» » «Переметный ауылы Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің балалар саз мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының мектеп тарихы

«Переметный ауылы Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің балалар саз мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының мектеп тарихы

Переметный ауылы Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің балалар саз мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 1965 жылы ашылды. Алғашқы директоры Михаил Васильевич Кольцов – Орал музыкалық училищесін кларнет сыныбы бойынша тәмамдаған. Саз мектебінде фортепиано, скрипка, баян, аккордеон, труба және кларнет сыныптары ашылып, Михаил Кольцовтың жетекшілігімен үрмелі аспаптар оркестрі құрылған. Саз мектебінің алғашқы ұстаздары Владимир Аверьянов, Тимофей Акутин, Лидия Кольцова, Ясенколар Орал музыкалық училищесінің түлектері болатын.

Алғашында балалар саз мектебіне Набережный көшесінен арнайы ғимарат берілген.

1965 жылы аспаптардың барлығы дерлік, яғни фортепиано, баян, аккордеон, ішекті және үрмелі аспаптар сатып алынған болатын.

1975 жылы балалар саз мектебіне Переметныйдағы Мәдениет үйінің екінші қабатының оң жақ қанатынан арнайы бөлмелер берілді. Сол жылы Орал музыкалық училищесін фортепиано сыныбы бойынша бітірген Анатолий Григорьевич Велигура мектеп директоры қызметіне тағайындалды.

1975 жылы бұрынғы ұстаздар қоныс аударғандықтан, олардың орнына мектепке жас мамандар келді: Галина Милёшкина, Раиса Вахрушева – Орал музыкалық училищесін бітірген сырнайшылар, Жаңылсын Абдулова – Алматы музыкалық училищесін теориялық пәндер мамандығы бойынша тәмамдаған.

1982 жылы директор қызметін Тимофей Константинович Акутин атқарған. 1980 жылдары мектеп жанынан облыс көлеміне танымал болған вокалды топ құрылды. Топ құрамында Абдулова Жанылсын, Абдрахманова Надия, Вахрушева Раиса, Давыдова Вера, Роточкова Людмила.

1996-2009 жылдары аралығында мектеп директоры қызметін Жаңылсын Кисметқызы Абдулова атқарған. Бұл жылдары балалар саз мектебі Мәдениет үйінен шығарылып, мемлекеттік қаржыландырудан алынып тасталуына байланысты мектеп жеке шаруашылық коммерциялық бағытта өз жұмысын жалғастырды. 

1998 жылы Үлкен Шаған музыкалық мектебінің жабылуына байланысты қыркүйек айынан бастап Переметный балалар музыкалық мектебінің құрамына енді.

Әртүрлі мекемелерде жұмыс жасап келген саз мектебіне 2008 жылы Переметный бастауыш мектебінің ғимараты қолданысқа беріліп, мектеп атауы №1 балалар саз мектебі болып өзгертілді. Білім алушылар фортепиано, скрипка, баян, аккордеон, домбыра, қобыз сыныптарында білім алды.

2009-2012 жылдары аралығында директор қызметін Зәмзагүл Аманжолқызы Габбасова атқарды.

2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп директоры қызметіне Лаззат Майдановна Кажигалиеваның келуі мектепке оң өзгерістер әкелді.  

2013 жылы Республикалық бюджеттен 42 277 млн. теңге бөлініп, саз мектебі маусым-тамыз айларында күрделі жөндеуден өтті. Аудан әкімі Карим Жакуповтың 11.02.2014 ж. №93 қаулысы негізінде кәсіпорынның атауы өзгертіліп, Жарғысы бекітілді. 50 білім алушыдан басталған мектеп контингенті қазіргі таңда 179 білім алушыға дейін жетті.

2012 жылы кларнет, хореография, 2014 жылы домра-прима, 2016 жылы саксофон, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән сыныптары ашылып, мектеп жас мамандармен толықты.

Балалар саз мектебінің бөлімдері Үлкен Шаған, Махамбет, Асан ауылдарында жалпы орта білім беретін мектебі жанынан жұмыс жасауда.

Ұжымда барлығы 31 қызметкер бар, соның 25-і – оқытушылар. Мектепте Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің және бұрынғы балалар саз мектебінің түлектері еңбек етуде. Мектептің оқу-әдістемелік, тәрбие жұмысы жүйелі жолға қойылып, аудандық, облыстық семинарларды өткізу дәстүрге айналды.

Білім алушылардың кәсіби тұрғыдан дайындық нәтижесін Республикалық «Тайжарыс» радиофестивалі, «Қазақстан таланттары», «Жеті өнер», «Ұлы дала ұрпағымыз», «Күй дүлдүлі – Қали Жантілеуов», «Құрманғазыға 200 жыл», «Жанымның сыры – өнерім саған аманат!», Халықаралық «АРТ Олимпия», «АРТ Бәйтерек – ЭКСПО» байқауларында, облыстық дәстүрлі «Жас музыкант», «Дельфий ойындары», «Балдәурен» байқауларында мектеп тәрбиеленушілерінің Бас жүлде, І, ІІ жүлделі орындарға ие болуынан көруге болады.

Жыл сайын мектептен әртүрлі мамандықтар бойынша түлектер бітіреді. 2017 жылы домбыра сыныбының түлектері Ищенко Полина мен Куангалиева Наргиза, аккордеон сыныбының түлегі Батыргалиева Самал – Құрманғазы атындағы Орал саз колледжіне, Сақтай Нұрсұлтан – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, грант иегерлері атанды.

2018 жылы домбыра сыныбының түлегі Кабдыгалиева Алма – Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе саз колледжінің студенті, грант иегері.

2020 жылы домра-прима сыныбының түлегі Шуйншкалиева Назерке, фортепиано сыныбының түлегі Астраханкина Дарья, хореография сыныбының түлегі Сапышева Диана кәсіби білімдерін Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінде жалғастырған грант иегерлері.

Қазіргі кезде көптеген түлектер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының музыкалық және орта мектептерінде жұмыс істейді. Сондай түлектер: Утешкалиев Жұлдызбек – Астана филармониясының солисті, Ыдырысқалиев Қуат – Алматы филармониясының солисті, Мұхамбетов Аяз – Алматы симфониялық оркестрінің солисті.

Балалар музыка мектебінің мақсаты мен міндеті – кәсіби музыкалық білім алатын Қазақстанның лайықты патриоттарын тәрбиелеу.


 Авторы: Лаззат Кажигалиева Майдановна

«Переметный ауылы Бәйтерек ауданының білім беру бөлімінің балалар саз мектебі»

мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры

26 қазан 2020 г. 15 904 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 618 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930