» » Жас педагогтар форумы: өмірдің мәні, тоқтаусыз ізденіс, жаңа сезімдер

Жас педагогтар форумы: өмірдің мәні, тоқтаусыз ізденіс, жаңа сезімдер

Шымкентте алғаш рет жас мұғалімдер форумы өтті. NIS жүйесінің Педагогикалық шеберлік орталығы үшінші мегаполистегі физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп базасында  100-ден астам мамандардың басын қосты.

«Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» республикалық аймақтық форумда білім берудің жаңа тенденцияларын таныстыратын тренингтермен қатар, Гарвард түлегі және Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласындағы NIS Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкері, ақын-ұстаз Абай Қалшабек, «Мұхтартану»  ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Әзімхан Исабек мотивациялық сөз сөйледі.

Жас педагогтардың  алдында таңдаған мамандықтарын қалай өмірінің мәніне айналдыруға болатыны туралы ұсыныспен сөйлеген Гарвард түлегі австралиялық психолог Виктор Франклдың өмірі мен  Man's Search For Meaning кітабын мысалға келтірді:

– Франкл концлагерге түспей тұрып ғылыми жұмыс жаза бастайды. Оны «адамды өмірдің мәнімен емдеу»  деп атаған. Бүгінгі сырттан алған мотивацияның уақыты өлшеулі, негізгі мотивация іштен шығады. Егер ұстаз болуды өміріңіздің мәні деп білмесеңіз, осы ұлы мамандықтың маңызын түсінуге тырысыңыздар, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Форумның ең жас қатысушысы Тұрсынай Сапарбай бүгін алған білімі оның ұстаздық жолда дамуына ұмтылысын арттырды дейді:

– Мен 18 жастамын. Оқуымды аяқтай сала бастауыш пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Педагог ретінде алғашқы жылым болғандықтар қиындықтар туындауда, дегенмен бүгін түрлі спикерлер мен тренингтерден соң бұл мамандықты таңдағаныма қуандым. Сонымен қатар ары қарай білім алуға құштарлығым ашылды. 

Аталған басқосуда ұстаздық тәжірибесінде оқушының сұрағына бере алмаған жауабы жайында еске алған Абай Қалшабек, тұлға болып қалыптасу жолында өз сүйікті ісін іздеуден жалықпаған, есепші-экономист мамандығын үздік тәмамдаса да,  медицина саласында білімін жетілдіре келе филология факультетінде ғана өзін «суда жүзген балықтай» сезіндім деп сөз түйді:

– Айналаның бәрі ұстаз болмайынша, сен де ұстаз болмайсың. Бауыржан Момышұлы мысалында айтайын: Ізденіске соғыста кедергі болмайды”. Ізденіссіз ұстаз – бақытсыз. Өздеріңізді сол салада «суда жүзген балықтай» сезінбейінше ізденуді тоқтатпаңыздар,  – деді ақын.

Қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет Хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасына транскрипция жасаған, «Мұхтартану» ғылыми орталының қызметкері Әзімхан Исабек NIS-тің жас мұғалімдерді дамыту жобасына алғысын білдірді:

– Өркениеттің алдыңғы қатарына шығу жолында ғылым мен білімнің маңызы айқын. Бұл тұрғыда жастарды кәсіпкер, ғалымдар мен білім иелерімен жолықтыру өте маңызды. Абай атамыздың керемет сөзі бар: «Жолдастық, сұқбаттастық – бір үлкен іс» деген. Осындай іс жасап отырған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жұмысын айрықша атап өту керек.

Шымкенттің сан бұрышынан келген жас мамандар мотивациялық спикерлерден бөлек шеберлік сабақтарға қатысты. Астана қаласында өткен республикалық «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» форумының қатысушысы болған бірнеше мұғалімдер әріптестеріне өз тәжірибелерімен бөлісті. Дәріс барысында сандық технологияларды пайдалану, тапсырманы электронды техника арқылы бағалау, инклюзивті білім беру тақырыптарында жеке секцияларда тренинг өтті.

NIS базасындағы саз өнері, құм терапиясы мен кескіндеме дәрістері жас мамандар үшін жаңа сезімдер тудырды. Барлық қатысушылар форум соңында бачата билеп, күннің қорытынды сәтінде кері байланыс берді.

 Айта кетейік, аталған форум «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен Қазақстанның барлық өңірінде өтуде.

Дереккөз: Физика-математика бағытындағы NIS Баспасөз қызметі
08 қараша 2022 г. 1 731 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 156 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 593 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031