» » ЖАҢАРҒАН ҰБТ: АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ ҚАНДАЙ?

ЖАҢАРҒАН ҰБТ: АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ ҚАНДАЙ?

 Мектеп бітіріп, әртүрлі мамандықтың тізгінін ұстайтын, кәсіп иесі атануға асығатын жастардың 11 жылдық білімін сарапқа салып, үлкен өмірге жасалатын қадамның алдында көңілге тоқығанын бір пысықтайтын Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы туралы аз айтылып, кем жазылған жоқ. Біреулер ауыз толтырып, артықшылығын айтты, екінші бір топ өткенмен салыстырып, кемшілігін жіпке тізді. Пікірлер әр алуан болғанымен, демократиялық қоғамда олардың әрқайсысына да орын бар. Бүгін «Айқынның» пікір алаңына білім саласындағы көпті толғандыратын маңызды сынақ туралы ойын ортаға салуға ата-аналар мен мұғалімдерді, мемлекеттік орган қызметкерлері мен оқушыларды шақырып, пікір таразысына салып көріп едік. 


 Дерек пен дәйек
Ұлттық тестілеу орталығының ұсынған ақпаратына сәйкес, биыл ҰБТ еліміздің 165 тестілеу пунктінде өткізіліп, 88 мың оқушы жаңа жүйе бойынша емтихан тапсырған. ҰБТ-ның республика көлеміндегі нәтижелеріне сәйкес, бес пән бойынша орташа балл (мүмкін болған 140 балдан) 80,5 % құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш (мүмкін болған 125 балдан) 81 % болған. Шектік деңгейден (50 балл) өткен түлектер саны – 74 517 (84,1%), оның ішінде 60-65 балл: 5935 (7,9%), 66-119 балл: 52 717 (70,7%),
120 – 139 балл – 5 064 (6,8%) оқушы жинаған. Шектік деңгейден төмен балл алған мектеп түлектерінің саны – 14 066 (15,8%).

ҰБТ-ның жаңа үлгісінің сипаттамасы
ҰБТ-ның жаңа форматы 5 пән бойынша өткізілді (3 міндетті пән және таңдаған
ма­мандыққа байланысты 2 бейінді пән):
1. Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
2. Математикалық сауаттылық – 20 тап­сырма;
3. Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма;
4. 2 бейінді пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұс­қасынан бір дұрысын таңдау және 10 тап­сырмасында бірнеше жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсы­нылды. Мысалы, берілген 8 жауап нұс­қа­сында 1, 2 немесе 3 дұрыс жауап болуы мүмкін. Мұндай тәсіл талапкердің нақ­ты тақырыпты қаншалықты меңгерген­дігін анықтауға мүм­кіндік береді және жауап­тарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады.
Барлығы – 120 тапсырма. Максималды балл – 140.

Тест сұрақтары қалай құрастырылған?
Қазақстан тарихы бойынша тапсыр­малар талапкердің пән бойынша оқу бағ­дарламасы және оқулық материалдарына сәйкес, алған білімдерін тексеруге; мате­матикалық сауат­тылық тапсырмалары талапкердің нысандар мен құбылыстарды талдауын, жіктеуін, салыс­тыруын, қоры­тын­дылауын бағалауға; оқу сауаттылы­ғының тапсырмалары берілген мәтінмен жұмыс жасай білу қабілеттерін, әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді талдауын саралауға; бейінді пәндер бойынша тест тапсырмалары талапкер­лердің таңдаған пәндерінен терең білімін, сонымен қатар кең ауқымдағы іскерлігі мен дағдысын анықтауға бағытталған.

Әсел Өмірсерік, талапкер:

 
– Жалпы, біз оқу жы­­лы­ның ортасына дейін ем­­тиханның қалай бола­тын­дығын біл­мей, уақыт жоғал­тып алдық. Неге дайын­­­­да­ламыз, қалай ­ дайын­даламыз, бел­гісіз болды. Ресми ақпарат жария­лан­ғаннан кейін, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Маған ұнаған тұсы – емтихан жүйесінің екі бөліктен тұра­тын­дығы. Бұрын ҰБТ-ға жаттанды жауап­тарды санаға тоқып, дайындалуға дағдыланған бала­лардың сол жинаған ақпараты мен білімі тест тапсырған күннің ертеңіне-ақ есінен шығатын. Қазір эссе жазу, ауызша емтихан тапсыру, логикалық сұрақтар барлығы жас­тарды тек тесттен сүрінбей өтсем болды деген мақсаттан алыстатып, тереңірек білуге, із­денуге бау­лиды деп ойлаймын. Сыни ойлауды дамытатын сұрақтар – тестілеудің екінші бір мықты қыры дер едім. Қазіргі заманда шетелдік уни­верситеттерге оқуға тап­сырсаң да, не белгілі компанияға жұ­мысқа тұрғың келсе де, осындай сынақ­тардан өтесің. Тесттің мазмұны танымдық бола түскені де мені ерекше қуантты. Енді сұрақ­тарға дайындалу әрі қызық, әрі жалықтырмайтын болады.

