Қазіргі қазақ тіліндегі көне түркі сөздерінің көрініс табуы
Адамзат баласы жаратылысынан бері негізгі қарым-қатынас құралы деп тілді айтамыз. Алғашқы адамдардың ым-белгілері, кейін өркениетпен қоса тіл дамып, географиялық орта, саяси тап сияқты бөліну арқылы тілдерді қалыптастырады. Тіл - ол тірі организм іспеттес, жаңадан туып, дамып, кейін өліп отырады, жер бетінен жойылып отырады. Дәлел ретінде тарих сақынасынан ойып тұрып орын алатын кешегі латын тілін айтуға болады. Өлген тіл қатарына саналғанымен, латын тілінің тармағынан бөлініп шыққан тілдер қазір еуропа тілдерінің бүгінгі көрінісі.
Ал бүгінгі түркі тілдес халықтары, оның ішіндегі қазақ тілінің даму тарихы, ұялас тілдердің дамуы, салыстырмалы, салғастырмалы лингвистика мен түркология саласында актуалды проблемалардың бірі болып саналады.
Әлем тілдерінің әзірге белгілі үш туыс тобы бар. Олар – үнді-еуропа; тай-қытай және орал-алтай тілдері. Оларды топтастырудың жіктелім белгілері ретінде кейде сөз просодикасын, кейде морфологиялық құрылым желісін алып отырады. Сөз просодикасын алатын болса, онда екпін, буын және сингармонизмге сүйенеді, морфологиялық құрылымына қарайтын болса, онда қопарылмалы (флектив), жадағай (изолятив) және жалғамалы (агглютинатив) сипатына сүйенеді [1, 74 б.]. осы заңдылықтарды ескере отыра, қазақ тілінің даму сатысы, көне түркі сөздерінің көрініс табуы жайлы тұжырым қозғаймыз.
Әуелі қазіргі қазақ тілінің бастауы болатын түркі тілдерінің лексикалық құрамына аз-кем тоқтала кетейік. Көне түркі тілдерінің лексикалық және фонетикалық құрылымы туралы мәліметтерді YI-YIII ғасырда жазылған көне түркі ескерткіштерінен табамыз. Осы заманға жеткен ең көне жазба ескерткіштер түркі сөздерінің не біркелкі жуан, не біркелкі жіңішке болып келетінін, әрі түбір сөздер бір буынды болғанын, жаңа сөздердің осы түбірлерге әртүрлі жұрнақтардың үндесе жалғануы арқылы жасалғанын көрсетіп берді. Онымен қоса осы ескерткіштерден бірігу және қосарлану арқылы жасалған сөздерді де кездестіреміз. Әрине, ол кездегі түркі тілдерінің лексикалық қорын қазіргі заманмен салыстыруға болмайды. Мысалы, «тон» сөзі ол кезде жалпы киім атауын білдірген. Ескерткіштегі «Ічіре ашсыз, ташра тонсыз» [2, 147 б.] сөз тіркесі «ішетін тамағы, киетін киімі жоқ» деген мағына береді. «Тон» сөзінің киім деген мағынада бертінге дейін қолданылғанын қазақ тіліндегі «Ас – аттынікі, той — тондынікі», «Көрген жерде тон сыйлы, көрмеген жерде бой сыйлы», «Тонның ішкі бауындай» сияқты мақал-мәтелер, тұрақты сөз тіркестері дәлелдеп тұр. Қазір тілімізде қолданылып жүрген «сырт киім», «іш киім» сөздері ертеректе «сырт тон», «іш тон» болып қолданылған.
Демек бұл жерде қазақ тілі Алтай семьясының, түркі тілдер тобына жататынын көрдік. Алайда көне түркі сөздері тек қана қазақ тілінде емес, басқа да бауырлас ұлттар тілінде молынан кездеседі. Тек фонемалық өзгеріске ұшырап, қолданылу аясы өзгерген. Мысалы «Керуен» сөзі қазақ тілінде саудагерлердің көші сияқты мағына берсе, башқұрт тілінде «һәреуән» деген фонемалық өзгеріске ұшырап, «сауда орталығы» деген мағына беріп, лексикалық жағынан да өзгеріске ұшырағанын байқаймыз. Алайда, екі тілде екі түрлі мағына бергенімен, этимологиясы «сауда» деген сөзге саяды [3, 65 б.]. Сонымен қатар, көне түркі сөздері қазақ тілінде өз көрінісін тауып, орыс тілінде де мағынасын жоғалтпай қолданысқа енген. Мәселен қазіргі қазақ тіліндегі «алма» сөзі көне түркі тілінен аударғанда «қызыл ма?» деген мағына береді. Демек «ал» деген сөз қызыл деген мағынада. Оған дәлел қазақ тілінде кездесетін «алқызыл» сөзі. Бұл сөз орыс тілінде де өзіндік көрінісін таба білген. «Ал» сөзі «алый» яғни «алқызыл» деген мағынаны берсе керек. Бұл тұрғыдан көптеген ғалымдардың тұжырымы таласқа туады. Алдымен осы алтай семьясын кешенді зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйенер болсақ.
