айтулы білім шаңырағы тек қана қала көлемінде ғана емес, республикамызда да кеңінен танымал. Үздік ұжымның озық іс-тәжірибесі бұл күнде еліміздің барлық түкпір-түкпіріне тарап та кеткен. Білікті басшы Сәния Өскенбайқызы басшылық ететін білім ұясында 116 мұғалім қызмет етсе, олардың арасында екі «Құрмет» орденінің иегері, үш «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 11 ҚР білім беру ісінің үздік қызметкерлері бар.

Гимназия ұстаздары жыл сайын өздерінің біліктіліктерін арттырып, деңгейлік курстар мен жаңартылып отырған түрлі курстардан өтіп отырады. Биылғы жылы еліміз бойынша өткен жаңа форматтағы ҰБТ нәтижесі бойынша гимназия түлектерінің балы 125-ке жеткен еді. Республика бойынша ең жоғары 139 балды да осы гимназия түлегі Саят Тасан жинаған еді. 2015 жылы қалалық «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған ұжым өзінің биігінен аласарған емес. Әрбір оқу жылын жаңалықпен бастап, табыспен аяқтайтын №140 гимназия ұжымына шалқыған шабыт, соны серпін тілейміз.

Ал байқаудың І орнына Әуезов ауданындағы №175 гимназия мен Медеу ауданындағы №161 лицей, ІІ  орынға Бостандық ауданындағы №105 гимназия, Наурызбай ауданындағы №176 мектеп-гимназия мен Алмалы ауданындағы №54 мектеп-гимназия ие болып. Ал ІІІ орынға Медеу ауданының №56 гимназиясы лайық деп табылып отыр. Биылғы білім саласы бойынша өткізіліп отырған «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауға да лайықты жеңімпазды тапты. Үздік көрсеткішпен ерекше дараланып, қаламыздағы ең үздік мектептердің қатарынан орын алған білікті басшы Фатима Әлиакпарова басшылық ететін Жетісу ауда­нындағы №148 мектеп-гимназия ұжымы «Орта білім беретін үздік ұжым» атанып, қала әкімінің 19 млн. 567 мың теңге көлеміндегі грантына ие болды.

Еліміздің болашақтарына ұлттық тәрбие, әлемдік білім беруде тынбай еңбек етіп келе жатқан ұжы­мның осынау жеңісімен  біз де құттықтаймыз. Байқаудың лауреаттары Бостандық ауданындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназия мен Әуезов ауданындағы «білім инновация» интернаты қала әкімінің дипломымен марапатталатын болады.

Рая ЕСКЕНДІР
АЛМАТЫ АҚШАМЫ ГАЗЕТІ
03 тамыз 2017 г. 2 329 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 764 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930