ЖАҢАРҒАН ҰБТ: АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ ҚАНДАЙ?
Мектеп бітіріп, әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстайтын, кәсіп иесі атануға асығатын жастардың 11 жылдық білімін сарапқа салып, үлкен өмірге жасалатын қадамның алдында көңілге тоқығанын бір пысықтайтын Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы туралы аз айтылып, кем жазылған жоқ. Біреулер ауыз толтырып, артықшылығын айтты, екінші бір топ өткенмен салыстырып, кемшілігін жіпке тізді. Пікірлер әр алуан болғанымен, демократиялық қоғамда олардың әрқайсысына да орын бар. Бүгін «Айқынның» пікір алаңына білім саласындағы көпті толғандыратын маңызды сынақ туралы ойын ортаға салуға ата-аналар мен мұғалімдерді, мемлекеттік орган қызметкерлері мен оқушыларды шақырып, пікір таразысына салып көріп едік.
Дерек пен дәйек
Ұлттық тестілеу орталығының ұсынған ақпаратына сәйкес, биыл ҰБТ еліміздің 165 тестілеу пунктінде өткізіліп, 88 мың оқушы жаңа жүйе бойынша емтихан тапсырған. ҰБТ-ның республика көлеміндегі нәтижелеріне сәйкес, бес пән бойынша орташа балл (мүмкін болған 140 балдан) 80,5 % құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш (мүмкін болған 125 балдан) 81 % болған. Шектік деңгейден (50 балл) өткен түлектер саны – 74 517 (84,1%), оның ішінде 60-65 балл: 5935 (7,9%), 66-119 балл: 52 717 (70,7%),
120 – 139 балл – 5 064 (6,8%) оқушы жинаған. Шектік деңгейден төмен балл алған мектеп түлектерінің саны – 14 066 (15,8%).
ҰБТ-ның жаңа үлгісінің сипаттамасы
ҰБТ-ның жаңа форматы 5 пән бойынша өткізілді (3 міндетті пән және таңдаған
мамандыққа байланысты 2 бейінді пән):
1. Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
2. Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма;
3. Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма;
4. 2 бейінді пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұсқасынан бір дұрысын таңдау және 10 тапсырмасында бірнеше жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсынылды. Мысалы, берілген 8 жауап нұсқасында 1, 2 немесе 3 дұрыс жауап болуы мүмкін. Мұндай тәсіл талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендігін анықтауға мүмкіндік береді және жауаптарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады.
Барлығы – 120 тапсырма. Максималды балл – 140.
Тест сұрақтары қалай құрастырылған?
Қазақстан тарихы бойынша тапсырмалар талапкердің пән бойынша оқу бағдарламасы және оқулық материалдарына сәйкес, алған білімдерін тексеруге; математикалық сауаттылық тапсырмалары талапкердің нысандар мен құбылыстарды талдауын, жіктеуін, салыстыруын, қорытындылауын бағалауға; оқу сауаттылығының тапсырмалары берілген мәтінмен жұмыс жасай білу қабілеттерін, әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді талдауын саралауға; бейінді пәндер бойынша тест тапсырмалары талапкерлердің таңдаған пәндерінен терең білімін, сонымен қатар кең ауқымдағы іскерлігі мен дағдысын анықтауға бағытталған.
Әсел Өмірсерік, талапкер:
– Жалпы, біз оқу жылының ортасына дейін емтиханның қалай болатындығын білмей, уақыт жоғалтып алдық. Неге дайындаламыз, қалай дайындаламыз, белгісіз болды. Ресми ақпарат жарияланғаннан кейін, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Маған ұнаған тұсы – емтихан жүйесінің екі бөліктен тұратындығы. Бұрын ҰБТ-ға жаттанды жауаптарды санаға тоқып, дайындалуға дағдыланған балалардың сол жинаған ақпараты мен білімі тест тапсырған күннің ертеңіне-ақ есінен шығатын. Қазір эссе жазу, ауызша емтихан тапсыру, логикалық сұрақтар барлығы жастарды тек тесттен сүрінбей өтсем болды деген мақсаттан алыстатып, тереңірек білуге, ізденуге баулиды деп ойлаймын. Сыни ойлауды дамытатын сұрақтар – тестілеудің екінші бір мықты қыры дер едім. Қазіргі заманда шетелдік университеттерге оқуға тапсырсаң да, не белгілі компанияға жұмысқа тұрғың келсе де, осындай сынақтардан өтесің. Тесттің мазмұны танымдық бола түскені де мені ерекше қуантты. Енді сұрақтарға дайындалу әрі қызық, әрі жалықтырмайтын болады.