Еркежан Жабагиева, мұғалім:

 
– Бұрынғы жүйеге әбден төселіп, емтихан тапсыруға жыл басынан психо­логиялық тұрғыда дайын болатын мектеп тү­лектерінің, биылғы жы­лы өздерін қандай «тосын сый» күтерін білмей, ұзақ уақыт емтихан тапсыру үлгісі жаңарады не өзгеріссіз қалады деген екі ойлы пі­­кір жетегінде жүріп қал­­ғаны дұрыс болмады деп есептеймін. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті сала­­сы­ның маманы бол­ған­дықтан, биылғы тес­ті­­леудің «оқу сауат­тылы­ғы» бөліміндегі ерекшеліктерге тоқталып өтейін. Біз мектеп бағдарламасында жылдар бойы сөз тап­тарын жіктеп, сөйлем мүше­лерін тереңдете оқытып келдік. Оқу сауат­тылығына арналған тест кітапшасында, оқушының сындарлы ойлауын дамыту үшін ұсынылған мәтіннің мазмұны бойынша сұрақтар берілген. Оқығанынан белгілі бір байлам жасап, өзгеріске ұшырап берілген сауалға дұрыс нұсқаны табу шынымен логикалық ойлау қабілетін да­мы­татын шығар. Де­генмен мені қынжылт­қаны – сол мәтіндердің ішінен зат есімді тап, сын есімді көрсет деген сұрақ­тардың болмауы. Сонша жыл мектеп қабырғасында меңгергенін емтихан барысында пайдалан­баса, оқығаны бекер болады ғой. Шылау мен етістікті білудің өмірде қанша қажеті бар деп пікір білдірген адамдарды да кез­дестірдім. Бірақ азаматтың грамматикалық сауаттылығы – қай кезде де көзге түсетін басты дүние.
Қа­рым-қаты­наста сөзді дұрыс құрастыра білу, сөй­лем­дерді байланыстыру, кез келген мекемеге өтініш не арыз жаз­ғанда, ойын қағаз бетіне қатесіз түсіру – адамның білік­тілігі мен мәдениетін та­нытады деп ой­лаймын. Сондықтан оқыту сауаттылығына арналған сауалдарды әлі де жетілдіру, толықтыру артық болмас еді.

Нұргүл Лесбекқызы, ата-ана:

 
– Биыл баласы мек­теп бітіріп, жаңа жүйенің сынағынан өткен ата-ана есебінде, ҰБТ-ның жаңа форматы оқушылар үшін әлде­қайда тиімді деп ойлай­мын. Оның бір себебі, ҰБТ бұрынғыдай бала­ның мек­тептегі білімін қорытын­дылайтын әрі оқу орнына түсуге тала­бын сарапқа салатын ортақ жүйе болудан қа­лып, қазір 11 жылдық оқу үлгерімін жеке, маман атануға дайындығын бөлек дәлелдейді. Екінші бір атап өтетін жайт, бұрын оқушының еңбекпен жинаған 125 балынан оқуға түсердегі ұлттық конкурс кезінде орыс тілінің балы алынып таста­латын. Қазір жас түлек ҰБТ-да қоржынына қанша балл жинаса, соның барлығы білім грантын иеленуде басымдық бола алады.

Аяулым Алмабекқызы, талапкер:

 


– ҰБТ-ның жаңа үл­гісі өзім үшін қиын­ға соқ­ты. Бәрінің бойы үй­рен­ген бұрынғы жүйе­мен салыстырғанда, сұ­рақтары күрделі көрінді. Жыл бойы дайындалған еңбегім ақталып, 140 балдың 111-ін ен­шіледім. Маған бір ұнағаны, таңдау пәнінің бір емес, екі бейінді сабақты қамтып отырғаны. Мәселен, мен медицина саласын таңдап, өмірлік мамандығымды дәрігер кәсі­б­імен байланыс­тырғым келеді. Бұрын бұл салаға баратындар биология пәнінен сынақ тапсыратын. Қазіргі жүйе мектеп түлегінен биологиямен қатар, химия пәнінен жи­наған білімін де ортаға салуды талап етеді. Еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарында білім алатын студент­тердің көбі 11-сыныпта, жыл бойы биологиядан білімін пысықтаймын деп, химиясын ақсатып алғандықтан, 1-курста осы сабақтың есептерін шешу ауыр болды деп жүретіндерін жиі естуші едім. Биылғы фор­мат­қа сәйкес, мектеп түлегінің өз мамандығына сабақтас екі бірдей пәннен дайындалатыны және оны кейін оқу орнында керегіне жарататыны жақсы сияқты.

Динара ТІЛЕУБЕК

04 тамыз 2017 г. 5 689 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 008 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 801 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930