Алтай тілдерінің туыстығы туралы пікірді жинақтап, екі топқа бөлуге болады. Бір топ ғалымдар Г.И Рамстедтің пікіріне қосылып, алтай тобына енетін тілдердің (түркі-моңғол, тұнгұс-мәншіжүр, кәріс-жапон) қандық туыстығын мойындайды. Олар (В.В Владимиров, Е.Д. Поливанов, Н.Н.Поппе, Н.А.Баскаков, О.П.Суник, І.Кеңесбаев, Ш.Ш. Сарыбаев, т.б.) алтай тілдері бір негізден тараған, сондықтанда ортақ негізді мойындауға олар мүмкіндік береді десе, екінші бір топ ғалымдар В.А Котвичтің пікіріне сүйеніп, о баста өзара көрші орналасқан тілдер генеологиялық жағынан туыстығы болмаса да, талай ғасыр бойы араласу негізінде жаңа қасиетке ие болған дейді. Сондықтан да олар (Л.Лигети,Г.Д.Санжиев, Т.А. Бертагаев, т.б.) алтай тілдеріндегі ұқсастық туыстық қандақ негізінде қалыптасқан деп тұжырымдайды. Дегенмен де түркі және моңғол тілдерінде кездесетін жүздеген, мыңдаған ортақ қасиеттердің бәрін де кірме материалдар деп қарауға болмайтын сияқты. Біріншіден, мұндай ортақ қасиеттердің саны өте көп. Екіншіден, ортақ элементтердің бәрі де белгілі бір (фонетикалық, грамматикалық) заңдылықтар бойынша қарастырылып отырады. Үшіншіден, ортақ ұқсастықтар тілдің барлық деңгейінде, әсіресе негізгі түбір құрамында көптеп кездеседі. Егер оған диалектілердегі ұқсас белгілерді қоссақ, ортақ дүниенің едәуір көбейетіндігіне күмән жоқ.
Сонда да алтай тілдерінің туыстығы туралы пікір бір түйінге келген жоқ, әлі де болса дау туғызатын, зерттей түсуді қажет ететін мәселелер аз емес. Ал түркі тілдері мен моңғол тілдерінің туыстығы туралы мәселе дәлелденген деуге болады. Тұңғұс-мәншіжүр тілдерінің түркі тілдерімен туыстығын әлі де болса дәлелдеуді қажет ететін жәйттері молдау. Кәріс жапон тілдерін алтай тілдерін құрамына қосу мәселесі әлі шешілмеген [4, 201 б.].
Алтай тілдерінің туыстығын дәлелдейтін фактілерді ғалымдар лексикадан, фонетика мен грамматика саласынан да көптеп келтіріп жүр. Салыстырмалы-тарихи зерттеудің тиімді жері осы орайда жақсы байқалады.
Лексикалық ұқсастық. Лексика - тілдің өзгеріске ең бейім саласы. Сондықтан тіл мен тіл арасында лексикалық ауыс-түйістер басқа элементтерге қарағанда көбірек кездеседі, осы қасиетіне байланысты қандық туыстықты анықтауда лексикалық сәйкестік қажетті бір көрсеткіш болса да, шешуші түйін болып саналмайды. Егер кез-келген тілдің сөздік құрамына көз салып қарайтын болсақ, олардың барлық саласы бірдей өзгеріске түсіп, ауыса бермейді екен. Олардың ішінде тұрақтылары да, өзгергіштері де кездеседі. Сондай біршама тұрақты лексика-тақырыптық топқа- туысқандық атаулары, дене мүше атаулары, күнделікті тіршілікке байланысты тұрмыстық атаулар т.б. жатады. Ал, етістік болса, зат есімдерге қарағанда әлдеқайда тұрақты, тіпті, ол- бір тілден екінші тілге мүлдем ауыспайтын категория. Сондықтан да түркі-моңғол тілдеріндегі туыстықты, ортақтықты, параллелдікті анықтау үшін ғалымдар, әдетте, төмендегі лексика-тақырыптық топтарды көбірек салыстыра зерттейді.