Еркежан Жабагиева, мұғалім:
– Бұрынғы жүйеге әбден төселіп, емтихан тапсыруға жыл басынан психологиялық тұрғыда дайын болатын мектеп түлектерінің, биылғы жылы өздерін қандай «тосын сый» күтерін білмей, ұзақ уақыт емтихан тапсыру үлгісі жаңарады не өзгеріссіз қалады деген екі ойлы пікір жетегінде жүріп қалғаны дұрыс болмады деп есептеймін. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті саласының маманы болғандықтан, биылғы тестілеудің «оқу сауаттылығы» бөліміндегі ерекшеліктерге тоқталып өтейін. Біз мектеп бағдарламасында жылдар бойы сөз таптарын жіктеп, сөйлем мүшелерін тереңдете оқытып келдік. Оқу сауаттылығына арналған тест кітапшасында, оқушының сындарлы ойлауын дамыту үшін ұсынылған мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар берілген. Оқығанынан белгілі бір байлам жасап, өзгеріске ұшырап берілген сауалға дұрыс нұсқаны табу шынымен логикалық ойлау қабілетін дамытатын шығар. Дегенмен мені қынжылтқаны – сол мәтіндердің ішінен зат есімді тап, сын есімді көрсет деген сұрақтардың болмауы. Сонша жыл мектеп қабырғасында меңгергенін емтихан барысында пайдаланбаса, оқығаны бекер болады ғой. Шылау мен етістікті білудің өмірде қанша қажеті бар деп пікір білдірген адамдарды да кездестірдім. Бірақ азаматтың грамматикалық сауаттылығы – қай кезде де көзге түсетін басты дүние.
Қарым-қатынаста сөзді дұрыс құрастыра білу, сөйлемдерді байланыстыру, кез келген мекемеге өтініш не арыз жазғанда, ойын қағаз бетіне қатесіз түсіру – адамның біліктілігі мен мәдениетін танытады деп ойлаймын. Сондықтан оқыту сауаттылығына арналған сауалдарды әлі де жетілдіру, толықтыру артық болмас еді.
Нұргүл Лесбекқызы, ата-ана:
– Биыл баласы мектеп бітіріп, жаңа жүйенің сынағынан өткен ата-ана есебінде, ҰБТ-ның жаңа форматы оқушылар үшін әлдеқайда тиімді деп ойлаймын. Оның бір себебі, ҰБТ бұрынғыдай баланың мектептегі білімін қорытындылайтын әрі оқу орнына түсуге талабын сарапқа салатын ортақ жүйе болудан қалып, қазір 11 жылдық оқу үлгерімін жеке, маман атануға дайындығын бөлек дәлелдейді. Екінші бір атап өтетін жайт, бұрын оқушының еңбекпен жинаған 125 балынан оқуға түсердегі ұлттық конкурс кезінде орыс тілінің балы алынып тасталатын. Қазір жас түлек ҰБТ-да қоржынына қанша балл жинаса, соның барлығы білім грантын иеленуде басымдық бола алады.
Аяулым Алмабекқызы, талапкер:
– ҰБТ-ның жаңа үлгісі өзім үшін қиынға соқты. Бәрінің бойы үйренген бұрынғы жүйемен салыстырғанда, сұрақтары күрделі көрінді. Жыл бойы дайындалған еңбегім ақталып, 140 балдың 111-ін еншіледім. Маған бір ұнағаны, таңдау пәнінің бір емес, екі бейінді сабақты қамтып отырғаны. Мәселен, мен медицина саласын таңдап, өмірлік мамандығымды дәрігер кәсібімен байланыстырғым келеді. Бұрын бұл салаға баратындар биология пәнінен сынақ тапсыратын. Қазіргі жүйе мектеп түлегінен биологиямен қатар, химия пәнінен жинаған білімін де ортаға салуды талап етеді. Еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарында білім алатын студенттердің көбі 11-сыныпта, жыл бойы биологиядан білімін пысықтаймын деп, химиясын ақсатып алғандықтан, 1-курста осы сабақтың есептерін шешу ауыр болды деп жүретіндерін жиі естуші едім. Биылғы форматқа сәйкес, мектеп түлегінің өз мамандығына сабақтас екі бірдей пәннен дайындалатыны және оны кейін оқу орнында керегіне жарататыны жақсы сияқты.
Динара ТІЛЕУБЕК