Әлемді шарлаған шуақты жинақ
Ұлыбританияның белгілі баспаларының бірі - «Glagoslav Publications» жақында «Shining Light»(«Шуақты сәуле») деген атпен академик Ғалым Мұтановтың жыр жинағын шығарды.
Бұған дейін түрк, әзербайжан, парсы, орыс, украйн тілдеріне аударылып, бірнеше рет халықаралық әдеби сыйлықтар мен марапаттар иеленген ақын шығармалары кеңістігінің барған сайын кеңейіп келе жатқандығының бұл да бір дәлелі.
Жақында әлемге әйгілі ең ірі «Amazon.com» компаниясы осы жинақты Интернет-дүкенінде жариялады. Жаһанның өзге де он-лайн порталдары мен сайттары, Интернет-дүкендері өз парақшаларында кітап туралы жылы лебіз айта бастады.
Украйндық атақты ақын, әдебиеттанушы Василий Слапчук былай дейді: «Ғалымқайыр Мұтанов шығыстық - пәлсапалық поэзия дәстүрін салиқалы ойларымен сабақтастырып келеді. Жаңашылдық стилінде тілдегі әдемілікті тиімділікпен, ойдағы ұтымдылықты ұтқырлықпен ұштастыра, дамыта жалғастырған. Басқаша айтқанда, оның шығармашылығы – бір сәттік қана сән қуу, болмаса даңққа бөлену, немесе пайда көздеу емес, мәңгілікпен үйлесімділікке ұмтылу».
Ал, АҚШ-тағы Огайо университетінің профессоры, философия докторы Джеймс Петрик: «Shining Light»(«Шуақты сәуле») – бұл көңіл аударуға тұрарлық әдеби жетістік. Ғалым Мұтановтың үні қазақтың жан дүниесіндей терең, адам болмысы тұңғиық. Оның өлеңдері Абай шығармашылығымен ұлттың рухын танытуға және адамға тән тіршілік түйткілдері мен күйзелістерін білдіруге келгенде үндеседі. Бұл кітапқа әлсін-әлсін, әсіресе, жаным жаңа қуат қажет еткенде қайта оралатындығымды білемін. Мен бұл кітапты баршаның оқып шығуына ұсынамын»,- деп жазады.
Автордың жан дүниесін жарып шығып, айналасына шуағын шашқан бұл жинақ осылайша өз жолымен әлемді шарлап барады.