Туыстық атаулар. Туысқандық атаулардың өздері де семантикасына қарай: а) қандақ туысқандық және б) некемен байланысты туысқандақ болып екіге бөлінеді екен.
Қандық туысқандыққа: ата, апа, әке, іні, аға, қарындас, сіңлі, бөле, ұл, қыз, т.б жатады. Моңғол тілінде ав сөзі «әке» мағынасында қолданылады. Көне жазба моңғол тілінде бұл сөздің ава түрі де кездеседі. Аба сөзі хакас, қырғыз, алтай, татар, башқұрт, түрікмен тілдерінде де бар. В.В. Радлов аба сөзінің «отец, предок, дядя со стороны отца, старший брат» [5, 620 б.] сияқты мағынасын көрсетеді. Сондай-ақ моңғол тілінде авака, түрікмен тіліндегі абга-жасы үлкен адамдарға байланысты айтылатын сөз. Ал, моңғол тіліндегі авгай - қыздардың жасы үлкен анасына байланысты қолданылатын сөз. Түрікмендердің сөйлеу тілінде аба «әке» мағынасын білдіреді. Көне түркі тілдерінде тиісті жазба ескерткіштерде аба//ава сөздері «предки, прородитель», сондай-ақ, «ата, апа» мағынасында қоланылған. Демек аба сөзі «арғы ата» мағынасынан «ата-ана» мағынасына ауысып, одан кей тілдерде жалпы жасы үлкен адамдарға байланысты қолданылатын болған. Қазіргі татар тіліндегі абзый қазақ тіліндегі абысын сөздерінің түбірі осы аба сөзімен байланысты болса керек [6, 75 б.].
Сондай-ақ көне түркі тілінің бүгінгі таңға дейін көп сөздері өз мағынасын жоғалтпай, жалғыз қазақ тілінде ғана емес, әлемс тілдерінде де көрініс табуы таң қаларлық дүние.
Мысалы, көне түркі тілінде «сөз» деген мағынаны беретін «сап» сөзі қазақ тіліндегі «сөз саптау» сөз тіркесінің құрамында сақталған, яғни «сөйлеу» деген мағынаны береді. Өлген адамның асы беріледі дегенді хабарлау мақсатында айтылатын «сауын айту» сөз тіркесі де «хабар айту, хабарлау» дегенді білдіретін, «сап» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі. Ал енді бір сөздер қоғамның дамуына байланысты үстеме мағынаға ие болып жатады. Мысалы, қазақ тілінде жолға бірге шыққан адамды «жолдас» дейді. Осы сөздің синонимі «серік» сөзі. «Серік» арабтың «ширк» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі. Ғылымының дамуына байланысты бұл сөз «жер серігі», «жердің жасанды серігі» сияқты сөз тіркесінің құрамында жаңа мағынаға ие болса, қазір «жолсерік» (проводник), «аспансерік» (стюардесса) сияқты терминдердің жасалуына да мұрындық болуда [4, 254 б.].
Қорыта келгенде, көне түркі тілі әлемдік тілдер аясында өзіндік орны болып, басқа көршілес тілдер тобында тілдік қатынастарға түсіп отырған. Әсіресе, көне түркі тілінің бүгінгі тікелей көрінісі қазақ тілінде орны орасан зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Жүнісбек Ә. / Қазақ фонетикасы// Алматы, «Арыс», 2009 ж.
- Айдаров Ғ./ Орхон ескерткіштерінің мәтіні// Алматы, «Ғылым», 1990 ж.
- Древнетюркский словарь / Редакторы: В.М. Наделяев, Д.М. Насилов, Э.Р. Тенишев, А.М. Щербак; Авторы-составители словарных статей: Т.А. Боровкова, Л.В. Дмитриева, А.А. Зырин, И.В. Кормушин, Н.И. Летягина, Л.Ю. Тугушева и др.; Институт языкознания АН СССР. — Л.: Наука. Ленингр. отд-ние, 1969 г.
- Т.Қ.Зайсанбаев./ Сөз сөзден шығады// Алматы, 2007 ж.
- В.В. Радлов / Опыт словаря тюркских наречий// 1893 ж.
- «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ж
Тусупова Назым Талгатовна
«Альтер» еркін даму мектебі
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Қарағанды қаласы